Туризм саласы тұралады
Непалда сәуір айында болған қатты жер сілкінісінен кейін елге келетін туристер саны күрт азайып кеткен. Непалдың туризм жөніндегі комитетінің дерегі бойынша, туристер саны 80 пайызға дейін азайған.
Тамыз айының 19 жұлдызына дейін Непалға келген шетелдік туристер бар болғаны 1 635 адам екен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл елге келген 8 854 шетелдік турист тіркелген еді. Қазір Непал үкіметі жер сілкінісінен бұзылған таудағы жолдар мен көпірлерді қалпына келтіруде. Елдегі туризм деңгейін көтеру мақсатында 2016 жылдың сәуірінде жер сілкінісінің 1 жылдығына байланысты ауқымды шаралар өткізілмек. Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың қазан айында Непалда туризмді дамытуға арналған апталық өтеді. Оған көптеген халықаралық туроператорлар шақырылған.
Еске сала кететін болсақ, биылғы жылдың 25 сәуірінде Непалда бірнеше қатты жер сілкінісі орын алған. Оның ішіндегі ең күштісі 7,9 балды құрады. Осы зілзала зардабынан 9 мың адам қаза тауып, 22 мың адам зардап шеккен. Зілзала елдің туристік нарығына үлкен кесірін тигізді. Қазір Непалда туризмді дамыту мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Атлант мұхиты арқылы Батысқа қарай кезекті Дэнни тропикалық дауылы жылжып келеді. Таяу уақытта бұл алапат дауыл АҚШ-тың жағалауларына жетеді.
Сарапшылардың пікірінше, Дэнни тропикалық дауылы құрлыққа жеткен кезде үлкен табиғи апатқа айналуы мүмкін. Қазір Дэннидің жылдамдығы сағатына 17 шақырымды құрайды. Бара-бара оның жылдамдығы сағатына 85 шақырымға жетуі мүмкін. АҚШ-тағы дауылдарды зерттеу жөніндегі ұлттық орталықтың хабарлауынша, Дэнни дауылы жақын күндерде екпінін күшейтіп, аптаның соңында, яғни демалыс күндері Америка жағалауларына жетеді. Жергілікті билік Дэнни дауылының алдын алу шараларын ойластыруда.
Еуропаны босқындар басып барады
Словакия үкіметі таяу уақытта Сириядан қашқан 200 ғана босқынды қабылдай алатындығын мәлімдеді. Үкімет сонымен бірге босқындардың бәрі христиан дінінде болуы керек деген шарт қойып отыр.
Бұл мәлімдемені Словакия үкіметі «бізде мешіт жоқ»
деген сылтаумен түсіндірмек болды.
Сарапшылардың айтуынша, Словакия үкіметінің бұл мәлімдемесі елге босқындарды кіргізбеу үшін жасалған сылтау дейді. Осыдан-ақ, бүгінде Еуропалық одақ елдері арасында босқындар мәселесінде үлкен келіспеушілік орын алғанын көруге болады. Босқындар мәселесінде Еуроодақ мемлекеттері арасындағы келіспеушілік күннен-күнге тереңдей түскеніне қарамастан, кәрі құрлыққа ағылған заңсыз мигранттар тасқыны толастар емес. Frontex агенттігінің дерегі бойынша, үстіміздегі жылдың тек шілде айында ғана Еуропалық одаққа келген заңсыз мигранттар саны 107 500 адамнан асқан. Бұл 2014 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда едәуір көп.
Шығыс Еуропа мемлекеттерінің арасында заңсыз мигранттар мәселесіне байланысты терең дағдарысқа ұшыраған Венгрия болып табылады. Бұл мемлекеттен үстіміздегі жылы ғана баспана сұраған босқындар өтініші 120 мыңнан асып кеткен. Венгрия Эгей теңізі арқылы Таяу Шығыстан Түркия және Грекия арқылы кәрі құрлыққа ағылған босқындардың орталығына айналды. Осы аптада Венгрия үкіметі Сербия мемлекетімен арадағы шекараға бірнеше мың полиция қызметкерлерін шығаратындығын, заңсыз шекарадан өткендерді жазаға тартатындығын мәлімдеді. Елдің заңы бойынша заңсыз шекараны бұзғандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Сонымен бірге, Еуропалық одақтың басқа мемлекеттерінен баспана сұраған босқындар саны күннен-күнге өсуде. Мәселен, үстіміздегі жылдың 3 айы ішінде 83 175 босқын Германиядан баспана алу туралы өтініш білдірген. Бұл жалпыеуропалық мигранттар санының 40 пайызын құрайды. Ал Польша, Чехия, Словакия, Румыния, Болгария және Балтық жағалауы мемлекеттерінен баспана сұрап өтініш берген босқындар саны 6 080 адам болды.
Биылғы жылдың мамыр айында Брюссель Италия және Греция мемлекеттерінің аумағында шоғырланған 40 мың заңсыз мигрантты Еуропалық одақ елдеріне квота арқылы бөлуді ұсынған болатын. Бұдан басқа Таяу Шығыстағы босқындар лагерьлерінде 20 мың адам Еуропаға өту кезегін күтіп жатыр. 200 сириялық христиандарды ғана қабылдайтындығын айтқан Словакия үкіметінің мәлімдемесі Еуропалық одақ шеңберінде Брюссель белгілеген босқындар квотасының жұмыс істемейтіндігін көрсетті. Өйткені, квота бойынша Словакия мемлекеті 1 100 босқынды қабылдауға тиіс болатын. Бұл мәселе туралы Словакия премьер-министрі Роберт Фико «Менде бір ғана сұрақ бар: Ливияны кім бомбалады? Солтүстік Африкада бұл проблеманы тудырған кім? Словакия ма? Жоқ!», деп жауап берді.
Польша премьер-министрі Эва Копач өзінің елі 2000 босқын қабылдай алатындығын айтты. Бұл Еуропалық одақ белгілеген квотадан 1 600 адамға кем. Осыған байланысты, саясаткерлер елдеріндегі қоғамдық пікірді алға тартады. Мәселен, маусым айында Польшада өткен сұрау салу барысында поляктардың 61 пайызы өз елдеріне босқындар әкелуге қарсылық білдірген. Словакияда өткен сұрау салу нәтижесінде ел тұрғындарының 70 пайызы Еуропалық одақтың белгілеген квотасы бойынша Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінен қашқан босқындарды қабылдауға қарсылық білдірген. Сол сияқты, Чехияда жүргізілген осындай сұрау салу барысында, халықтың 70 пайызы Сирия және Солтүстік Африка елдерінен қашқан заңсыз мигранттарды қабылдауға қарсылық білдіріпті.
Мазасыз мигранттар
Лондон мен Париж мигранттар мәселесінде нақты шешім қабылдамақ. Бұл туралы Ұлыбритания мен Франция ішкі істер министрлері келіссөздер жүргізуде.
Ұлыбритания мен Франция ішкі істер министрлері Кале қаласының түбіне орнығып, бірте-бірте Еуротуннель арқылы Англияға өтуге әрекеттеніп жүрген заңсыз мигранттардың мәселесі жөнінде ортақ келісімге келді. Бұл елдерде босқындар мәселесі жаздың басында-ақ ушығып кеткен болатын. Париж бен Лондон осы орайда қандай да бір нақты шешім қабылдау үшін үш айға жуық уақыт кетірді.
«Кейбір босқындар уақытша баспаналарда 6-8 айға дейін болады. Олар мұнда неғұрлым ұзақ болған сайын, проблемалар да соғұрлым көбейе түседі. Мәселен, жататын жай, тамақ, санитарлық жағдай сияқты мәселелерді шешу қиындық туғызады», – дейді «Мигранттар баспанасы» ұйымының негізін қалаушы Франсуа Геннок.
Франция мен Ұлыбритания ішкі істер министрлері Бернар Казнев пен Тереза Мэй Кале қаласында келісім жасасқан кезде мәселенің шешілуін қарастыратын «нақты шараларға» қол қойылуы керек деп күтілуде. Алайда, ол шаралар жөнінде не Париж, не Лондон әзірге ешқандай ақпарат таратпай отыр.
Ла-Манш жағалауындағы мыңдаған мигрант өздерін Ұлыбританияда Францияға қарағанда, жеңіл өмір күтіп тұр деп есептейді. Англияда жеке куәліктің бірыңғай нұсқасы қолданылмайды, сондықтан мигранттар онда ұзақ уақыт бойы құжатсыз да жүріп, заңсыз бизнеспен де айналыса алатын көрінеді.
Турфирмалардың көпшілігі банкрот
Грекияның туризм саласы биылғы жазда күрделі проблемаларға ұрынды. Туристер тасқыны белең алатын жаз айларында Грекияның паромдық тасымалы тоқтап қалды. Осының салдарынан мыңдаған туристер Эгей теңізіндегі аралдарға жете алмай қалды.
«Биылғы жылы елдегі дағдарыстың тым асқынып кетуіне байланысты біз жаз айларындағы демалыстан қол үздік. Теңізде туристер тасымалдайтын паромдар жұмысы да іркіліске ұшырады», дейді Грекия тұрғыны. Тәжірибелі капитан Яаннис Калаврос ұзақ жылдардан бері туристерді Эвбей аралына тасумен айналысатын еді. Алайда, биылғы жылы ол жұмысына қанағаттанбай отыр. «Осы уақытқа дейін біз тасыған жолаушылардың санын сараптайтын болсақ, біз бұрынғы жылдармен салыстырғанда, туристердің 40 пайызынан айырылып отырмыз», дейді тәжірибелі капитан.
Сарапшылардың айтуынша, Грекиядағы 4 мыңнан астам турфирманың көпшілігі 2015 жылдың жазынан кейін банкротқа ұшырайды. Себебі, олардың көпшілігінің туристерге тапсырысы 80 пайызға дейін төмендеп кеткен. «Біздің жағдайымыз биыл күрт төмендеп кетті, ел тұрғындарының көпшілігі дәстүрлі демалыстарынан бас тартты, себебі, ел экономикасын тұралатқан дағдарыс тұрғындардың табысын азайтты. Туристер қатары еселенетін жаз айларында біз жарты күшімізбен ғана жұмыс істеудеміз. Алдағы уақытта туристік мекемелердің қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болатын шығармыз», – дейді Грекия туроператорлары ассоциациясының өкілі Лиссандрос Цилидис.
Тұтынушылардың тосын мінезі
[caption id="attachment_73846" align="alignleft" width="376"]
131994978MN0001_blackfriday[/caption]
RT сарапшыларының хабарлауынша, АҚШ тұтынушылары арасында үлкен үрей белең алған. Тұрғындар дүкен сөрелеріндегі тауарларды сыпырып-сиырып сатып алуда.
Дуалы ауыз сарапшылардың пікірінше, тұтынушылардың мұндай мінез көрсетуінің басты себебі, елдегі экономистердің жиі-жиі айтатын болжамының салдарынан туындап отыр. 2008 жылғы әлемдік дағдарысты болжаған атақты америкалық қаржы сарапшысы, Trends Research зерттеу институтының негізін салушы Джеральд Селента экономикада орын алып отырған қазіргі жағдай дағдарыс емес, бұл Ұлы күйзеліс. Айырмашылығы енді бұл күйзеліс жаһандық ауқымда көрініс беруде, деп атап өтті.
Екінші бір танымал сарапшы Ларри Эдельсонның айтуынша, бұл «доллар көбігінің» жарылар уақытының жақындағанын көрсетеді. Оның пікірінше, биылғы жылдың қазан айында «доллар көбігі» жарылып, «АҚШ, Еуропа және Жапония тізерлеп қалады». Ал кейбір сарапшылар тұтынушылар арасындағы мұндай «белсенділікті» федералдық қор жүйесі ставканы көтеру қарсаңында әдейі жасап отыр, деген пікір айтады.
Жұмыссыздық белең алды
Бразилия экономикасы соңғы уақытта терең дағдарысты бастан кешіруде. Үстіміздегі жылдың соңғы тоқсанында ел экономикасының өсімі тұралап, инфляция 2004 жылдың І тоқсанында орын алған ең нашар деңгейге жетті.
Оның үстіне елдегі фискальдық тапшылық соңғы 10 жыл ішінде болмаған деңгейге жетіп отыр. Бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 7,9 пайызы деңгейіне жетті. Бұл соңғы 137 айдың ішіндегі ең нашар көрсеткіш. Елдегі экономикалық ахуалдың нашарлауы Президент Дильма Руссеффтің рейтингісінің күрт нашарлауына себеп болды. Қазір Руссефф 2003 жылдан 2010 жылдың аралығында Petrobras компаниясының төрағасы болып тұрған кезде сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген айыппен үлкен саяси науқан басталды.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей, экономиканың дағдарысқа ұшырауы елдегі жұмыссыздықтың белең алуына себеп болды. Елдегі жұмыссыздық деңгейі соңғы 5 жыл ішіндегі ең жоғары деңгейге көтерілді. Сарапшылардың есебінше, Бразилияда жұмыссыздық деңгейі 7 ай бойы өсумен келеді. Қазір жұмыссыздық деңгейі 7,5 пайызды құрап отыр.
Лоуренс гонорары – 52 млн. доллар
Forbes журналы ең жоғары табыс табатын әртістердің жыл сайынғы дәстүрлі есебін жариялады. Осы тізім бойынша бірінші орынға «Жарымаған ойындар» фильмінің жұлдызы Дженнифер Лоуренс шықты. Ол 2014 жылдың маусымы мен 2015 жылдың маусымы аралығында, салықтарды есептемегенде, 52 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс тапты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, әртістің табысы 20 миллион долларға артты. Бүгінде Дженнифер Лоуренс әлемдегі гонорары ең жоғары әртіске айналды. Бұдан бұрынғы, яғни 2014 жылғы тізімді бастаған Сандра Буллок бұл жолы тек 15-орынды иеленді. Оның табысы 51 миллион доллардан 8 миллион долларға дейін төмендеген. Биылғы табысы көп актрисалар тізімнің екінші орнын 35,5 миллион доллар табыс тапқан Скарлетт Йоханссон иеленді. Үшінші орын 23 миллион табыс тапқан Мелисса МакКартидің үлесіне, ал төртінші орын жыл ішінде 21 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан қытайлық киножұлдыз Бинбин Фанның үлесіне тиді. Егер жақында жарық көрген әйел актрисалар тізімін Forbes журналы бұдан бұрын жариялаған актерлер тізімімен салыстыратын болсақ, ерлер әйелдерге қарағанда мол табыс табады екен. Мәселен, ерлер арасындағы тізімді бастаған Роберт Дауни – кішінің табысы жыл ішінде 80 миллион АҚШ долларын құрапты. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

