05 Наурыз, 2015

Жеңіске жететініңізге сенеміз!

331 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
013 «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Президент Жарлығы шыққалы бүкіл елі­міз бөлекше бір өрлеу үстінде. Барша халық қазір­гідей күрделі кезеңнің ерекшелігін ескеруден, мем­лекеттің еңселі ертеңін қамдаудан туған бұл шешімнің әрі уақтылы, әрі ұтымды екенін ай­тып та, жазып та жатыр. Ел жұртшылығы, бір жағынан, Елбасымыздың Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының ұсынысын қолдаған тоқтамына қуануда, екінші жағынан, алдағы сайлауға халық бағына туған перзенттіңНұрсұлтан На­зарбаевтың түсуін қалаған көңілдерін ақ ті­лектер ағыны ретінде ақтарып салуда. Жан жү­регін жарып шыққан тілегін өлең өрнегімен өріп те, қара сөзбен теріп те жеткізушілер бар. Со­лардың бірібелгілі ақын Ауыт МҰҚИБЕК. Ол Президент Жарлығы баспасөзде жариялан­­ған кү­ні-ақ жүрегінен төгіліп түскен «Дана шешім» атты өлеңін «Егемен Қазақстанға» жолдап, ақын жыры сол күні шығып бара жатқан нөмірде (27 ақпан) жедеғабыл жарияланған болатын. Біз бүгін автордың Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған хатын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Бұл хатты Тәуелсіздік жылдарында Президент қамқорлығымен Отанына оралған жүздеген мың ағайындардың ғана емес, қазақ жеріне бет алған ұлы көштің ұлғая түсуін тосып, сәт сағатын күткен қандастарымыздың да ортақ ой-тілегі деп қарауға болады. Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! Қазақстан халқы Ассам­блеясы 2015 жылы кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс білдіргені баршаға белгілі. Сіз 26 сәуірде Президент сайлауын та­ғайындау туралы Жарлық шығар­ды­ңыз. Қазір бұл шешімі­ңіз­ді қоғамның әр саласы, зиялы қауым өкілдері: «Дұрыс жасал­ған таң­дау!» деп жоғары баға­лап, жарыса үн қосуда. Мұндай тарихи, саяси мәні зор мәселені, әрине, әркім өз көзқарасы, өз мүддесі тұрғысынан зерделейді. Біз секілді шеттен келген және келуге құлшынып отырған қандастарыңыз үшін де бұл таңдаудың орны тіпті бөлек. Қазақ көші, алыста жүрген ағайынды атажұрт Қазақстанға ша­қыру – тәуелсіздіктің таңы жаңа ат­қан сонау алғашқы жылдары-ақ Сіз қолға алған ұлы бастама. Міне, Қазақ елі тәуелсіздіктің 24-ші жылына аяқ басты. Біз Сіздің сол тәуелсіздікті жариялай салып, жарты ай өтпей жатып-ақ «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаң­датып келгенін мен жақсы бі­лемін. Туған жердің түтіні де ыс­тық дейді халқымыз. Қандас бауырларымыз­ды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ере­желерді басшылыққа ала оты­рып, Қазақстан Үкіметі «Бас­қа рес­пуб­­ликалардан және шетел­дерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адам­дарын Қазақстанда қоныс­тандыру тәртібі мен шарттары туралы» ар­найы қаулы қабылдады. Сон­дық­­тан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарыл­қасын!», – деп ағыңыздан жарылған ақ тілегіңізді өмір бойы аузымыздан тастамай, айтып келе­міз. Әр жазған мақаламызға тұздық етуден жаңылған кезіміз жоқ. Күн өткен сайын оның құны арта түскендей. Қазақ көшіне көлеңке түсе бастаса, бірден соны көтеріп шығамыз... Сіздің қамқорлығыңыз бен қа­жырлы еңбегіңіздің арқасында 2015 жылға дейін алыс-жақын шетелден елімізге 952 882 этностық қазақ оралыпты. Сол бір қауым ел бұл күнде жергілікті халықпен біте қайнасып, құда-жегжат болып, атажұртта жарқын, азат өмір сүруде. Дегенмен, 2013 жылғы төрт жыл­сыз азаматтық берілмейтін Заң­ның қабылдануы көңілімізге қаяу түсіріп, көш қарқынын тым баяулатып жіберді. Сіз осынау саяси мәселені бірден аңғарып, халқыңыздың бағына туған ұл екеніңізді тағы бір мәрте дәлел­дедіңіз. Асқан сұңғылалық көрсет­тіңіз! Туа бітті кемеңгерлік бол­мы­сыңызды әйгілеп, ұлылық таныт­­тыңыз! Араға алты ай салмай жатып, аталмыш заң жобасына өзгеріс енгізу туралы тапсырма бер­діңіз. «Қандастарымызға жол ашуы­мыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын!», – деп, бір-ақ кестіңіз! Солтүстікке орналасқан жеті облыс­қа келетін ағайындарға ерекше қам­қорлық жасау туралы шешім қабылдаттыңыз! Алыста жүрген қандастарыңызды атажұртына оралтуды армандап жүрген біз секілді інілеріңіз бұл ізгі ниетіңіз бен адал жүрегіңізге ақсарбас атап, Құдайдан Сіздің тілеуіңізді тіледік! Міне, сол тапсырмаңыздың арқасында, «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақ­стан Республикасы заңының жобасы қазір Мәжілісте талқылануда. Біз, үш азамат, қоғамдық ұйым есебінен, Мәжілісте құрылған жұмыс тобы­на шақырылып, өз тарапымыздан ұсыныстар беру мүмкіндігін алдық. Сөйтіп, жас мемлекетімізде Сіз қалыптастырған демократия мен парламентаризмнің игілігін көріп жатырмыз. Алдағы уақытта, осы Заңға сай, ҚР Үкіметі 2014 жылғы 19 ақпанда шығарған №111 қаулыдағы екі кедергі алынып тасталса, алыстан келетін ағайынға даңғыл жол ашылмақ. Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының 2002 жылы Түркістан қаласында өткен екінші құрылтайында Сіздің бір жарым сағат сөйлеген жан тебірентерлік сөзіңіз жазылған видеоны шаң басқан архивтен тауып, қайта-қайта жаңғыртуымыздың, ел есіне салуымыздың да басты себебі – сол Сізге деген тілеулестіктің белгісі. Көріп отырмыз, халықтың Сізге деген ықыласында, сенімінде шек жоқ. Шешендеріміз бұл жолы да Сізге тең келер, Сізбен орын таластырар ешкім жоқ деп жар салып жатыр. Солай! Шүбәміз жоқ! Тілім тасқа, Саясатшы, Көш­бас­шы ретіндегі Сіздің орныңыз­дың тым биікте, әлемдік деңгейде екені ядролық қарудан бас тар­тып, тәуелсіздігіміз бен тұрақты­лығымызға алпауыт бес мемлекеттің кепілдігін алуыңыздан-ақ мойын­далған. Одан бергі астананың Арқа төсіне көшірілуі, шыттай жаңа, әдемі қаланың бой көтеруі, шек­ара­мыздың толығымен әлемдік талапқа сай бекемделуі, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылып, ұлтаралық қатынастың сақталуы, Ұлы Жібек жолының қайта жаң­ғыртылып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» алып ма­гистралының салы­нуы деген­­­де­ріңіз, Құдай-ау, ғасырда ғана еңсері­летін шаруалар ғой! Сіз соның бәріне асқан жүректілікпен шешім қабыл­дадыңыз және абыроймен атқарып шықтыңыз! Ризамыз Сізге, Нұраға! Ал ТМД-дағы тыныштықты сақтау, Украинадағы шиеленісті шешу ісінде Сіздің рөліңіздің зор екеніне төрткүл дүниенің көзі әбден жетті. Тұлғалық болмысыңыз тіпті асқақтай түсті. Біз тек көзімізді тарс жұмып алып, бір Құдайға, сосын Өзіңізге сендік те отырдық. Міне, тағы Сізге бар үмітімізді артып, алдағы сайлауға түсуіңізді өтініп отырмын. Оған себеп, жо­ға­рыдағы еңсерілген ұлы еңбек­те­ріңізден тыс, басталған, бірақ әлі көмбесіне жетіп үлгермеген, уақыт күтіп тұрған жобаларыңыздың әлі де көп екендігі. Атап айтар болсақ, «Қазақстан халқының санын 2020 жылға қарай 20 миллионға жет­кіземіз!» деген керемет үндеуіңіз бар. Қазақ көші, міне, тіл-көзден айы­ғып, қайта жаңғыру алдында тұр. Сіздің тікелей бастамаңызбен құрылған Еуразиялық экономи­ка­лық одақ жұмысын жаңа бастады. Батыс салған санкциялардан бас көтере алмай қалған Ресейдің біздің экономикамызға әсері айқын көріне бастағанын айтып, оған төтеп беру жолдарын нұсқап жатырсыз. Сөз реті келгенде айта кетейін, ЕАЭО-ның ел айтып жүрген қауіп­ті­лігінен гөрі, Тәуелсіздігімізге төне­тін қауіп-қатерлерге төтеп беруге жол ашатын ұтымды тәсіл екеніне өз басым анық көз жеткіздім. Ендігі жерде ішкі қуатымызды күшейтудің кезек күттірмес шаруасы тұр. Халқыңыз Сіздің осы ұлы жос­парларыңызды ойдағыдай орындап шығуыңызға мүмкіндік беруде, Нұраға. Сонымен бірге, ЕАЭО-ға байланысты тығырықтан алып шығудың да нық сенімі тағы Сізге жүктеліп отыр. Оның ар жағында ЭКСПО-2017 және бар. Тәуелсіздіктің төл тумалары жетіліп келеді. Бұлар – бодандыққа санасы уланбаған, отаршылыққа жүрегі шайылмаған нағыз жаужү­ректер. Ең бастысы, тізгінін Сіз ұстап, өз қолыңызбен құрған жаңа, тәуелсіз Қазақстанның кеудесі асқақ, рухы биік, мұраты айқын ұл-қыздары. Олар жатқа жалтақтауды білмейді! Ғажабы – сол, Сіз жолға қойған «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің барлық елінен білім мен ғылымның нәрін жұтқан, тәжірибеден өткен ұрпақ. Одан да маңыздысы, олардың бойында Сізден дарыған отансүйгіштік пен қажырлы рух мол! Кезегі келгенде, мемлекеттік қызметтің қандайын болса да, шетінен дөңгелетіп әкетеді. Елдің есінде болса, қазақ­ты­ң көр­некті жазушысы Қаб­деш Жұ­маділов 1993 жылы жазған «Бо­лашақты болжағанда» атты мақа­­­ласында «Көне тарихқа көз жібер­сек, халқымыздың осындай дәуір­леген, басына бақ қонған кездері аз болмаған. Сондай жалаулы заман­дардан кейінгі ұрпаққа: «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жол» деген ескерткіштер қалып­ты. Сөз жоқ, біздің халқымыз қазір де сондай жаңғыру кезеңінде тұр. Егер Президент Назарбаев осындай қиын өткелден сүрінбей өтіп, «Қазақстан» атты кемені қақпа тастар­­­дың ешқай­сысына соқтырмай, аман алып шығар болса, ол таңдаған тәуелсіздік жолы да болашақта «Нұрсұл­тан салған нұрлы жол» аталарын­а күмән жоқ! Иләйім, солай болғай! «Ке­медегінің жаны бір» дегендей, сол жолдың нұрлы да баянды болуы­на азат­тық таңын қатар тұрып қарсы алған бәріміз де мүдделіміз», деген еді. Құдайға шүкір, Қазақстаныңызды бүгінге дейін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аман алып келдіңіз. Біз қазір сол «Нұрсұлтан салған нұрлы жолға» есен-сау іліндік. Алдағы күндерге апаратын жоба-жоспар тас-түйін жасаулы! Бізді әлі де біраз биік белеске Өзіңіз бастап баруыңыз керек! Мен саясаткер емеспін. Бұл – менің ақындық түйсікпен қабылдаған әсерім, ақжарма жүрекпен айтқан аппақ тілегім! Алыста жүрген ағайынның Сізге, Сіздің жүргізіп отырған дана сая­сатыңызға деген құрметі бөлек. Олар қандай қиын-қыстау жағдай­ды басынан өткеріп жүрсе де, Өзіңіз айтқандай, халқымыздың асыл қазынасы – төл мәдениетін жоғалтпауға, тілін, дінін сақтауға барын салып келеді. Құдайға тәубе, қазірге дейін өздері тұрған елдерде ұлтаралық қатынас пен қоғамдық тыныштықты қатаң сақтағандарының арқасында, Қазақстанның, оны басқарып отырған Сіздің беделіңізге зәредей нұқсан келтірген емес. Міне, Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады деген ақжолтай шешімді естіп, Қытай Халық Рес­пуб­ликасынан 2014 жылдың қыркүйе­гінде манағы Сіз қайта жаңғыртқан Ұлы Жібек жолын бойлап, Тараз қа­ласын бетке алып Мәдениет керуені жолға шығыпты. Керуенде 136 түйе, 10 ат арба, 25 автокөлік және жүзден аса керуенші бар көрінеді. 25 ақпан күні Алматыда «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігі арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2015 жылы кезектен тыс президент­тік сайлау өткізу туралы жаса­ған ұсынысын бір ауыздан қолдай­тындықтарын білдірді. Бүкіл оралман қауымның Сізге деген ықыласын, тілегін жеткізді. Бұл – атажұртқа ертерек келген қандас бауырларыңыз өздері құрған заңды ұйым. Бұл да болса, Сізге деген зор құрметтің, сағыныштың, сенімнің белгісі дер едім! Мен өзім де шеттен келген қандастарыңыздың өкілі ретінде де, ақын ретінде де, Қазақ көшінің жанашыры тұрғысынан да бұл ұсынысты қуана-қуана қостадым. Негізі, бұл ұсынысты Ассам­­б­лея­дан бұрын біз – шеттен келген қандастарыңыз жасайтын жөні­міз бар еді. Біздің Отанымызға оралуы­мызға сіңірген ұшан-теңіз еңбе­гіңізді бір ақтауымыз керек-ті. Амал не, Анатолий Афанасьевич Башмаков мырза алдымызды орап кетті. Мен, шынымды айтсам, кәдімгідей қызғанып қалдым Сізді, Нұраға! Кейде біреулер Қазақ көшіне кедергі жасап, Сіз бен біздің ара­­мызға от жаққысы келетін көрі­неді. Сенбеңіз! Әлемдегі қазақ­тың екі дүниедегі жалғыз Отаны – Қазақстан тұрса; Сіз бізге тең­десі жоқ қамқорлық жасап, шақы­рып жатсаңыз, мұнда келген ағайын­дарыңыздың қалай Сізге қарсы келуге дәті барады?! Құдай ұрмай ма төбемізден тарс еткізіп!!! Біз бостандықтың нарқын өте жақсы білеміз! Біз Сізбен мәңгі біргеміз, Нұрсұлтан Әбішұлы! Сайлауға кандидатураңызды ұсынған халық тілегіне келісім бе­ріңіз! Құдайға шүкір, алдағы уа­қытта қандастарыңыз Сізді қол­дайды. Шеттен келіп, Қазақ­­­стан азаматы атанған, он сегіз жасқа толған қанша қандасыңыз сайлауға қатынасса, соның 99,99 пайызының дауысы Сіздікі деп сене беріңіз! Мен қандас ағайындарды Сізге дауыс беруге үндеуге, жақсылықтың жаршысы болып, белсенді қызмет атқаруға қазірден бастап әзір екенімді білдіргім келеді! Әрі Сіздің жеңіске жететініңізге кәміл сенеміз! Алла Сізді Жамбыл атаңыздың жасына жеткізсін! Жаратқан Ием Сіз өз қолыңызбен негізін қалаған тәуелсіз Қазақ елінде әлемдегі бар қазақтың басын қосуға нәсіп етсін!!! Ізгі ниет, зор құрметпен, ақын Ауыт МҰҚИБЕК.