Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Ляньюньган қаласының (Цзянсу өлкесі) мэрі Чжао Сяоцзянмен кездесті, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
Кездесуде тараптар транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашағын, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын және Қытай тарапының «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыру мәселелерін, сондай-ақ, Ляньюньган теңіз портының мультимодалдық терминалының әрі қарай дамуын талқылады.
Алматы мен Ляньюньган арасында контейнерлік пойыздар аптасына бес рет қатынап, жылдық жүк айналымы 100 мың контейнерге жеткені атап өтілді. Биылғы жылы контейнерлік тасымалдарды 250 мыңға жеткізу жоспарланған. Ляньюньган порты Қытайдың орталық және батыс бөліктерімен байланыстыратын теңізге ең ыңғайлы әрі тез шығатын инфрақұрылымының арқасында, сондай-ақ, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін назарға ала отырып, порттың өткізу қабілетін арттыру және Ляньюньган қаласы Қазақстан – Қытай халықаралық логистикалық компаниясының қызметін кеңейту жоспарланған.
Тараптар мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға, екіжақты инвестициялардың көлемін арттыруға, сонымен бірге, Алматы – Ляньюньган бағыты және Қазақстан арқылы транзит бойынша Орталық Азия мен Еуропаның басқа мемлекеттеріне жүретін контейнерлік пойыздардың жүк тасымалын арттыру жөніндегі мақсаттарды іске асыру қажеттілігіне айрықша назар аударылды.
«Егемен-ақпарат».