22 Тамыз, 2015

Хандық биліктің соңғы ізі

608 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Логотип 550 жылқалған өңір тылсым сырға тұнып тұр «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік Ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы». Букей хан-uralsk.gov.kz Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында осылай деді. Яғни, өткенді ұмыт­пай, бүгінгіні бағалап, болашаққа нық сеніммен қарау керек. Әрқай­сысын байыппен саралап, түйін жасай білгеннің ұтылмасы хақ. Бодандықтың бұғауында жүр­­ген тұста өзгелердің тарихын тереңдеп оқысақ та, төл оқу­лықтарымыздың қылыштың қырындай болғаны да шындық. Туыс­тас тайпалардың басын қосып, болашақ қазақ мем­лекет­тілігінің негізін қалап кет­кен хандарымыздың да атын атай алмадық. Оған әре­кет­тенген зиялыларымыздың, ғалым­дарымыздың ізіне империя шам алып түсіп, қуғынға ұшыратты. Ел тәуелсіздігіне қол жеткелі бері тарихымыздың ақтаңдақ беттері қалыпқа келтіріліп келеді. Соның бірі – Қазақ хандығының 550 жыл­дығының аталып өтілуі. Оны тойлаудағы мақсат – ішіп-жеу емес, халқымыз бас­тап кешкен сол бір кезеңдерді қайта жаң­ғыртып, ұрпақтарға тә­лім ету, ынтымақ-бірлікті дәріп­теп, елдігімізді баршаға таны­ту, қазақстандықтардың патрио­тизмін нығайту және олар­дың рухани тұрғыдан өсіп-жетілуін қамтамасыз ету. Қазақстан Президенті мерейтойды қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайда артық шығынсыз, бірақ халық жадында қалатындай сапалы өткізуді тапсырды. Түркі халықтарының арғы бабалары сақтар мен ғұн­дар, қыпшақтар мен оғыздар Еуразияның байтақ даласында небір ұлы қағандықтар мен хандықтар құрып, елі мен жерін, тілі мен тарихын және салт-дәстүр мен ата заңын қалыптастырған. Ауыз әдебиеті мен жазу мәдениеті де дамыған. Жыр-дастандарда халықтың басынан кешкен оқиғалар көркем тілмен баяндалады. Мысалы: «Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны. Жайықты кеп алғаны, Жағаңа қолды салғаны», – деген жолдар көп нәрсені аңғарт­қандай. Сол Еділдің жағасына таяу жердегі Нарын құмы мен Бөкей даласын мекендеп отырған Бөкей ордасы деп аталатын аудан хандық биліктің соңғы ізі қалған жер. Жерұйықты іздеп жүрген Асан қайғы бабамыз қырдан шұңқыр қазып, қайта көмгенде, топырақ жетпей қалса, Нарында артық қалыпты. «Береке-байлық осында» деген екен сонда бабамыз. Бөлтек толы тал-шілік, мойылы мен жидесі, ашықтағы шұрайлы көкмайса шөбі, қазғанда жарты метрден шығатын мөлдір суы ғасырлар бойы қазақтарға жайлы қоныс болды. Оған қызыға қарап, көз алартқан өзге жұрт та аз емес-ті. Қолдан қолға өткен атамекенді Нұралы ханның ұлы Бөкей сұл­тан асқан дипломатиялық шебер­лікпен қайтарып, 1801 жылдың 11 наурызында орыс императоры І Павелден ресми рұқсат алады. Сол жылдың күзінде 5000 түтін, 22725 адам, 2 миллион малмен Жайық өзенінің ішкі (оң) жақ бетіне көшіп, қоныстанады. Патша үкіметінің 1806 жылғы 19 мамырдағы жарлығымен Еділ мен Жайық аралығына ор­наласқан Бөкей хандығына 6500 десятина жер бөлінеді. Ол солтүстігінде – Самар, шығы­сында – Орал губернияларымен, батысында – Астрахан губер­­ниясының Царев, Енетаев, Краснояр уездерімен, оңтүстігінде Каспий теңізімен шектескен. 1812 жылдың 1 мамырында Бөкей Александр І патшаның арнайы грамотасымен «Қырғыз-қайсақ Кіші ордасының» ханы болып тағайындалады. Оны ақ киізге отырғызып, хан көтеру рәсімі Орал қаласы маңындағы тоғайда өтеді де, ол жер кейін «Хан тоғайы» аталып кетеді. Орыс патшасының Бөкейге Еділге дейінгі ен далаға оралуға рұқсат беруі «бөлшекте де билей бер» саясатын ұстанғандық, сол арқылы қазақ сұлтандары арасына іріткі салу еді. «Польза ожидаемая от них та, что когда они с таким великом числом скота останутся, какой при них преж­де, то оной будет в России и не будут пользоваться им хивинцы и бухарцы, как до сего делалось, народ сей же когда обрусеет, то останется на таком точно основании, как и другой в Астраханской губернии азиатскии народ, кочевые калмыки, турхменские татары», – деп пайымдайды. Алайда, Бөкей сұлтан отарлаушылар ойлағандай көнбістік танытпайды. Ол кіші жүз қазақтарын Орал казак атамандары шабуылынан қорғау, күйзелген қазақтардың ата қоныста шаруашылық құрып, Еділ-Жайық аралығының заңды иесі атануы жолында еңбектенеді. Нәтижесінде «жүдеу, аздаған бас малмен көшіп барған қазақтарды» ақтылы қойы, мыңғырған түйесі, жылқысы бар ел қатарына жет­кізеді. Халқымен бірге көшпелі өмір кешіп, елінің еңсесін кө­тереді. Өмірден өткенше соңына ерген халықты қамқорлаудан жаңылмайды. Сондықтан да ол туралы ел арасында ешбір ғайбат сөз айтылған емес. Қайта «Өз заманының ағымын жақсы түсінген, көреген, сауатты адам. Жұртты сауаттандыруға, оты­рықшылыққа баулып, кейіннен дәстүрге енген көп бөл­мелі қа­рағай үйлер мен шикі тастан со­ғылған тас қыстаулар салдырды» деп баға берсе, белгілі орыс этнографы П.И.Небольсин: «Бөкей тапқырлығымен, зерек­тігімен және бұрын-соңды болып көрмеген ақылдылығымен ерекшеленетін», – депті. Бөкей хан 1815 жылы 21 мамырда Еділдің теңізге құяр сағасында, Жігіт мекенінің маңында қайтыс болып, денесі Астрахан губерниясының Бәйбек деген жеріне, өз өсиеті бойынша Сейіт баба қорымына жерленеді. Хан тағы мұрагерлік жолмен Жәңгірге (1801-1845) бе­рілгенімен, оның жастығына байланысты билік Бөкейдің інісі Шығай сұлтанға тапсырылады. 1823 жылға дейін Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйін­де тәрбиеленіп, еуропаша білім алған Жәңгірдің ел басқа­рудағы қызметіне берілген бағада қарама-қайшылықтар көп. Бірі оны қазақтың тұрмыс-тірші­лігін дамытуға сүбелі үлес қос­қан реформатор десе, «хан емессің, лаңсың, қара шұбар жы­лансың» деген ақын Махамбет Өте­місовтің ағымымен, үстем тапты ұнатпайтын кеңестік идео­логияның ықпалымен жа­ғымсыз бейнеде де көрсетеді. Қалай десек те, хан Жәңгірдің қазақ тарихында тұңғыш рет шешек ауруына қарсы егу ісін (1826 ж.) ұйымдастырып, Бөкей хандығының жағрафиялық картасын (1828 ж.) жасатқаны, сусыған құмды тоқтату үшін ағаш отырғызуды (1831 ж.) қолға алдыртқаны, үлкен сауда жәрмеңкесін (1832 ж.), мұ­сылмандар мешітін (1835 ж.) аштыр­ғаны, архив мекемесін (1838 ж.) қалыптастырғаны шын­дық. 1838 жылы алғашқы дәріхана өз жұмысын бастаса, 1840 жылы ветеринарлық пункт, пошта байланысы іске қосылып, мал тұқы­мын жандандыру, екпелер жүргізіп, зерттеу жасалыпты. 1841 жылдың 6 желтоқсанында Хан ордасында Жәңгір мектебі есігін айқара ашып, шәкірттерді қабылдайды. 1843 жылы ханға патшалық Ресей генерал-майор атағын берсе, 1844 жылдың 9 мамырында Қазан университеті Ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі болып сайланады. Оның бастаған ісі, өзі өлгеннен кейін де жалғасын тауып, 1852 жылы Ордада тұңғыш аурухана, 1862 жылы кітапхана ашылды. Хан жәрмеңкесіндегі сауда-саттықтың дамуына байланысты ақша капиталын реттейтін әрі сақтайтын орын «Казначейство» мекемесі 1867 жылы құрылып, банк қызметін атқарады. 1869 жылы өрт сөндірушілер командасы мен жылжымалы обоз жасақталады. 1870 жылы Ресейден ауа райын бақылайтын аспаптар әкелініп, метеорологиялық станса жұ­мыс жасайды. 1890 жылы Нарын орман шаруашылығы құры­лып, 1908 жылы Орда орман шаруашылығы мекемесі жанынан питомниктер жабдықталады. 1910 жылы орманшылар мектебі ашылады. 1908 жылы оба індетіне қарсы күрес стансасы, 1910 жы­лы оның жанынан лаборатория, пастерлеу стансасы ұйым­дастырылады. 1911 жылы қазақ баспасөзі қарлығаштарының бірі – «Қазақстан» газеті жарық көрсе, 1913 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Ордада сот дәрігері қызметі бекітіліпті. Тізе берсек, қазақ, Қазақстан тарихында тұңғыш рет деген атау­ды иемденген нәрселер бұл Ордада жетерлік. Еліміздің Қазақ­стан атануының өзі осында бірінші рет жарық көрген газеттен бастау алған. Сондықтан да бұл қасиетті мекенді көпшіліктің «тұңғыштардың Отаны» деп дәріптеулері заңды. Сауатты адам төңірегіндегі болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамайды. Өзінше пайымдап, қажетіне қарай пікір білдіреді, араласады. Көзі ашық бөкейліктер де қалың бұқараның мұңын жоқтаушы ретінде көріне білген большевиктер партиясын қолдап, кеңес өкіметінің Қазақстанда алғаш Ордада орнауына (1917 ж.) дәнекер болыпты. Бірінші үлгілі қазақ-кеңес атты әскер полкі де 1918 жылы осында жасақталып, тұңғыш комсомол ұйымы да (1918 ж.) осында құрылған, 1918 жылы тұңғыш кеңестік баспахана ашы­лып, онда «Дұрыстық жолы», «Киргизская правда», «Ұшқын», «Дала дабылы», «Қазақ жарлылары», «Кедей туы» сынды газет-журналдар басылған. Жәңгір хан көз жұмғаннан кейін патша үкіметі хандықты жойып, билік жүргізуді Уақытша кеңеске тапсырды. 1860 жылы Бөкей ордасы 7 әкімшілік бө­лікке (Тарғын, Қалмақ, На­рын, Қамыс-Самар,Талов, Бірін­ші, Екінші Теңіз жағалауы округ­теріне) бөлініп, әрқайсына әкім-правитель тағайындалды. 1920 жылы Бөкей губерниясы (орталығы – Орда) құрылғанда құрамына 8 (Қалмақ, Қамыс-Самар, Нарын, Бірінші Теңіз, Екін­ші Теңіз, Талов, Тарғын, Еділ-Каспий) уезд енеді. 1925 жылы бұл губерния Орал губерния­сына қосылады. 1928 жылы Бөкей уезі Орал облысының Орда ауданы болып өзгертіледі. Сөйтіп, Бөкейдің аты жойылады. Халқымызды өткенінен айы­рып, мәңгүрт жасау жолында кеңес өкіметінің жасаған жы­мысқы саясатының бірі – зиялыларын құртып, олардың ошақ­тарын әскери сынақ орта­лық­тарына айналдыру болған тәрізді. 1947 жылы Бөкей даласында да атом қаруын сынау бас­талады. 1952 жылы Орда ауданы таратылып, территориясының басым бөлігі «Азғыр», «Капустин-Яр» полигондарына беріледі. Он­дағы сынақтардан келген зар­­дап тұр­ғындар арасында әлі байқалуда. 1972 жылы қайта құрылған Орда ауданына 2001 жылы Бөкей ордасының 200 жылдығына орай, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Бөкей ордасы атауы қайтарылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  Хан ордасы ауылында екі рет болып, өлкеміздің атақты аза­маттарының есімін, тарихын сақ­тай білген жерлестерімізге зор риза­шылық білдірді. Бөкей ордасы тарихи мұражайы кітабына: «Өз жерінің, өз елінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген халық сана-сезімінің өсуіне себеп болмақ», деген сөздерді жазып қалдырды. Өткенімізді ой елегінен өт­кізіп, кейінгі ұрпаққа насихаттау жолында Бөкей ордасы тарихи мұражай кешені барынша жұмыстанып келеді. Сөз орайы келген соң айта кетелік, 1967 жылы қоғамдық негізде құрылған бұл мәдениет ошағының іргесін азамат соғысы ардагері, Ленин орденді ұстаз Ахметфайыз Тажит­динов қаласа, одан эстафетаны қабылдап алған Шарап Сиранов, Темірболат Махимов, ал қазір Ғайса Махимов бастаған ұжым парасаттылық пен байыптылық және кәсіби шеберлік танытуда. Жекешелендіру кезінде өзгенің меншігіне берілген тарихи ғимараттар сатып алынып, бұрынғы қалпына келтірілуде. Соның арқасында «Бөкей ордасында халыққа білім беру», «Тұңғыш қазақ кеңес баспаханасы», «Тәуелсіздік музейі» қатарға қосылды. Осы жұмыстарды алда да жалғастырып, кешен аймағын кеңейту, оны тарихи-мәдени қо­рыққа айналдыру болашақтың еншісінде. Өлкемізде туризмді дамыту үшін жол да, қыруар қаржы да қажет. Соңғы қазақ хандарының ізі қалған бұл аймақтан аты жал­пақ жұртқа мәлім тұлғалар да көп шыққан. Ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов, күй атасы Құрманғазы мен Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Қали, Тұяқберді, генералдар Ғұбайдолла Жәңгіров, Рамазан Құрманғалиев, Шәкір Жексенбаев, халық батыры Иса­тай Тайманов, оның серігі ақын Махамбет Өтемісов, мемлекет қайраткерлері Сейітқали Мең­дешев, Алма Оразбаева, Серік­қали Жақыпов, Бисен Жәнекешев, Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Темір Масин, Ахмедияр Құ­сайы­нов, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова, т.б Нарын топы­рағының түлектері. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні түгін тартса майы шыққан Нарын құмы аумағындағы экологиялық ахуал айтарлықтай мәз емес. Оның үстіне облыс орталығынан 600 шақырым шалғай жатқан шекаралық ауданбыз. Ресейдің Еділ бойы теміржолы аудан орта­лығын басып өткенімен, жолаушылар пойызының ешқай­сысы тоқтамайды. Бұл да жер­лестеріміздің орынды реніштерін туғызуда. Қатқыл табанды жол салынбағандықтан, Оралға бару жүргіншілер үшін азап. Соған қарамастан малымыз өсіп, шаруамыз жүріп жатыр. Ауданда 7 ауылдық округ, 22 елді мекен бар. Жалпы тұрғындар саны 16361 адам. Жеке және заңды тұлғалардың иелігінде 62594 бас ірі қара, 135492 бас қой мен ешкі, 19127 жылқы, 1190 түйе малы тіркеліп отыр. Жыл басынан бері 2932 тонна ет, 6948 тонна сүт өндірілді. Шаруа қожалықтарындағы мал басы тұрақты өсіп отыр. Өткен жыл соңында ауданда ірі қара малының аналығы 30 бастан асатын 215 шаруа қожалығы тіркелген болса, биыл олардың саны 234-ке жетті. Отардағы саулықтың саны 600-ден асатын 18, табындағы биенің саны 75 бастан жоғары 27 шаруа қожалығы бар. Сондай-ақ, 10 асыл тұқымды-жасақтаушы мал ша­руашылықтары тіркелген. Соның ішінде 1-і айыр өркешті бактриан түйесін өсіруші, 9-ы қазақтың ақ бас сиырын өсіретін шаруашылықтар. Аудандағы 837 шағын кә­сіпкерлік субъектілерінде 1486 адам жұмыс істейді. Бірінші жарты жылда кәсіпкерлік субъектілері 1 миллиард 520 миллион 80 мың теңгенің өнімдерін өндіріп, бюджетке 8 миллион 532 мың теңге салық төлемдерін түсірді. Биыл 5 шағын цех іске қосылып (наубайхана, дәнекерлеу цехы, 2 пластикалық терезе мен есік өндірісі және 1 керамзитблок өндірісі), 11 жұмыс орны ашылды. Шағын цехтардың өнім көлемі 29 миллион 734 мың теңгені құрап, өткенмен салыстырғанда 18,9%-ға артты. Аудан тұрғындары кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар ар­қылы тұ­рақты түрде несиелермен қам­тылуда. Ағымдағы жылы аудан­ға «Жұмыспен қамту» бағ­дарламасы арқылы 30 млн. тең­ге несие қаржысы бөлінді. Бұ­ған қоса аудан кәсіпкерлері осы бағдарлама бойынша өткен жылдары бөлініп, қайтарылған қаржы есебінен 19 миллион 650 мың теңге несие алды. Бұл қаржылар мал өсіру, тұрмыстық қызмет көрсету орындарын ашу және шағын өндіріс орындарын ұйымдастыруға бағытталуда. Аудандағы экономикалық белсенді тұрғындар саны – 9614 адам. Жұмыс іздеуші ретінде тіркелгендер – 481, жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрап, өткен жылғы деңгейінде сақталып отыр. Биыл 82 адам тұрақты жұ­мысқа орналастырылды, 51 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен, 219 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды. «Жұмыспен қамту-2020»  мемле­кеттік бағдар­ламасының аясында Қ.Сағыр­баев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, оның жұмыстарына Саралжын ауы­лының 15 тұрғыны тартылды. 5 жас маман «Жастар тәжі­рибесінен» өткізілді. Білім беру саласында 9 орта және 10 бастауыш мектеп, 1 кәсіптік колледж, 4 балабақша, 10 шағын, 4 мектептен тыс тәрбие орталықтары қызмет жасайды. Биылғы оқу жылында балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту көрсеткіші 77,5%-ды құрап, алдыңғы оқу жылы деңгейінен 2,3% жоғарылады. Осылайша, Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленер тұста халқымыздың соңғы хандарының бірі Жәңгірдің де ұмыт қалмауы, әкесі Бөкей негізін қалап, заманына сай Жәңгір ілгері дамытқан Ішкі Бөкей ордасының астанасы болған Хан ордасы ауылында дүбірлі той өткізу шарасы белгіленуі де бөкейліктер үшін үлкен мәртебе. Жұртшылық осы игілікті іске өз қолдау-көмектерін көрсетіп, белгіленген көпшілік мәдени шаралардың ойдағыдай өтуіне барынша атсалысып та жатыр. Нұрлан РАХЫМЖАНОВ, Бөкей ордасы  ауданының әкімі. Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы.