Лондон биржасында Brent маркалы мұнай бағасы 1 пайызға арзандап, барреліне 46,22 долларды құраса, ал америкалық WTI мұнайы 0,85 пайызға төмендеп, барреліне 40,97 долларға құлдырады. Мұндай сұрыпты отынға деген бағаның төмендеуі осымен екінші айға созылып келеді.
Мұнай бағасының мұншалықты төмендеуі 1986 жылдан бері байқалмаған-ды. Жыл басынан бері «қара алтынның» екі маркасы да 30 пайызға арзандаған. Бағаның бұлайша төмен сырғуы әлемде өндіру көлемінің артуымен, Ираннан санкцияның алынып тасталуымен және АҚШ-тағы мұнай қорының өсуімен байланыстырылып отыр.
Жағдай тағы да ушыға түсті
КХДР басшысы Ким Чен Ын егер Оңтүстік Корея тарапынан шекара бойындағы ашық үндеуге арналған дауыс зорайтқыштарды өшірмесе, онда шептегі әскери бөлімшелердің «шешімді әскери әрекетке көшуге» дайындалуы керектігі тұрғысында бұйрық бергендігі белгілі болды. Мұндай бұйрық екі ел арасындағы артиллериялық соққы алмасқаннан кейін орын алған.
Әзірге жапа шеккендер туралы нақты ақпарат жоқ. Оңтүстік Корея президенті Ұлттық қауіпсіздік кеңесін өткізіп, қазір ел армиясы жоғары деңгейлі әскери дайындық жағдайына келтіріліп отырған жайы бар. Реті келгенде ашық үндеуге арналған дауыс зорайтқыштарды іске қосу әскерилердің құзырына өткендігін айта кету керек. Оның үстіне АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларды өткізуі жағдайды ушықтыра түскен.
Билік партиясы отставкаға кетті
Грекия президенті оңшыл центристік «Жаңа демократия» партиясының лидері Вангелис Меймаракисиге жаңа үкімет құрамын жасақтауға ұсыныс жасамақшы. Бұл бұрынғы премьер-министр Алексис Ципрастың отставкаға кетуімен байланысты болып отыр. Ел конституциясы бойынша уақытша қызметтік үкіметті үш жоғары соттың бірі басқаруы тиіс.
Негізінен ел президенті парламенттік сайлау алдында парламент сеніміне ие болатын өзге партия көсемдеріне үкімет жасақтау туралы ұсыныс тастай алады. Бұл ретте биліктегі «СИРИЗА» партиясы ЕОБ, ХВҚ және Еурокомиссия тарапымен келісімге қол қойғаннан кейін оған елдің сенімі жоғала бастаған. Ал партия мүшелері қатаң үнемдеуге арналған «халыққа қарсы қарарға» қол қоюға наразы болған көрінеді.
Қысқа қайырып айтқанда:
- «Ислам мемлекеті» әскери жасағының қатарында ЖИТС-пен ауырып инфекция жұқтырудың 16 жағдайы анықталыпты. Ауру жұқтырғандардың бір бөлігі жергілікті ауруханаға жатқызылса, қалған содырларды топ басшылары өзін өзі өлтірушілер қатарына қосқаны мәлім болды. Олар басып алған аумақта көп әйел алу және сексуальдық құлдық деген ұғым сақталып келеді.
- Токиодан Парижге бет алған ұшақты Франция азаматының денсаулығы күрт нашарлауына байланысты ұшақ Шереметьев әуежайына келіп қонады. Дәрігерлер әлгі әйелдің өмірін сақтап алып қала алмады.
- Үндістандық әскерилер Dassault компаниясы шығарған француздық Rafale әуе ұшағын сатып алудан бас тартатындықтары белгілі болды. Оның басты себебі ретінде әуе ұшақтарының тым қымбаттығы аталуда. Енді үнділік әскерилер балама ретінде ресейлік Су-30МКИ шабуылдаушы ұшақтарын сатып алмақ ниетте екендіктерін білдірген.
- Словакия аспанында жолаушылар тасымалдайтын «L-410» атты екі ұшақтың соқтығысуынан жеті адам қаза тапты. Жерден 1,5 мың шақырым биіктікте соқтығысқан ұшақта 40 адам болуы керек екен. Оның барлығы да екі ұшақтың апатына дейін парашютпен секіріп үлгеріпті.
АҚШ қысым көрсетуге дайын
АҚШ президенті Барак Обама конгресс мүшелерін егер Тегеран атомдық бағдарлама туралы келісімді бұзған жағдайда, АҚШ экономикалық қысым көрсетуге, тіпті, әскери күшті қолдануға дайын екендігін жеткізіпті. The New York Times басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті бұл ескертулерді өзінің хаты арқылы жолдаған.
Осылайша, Обама Иран мен халықаралық арағайындық болып келе жатқан «алтылықтың» арасындағы келісімді қолдау үшін сенаторларды сендіруге күш салыпты. Бұл ретте ядролық бағдарламаға үстіміздегі жылдың 14 шілдесінде Венада қол қойылған-ды. Ондағы мақсат Ираннан санкциялар алынып тасталып, мұнайын әлемдік нарыққа шығару екендігі мәлім.
Германиядағы босқындар қақтығысы
Германияның орталық бөлігінде орналасқан босқындарға арналған лагерьде орын алған қақтығыстан 17 адам жапа шекті, олардың алтауы полиция қызметкерлері болып шықты. Зуль қаласында болған бұл қақтығыс бір ауғандықтың Құран парақшаларын жыртып, дәретханаға тастағанынан өрбіген.
Төбелесті тоқтатпақ болған полиция қызметкерлері де соққыға жығылған. Үш сағатқа созылған қақтығысты басу үшін өзге қалалардан да полиция жасақтары шақыртылыпты. Реті келгенде Германиядан саяси баспана алуға үміттілердің саны 800 мың адамнан асып отырғандығын айта кету керек.
Израиль тағы соққы жасады
Израильдің әуе күштері Сирия астанасы Дамаскіден 40 шақырым жердегі Кумейтра елді мекенінің инфрақұрылымы нысандарын бомбалаған. Оған сириялық аумақтан атылған зымырандардың себеп болғаны айтылады. Сонымен қатар, израильдік артилеррия сириялық әскер тарапына да оқ жаудырыпты.
Бұл соққыдан ешкім зардап шекпесе де, айтарлықтай материалдық шығын орын алған. Сирия аумағынан атылған зымырандарды еш тарап өз мойындарына алмағанымен, Израиль бұл соққылардың Сирия билігі үшін көпке түсетінін ескертіп отыр. Негізінен Дамаск пен Тель-Авив арасындағы жағдайдың ушығуы Голланд асуларын 1967 жылы алты күндік соғыста Израильдің тартып алғанынан бері жалғасып келеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.