Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
ЕЭК Кеңесі аясында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қатысушы-мемлекеттердің экономикалық интеграциясын дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды мәселелер талқыланды.
Отырыс барысында ЕАЭО және Иран Ислам Республикасы арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісім жасаудың қаншалықты пайдалы екендігі туралы мәселені жан-жақты зерттеу жөнінде зерттеу тобын құру туралы шешім қабылданды. Израильмен еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздерді бастау мүмкіндігі туралы мәселе де талқыланды. Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық комиссияға Корей Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың болашағын зерттеу мақсатында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу тапсырылды.
Әртүрлі елдермен ынтымақтастық байланысты кеңейту ЕАЭО мемлекеттерінің сыртқы сауда құрылымын әртараптандыруға және оның көлемін кеңейтуге үміт артуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, отырыс барысында Одаққа мүше мемлекеттер және ЕЭК арасында үшінші тараппен халықаралық сауда бойынша келіспеушілік мәселелері туған кезде өзара ынтымақтастық байланыс жасау мәселелері қаралды. Мұндай өзара ынтымақтастық байланыс сауда мәселесі бойынша дау-дамай болған кезде ЕАЭО мемлекеттерінің мүддесін қорғаудың тиімділігін арттырады.
Өнімнің қауіпсіздігі жөніндегі міндетті талаптарды белгілеуге қатысты бірыңғай көзқарас қалыптастыру үшін ЕАЭО техникалық регламентінің құрылымдық түрі және мазмұны бойынша ұсыныстар мақұлданды.
Сонымен бірге, ұлттық өндірушілер мен тұтынушылардың мүддесін қамтамасыз етуге байланысты жекелеген кедендік-тарифтік реттеу мәселелері қаралды. Жалпы алғанда, ЕЭК кеңесінің мәжілісіне қатысушылар Мәскеуде өткен кездесулер барысында Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері бойынша өзара тиімді шешімдер тапты.
«Егемен-ақпарат».