05 Наурыз, 2015

«Томирис» – Астана сахнасында

1084 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Оны Астананың М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арнап елордада тұңғыш рет сахналады. Қойылымның режиссері Гүлсина Мирғалиева, көркемдік жетекшісі Еркін Қасенов. Сценарийді режиссер Г.Мирғалиева Болат Жандарбековтің «Сақтар» романының желісінде «Томириссақ патшайымы» деген атаумен дайындаған екен. Көлемді романнан Томирис патшайымға қатысты оқиғаны сахнаға ықшамдап, дайындау оңай болмасы белгілі. Алайда, шығармашылық топ бұл істе толағай табысқа қол жеткізгені көрініп тұр. Өткен жұмада премьерасы болған қойылымды талғампаз көрермен жақсы қабылдады. ZHA_1555 (1) Сақ патшайымы Томиристің бастан кешкендері ежелгі қа­зақ даласының ұрпақтарға жет­кен айтулы оқиғаларының бірі. Сақтардың түркітілдес бол­ғандығын да ғылым бертін дәлел­деді. Демек, оларды басқа да қазір­гі Орталық Азия халықтары сияқты қазақтардың да арғы баба­мыз деп айтуға қақысы бар, өйткені жері бір, тілі бір, ділі де ұқсас және т.б. Есік қорға­нынан табылып, сақ ханзадасы деп танылған «Алтын адам» олардың үлкен өркениетке қол жеткізгенін, металл ғана емес, басқа да жер ресурстарын шынайы шеберлікпен игере алғанын көрсетті. Міне, сондықтан да сақ патшайымы Томиристің өміріне деген қызығушылық қазақ елінде көптен бері пайда болған. Екі бөлімнен тұратын қойы­лымның музыкасы басынан аяғына дейін домбыраның үні­мен алып жүрілгені сары дала­ның сайын жұртын, қазақы рухты, патриоттық сезімді жас ұрпақтың, әсіресе орыстілдес буынның санасына сіңіруде үлкен рөл атқарып тұр. Көріністер парсы патшасы Кирдің түсінен шошып оянуынан басталады. Маңындағы елдердің бәрін жаулап, еріккен, зеріккен, тіпті күшіне сеніп шалыға бастаған қанқұйлы патша ендігі кезекте кімді шапсам екен деп ойланып жүреді. Осындай кезде анасы түсіне кіріп, мұны қанішерсің деп айыптайды. Осы жердегі диалогтар оның санасын селк еткізіп, ендігі қантөгістерден бас тартқызса керек еді. Алайда, ол алған бетінен қайтпайды. Лидия патшалығын жаулап алып, оның патшасы Крезді өзіне ақылшы етеді. Енді Вавилонды шаппақ ойы бар, осы арада оған сақ батыры Рүстем (Д.Анников) шағын қолымен келіп қосылады. Өзіне шын берілгендігін сынау үшін Кир оны Вавилонды шапқан қолдың алдыңғы легіне шығарады. Рүстем үлкен ерлік көрсетіп, Кирдің көңілін табады. Патша оны да сарай маңындағы қызметінің біріне қояды. Әйтсе де, Кирдің маңын­дағы кеңесшілердің жымысқы әрекеттерінен оның патшаға сенімді адамға айналуы қи­ын. Оның үстіне Кирді сақ даласын жаулап алуға шақырған үгіттердің іске асырылатынына көзі жеткен соң Рүстем аттың ба­сын туған еліне бұрып, өзінің Томи­рис патшайымын қорғауға аттанады. Режиссер Кирді зымиян, қан­ішер, аяр, сұм, сонымен бірге қолбасшы, үлкен дарын иесі етіп көрсетуді мақсат еткен сияқты. Бірақ оның рөлін ойнаған Роман Чехонадский адамның ми қабаттарының терең қыртыстарында жататын осынау қасиеттерді рөлді сомдау барысында толық ашты деп айта алмайсың. Алайда, оның сұрқиялық, алды-артын ойлап отыратын қу, кеңесшілерінің ақылымен санасатын тақыс қасиеттерін актер біршама көрсетіп баққан. Ал ащы ай­ғай, ақырумен аян беретін қор­қынышты елестер оқиғаның дра­малық сипатын біршама көтере түскен. Қазіргі драма қозғалыс, қимылдың шалттығын, көрермендерді терең ойлы сөздер­мен көп жалықтырмауды қажет етеді. Қойылымда осы талаптар да қатты ескеріліпті. Томирис патшайымның тағ­дыры оңай емес, ішкі-сыртқы тартыстар, ру басыларының, сарай маңындағы қызметшілердің оны тақтан тайдыруды аңсаған жымысқы әрекеттері жиі болып тұрады. Әкеден мұраға қалған патша болу құқы ғана емес, терең ақылы, биік парасаты, қитұрқы айласы, сонымен қатар жауынгерлік ерлігі де оның тақты бекем ұстауына қызмет етеді. Алайда, сұлу көркі дәмелі еркектердің көз құртына айналып, осы тұрғыдан да оны сүріндіру әдістері көп жасалады. Томирис өз қалауымен батыр жігіт Рүстемге тұрмысқа шығады. Екеуінің қосылуын символдық әдістермен көрсетуде режиссердің тапқырлық шебер­лігі табысты болған. Сонымен қатар, түркілердің тотемі – көк бөрі еле­сінің олардың некесін қолдауы, ауаға, отқа, суға тапсыруы сияқты көріністер Томирис оқиғасын қазақ тарихына жақындата түседі. Айта кетерлігі, мұндай талпыныстар дра­маның өне бойында орын алған. Томирис пен Рүстемнің араларынан Спаргапис есімді бала да дүниеге келеді. Алайда, сыпсыңдаған өсектер Томиристі Бахтияр деген жас жігітпен көңіл қосты деген өтірікті лаулатып, намысы қайнаған батыр жігіт шағын қолымен Кирдің еліне аттанып кетуі сол. Томиристің рөлін ойнаған Анастасия Воронцова көрер­мендерге біршама жақсы әсер қалдырды. Дегенмен, кейбір көріністерде оның жеңіл ойлы­лығы, тіпті жеңілтектігі де басым. Мәселен, Бахтиярдың кім екенін білмесе де өзіне өсекпен теліген жігітті Томирис таптырып алады. Осы әрекетті: «Бахтияр деген кім өзі, қайда, кәне, сен бе?!» деп залға айғайлаған Томи­ристің әрекеті осы сөзімізге дә­лел. Ақылды әйелдің ішкі тебі­ренісі, сүйгенінен айырылған жан күйзелісі бұлай берілмесе керек еді-ау дейсің кейде. Ал Бах­тиярды тапқанда оның сұлу­лығына ғашық болып, бірден құша­ғына құлағаны да Томирис обра­зының сапасын арттырмайды. Жас актриса Анастасия В­орон­цованың актерлік шебер­лігі де жетіңкіремей тұр ма деп қалдық. Драманың шарықтау ше­гін­де Томирис патшайым мен Кирдің соғысы көрінеді. Сах­­­­надағы соғысты жарқ-жұрқ еткен жарықтың арнаулы эффектісімен әрлендіріп, ай­ғай-ұйғай, шаң-шұң дыбыс­тар­мен қоюландыратын ежелгі әдістен режиссер бас тартып, өзгеше шешім жасапты. Жарық эффектісінің фонында айқасқан жауынгерлердің салбырап тұрған ұзын-ұзын арқандарды шабуы, ақырында оның бәрі қиылып, өлген жаулардың үйіліп жатқаны – арқанға түсіп, құл болмаймыз деген символикалық мәнді беріп тұр. Дүрілдеген осы сцена көрермендерді қатты тәнті етті. Әсіресе, жас көрермендердің патриоттық сезімі шарықтап, сақтардың жеңісіне қызып отыр­ды. Томирис Кирдің басын «іздегенің қан еді, енді қанып іш» деп қан толы шелекке батырды... Осы кульминациямен тоқ­тауға тиіс спектакль Томиристің патшадан гөрі аналық сезімін жоғары сатыға көтеріп, оның қаза болған баласын жоқтауы, сонымен бірге, соғысқа, қырғынға лағнет айтып, халықты бейбіт, мәңгі ел болуға шақырған үндеуімен сәтті аяқталды. Спектакльдің сахналық рек­ви­зиттері бай, барлық би қойылымдары, музыкасы сәтті шықты. Өздеріне жүктелген міндетті шебер сомдаған эпизод­тық рөлдердегі С.Матвеев, А.Лу­кашевич, Б.Кирибаев, С.Маш­таков және т.б. ойындары атап өтуге тұрарлық. Премьераны тамашалауға Парламент депутаттары, Ассам­блея мүшелері, дипмиссия өкіл­дері, ғалымдар мен студенттер, өнер адамдары, билік органдары мен БАҚ өкілдері, жалпы Астана жұртшылығының өнерсүйер қауымы қатысты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».