19 Мамыр, 2015

Оқушылар жобалары гранттарға ие болды

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда осы аптада «Экология бойынша балалар бизнес-жобалары» IX республикалық байқауының жеңімпаздары анықталып, экология мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы оқушылардың үздік жұмыстарының жәрмеңкелік көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстанда «Экология бойынша балалар бизнес-жобалары» атты республикалық байқау тоғыз жыл қатарынан өткізіліп келеді. Бұл байқауды «Жастар жетістіктері» қоғамдық қоры мен «Шеврон» компаниясы Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып ұйымдастырады. Осынау байқау – жас ұрпақтың назарын экология мәселелеріне және табиғат қорларын үнемді пайдалануға аударуды көздейді. «Шеврон» әлеуметтік тұр­ғыда жауапкершілігі жоғары транс­ұлттық компания болғандықтан, өз қызметінде табиғатты қорғауға бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Біз жастарға экологиялық білім беру мен олардың бойындағы өмірлік маңызды дағдыларын дамытуға көп назар аударамыз. Соңғы жиырма жыл ішінде экология саласындағы көптеген жобалар мен шығармашылық бастамаларға қолдау көрсеттік», дейді Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Еркін Зікібаев. Биылғы жылы 14 жеңімпаз, олардың ішінде, жеке қатысушылар мен мектеп ұжымдары, балалар үйлерінің тәрбиленушілері, еліміздің түрлі аймақтарындағы мүмкіндіктері шектеулі балалар, жалпы сомасы шамамен екі миллион теңгеге теңелетін гранттық қаржыландыруға ие болды. Со­нымен қатар, 10 жоба ұйым­дас­тырушылар тарапынан мақтау қағаздарымен марапатталады. Көктемде дәстүрге айналған биылғы байқауға шамамен 130 балалар жобасы қатысқан. Статистика бойынша, қолдау көрсетілген байқау шеңберінде бастапқыда қаржыландырылған жобалардың 35 пайызы өз жұмысын қаржыландыру аяқталғаннан кейін де жалғастыруда. Аталмыш байқаумен қатар, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Экологиялық-эко­номикалық білім беру және оқу­шыларды кәсіби бағдарлау бойынша оқу-әдістемелік құрал­да­рының ІІ республикалық сырттай байқауы да өткізілді. Себебі, шығармашылық бастаманы білікті ұстаздардың қолдауынсыз дамыту мүмкін емес. Жинақталған үздік қазақстандық педагогикалық тәжірибе жалпыланып, альманах ретінде баспадан шығарылып, содан кейін еліміздің барлық аймақтарына таратылмақ. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.