19 Мамыр, 2015

Ардагерлермен әсерлі әңгіме

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміз экономикасының тұтқасын ұстаушы жас мамандарды отансүйгіштікке, патриоттық рухта, жоғары азаматтық қасиеттерге тәрбиелеу мақсатындағы істерді дәйекті жүргізуімен танымал Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде тағылымды мәдени шара болды. «Ұлы Отан соғысы. ХХІ ғасыр жастары көзімен» атты тақырыпта өткен бұл V республикалық студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушыларға ұмытылмастай әсер етуімен есте қалды. Онда соғыс және тыл ардагерлері ел басына түскен сын кезеңдегі ерліктері мен ерен еңбектері туралы естеліктер айтып, сан алуан сұрақтарға қайтарылған жауаптар еркін әңгімеге жалғасты. «Біз жастарымыздың аға буынның қайсарлық пен жалынды жігерін қастер тұтуына сүйсінеміз. Бүгінде көркеюдегі елімізді одан әрі дамытуға деген ынта-ықыластарыңыз көңіл қуантады. Ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан үрдіс-үлгісі жарқырай беруін тілейміз», деді көмір өндірісінің ірі ұйымдастырушысы болған Николай Дридж ақсақал.

Бұдан соң секциялық мәжілістерде университет оқытушылары мен студенттері Жеңіске қарағандылықтардың қосқан үлестері жайлы тың деректерге негізделген баяндамаларын тыңдаушылар назарына ұсынды. Сондай-ақ, конференцияға қатысушылар жыл сайын өтетін дәстүрлі өнер байқауына шақырылып, бейбітшілік бесігінде тербелген білім мен өнердің қоса өрілуін тамашалады. Ардагерлер жастардың жан-жақты рухани өсуіне сүйсініс білдірді.

Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.