Әзіл-оспақ, сын-сықақ бұрышы
Бөлімді жазушы-сатирик Берік Садыр жүргізеді
Күллі әлемнің күлкісі
Герцог бір деревнядан өтіп бара жатып, бет әлпеті өзінен аумай қалған шаруаға:
– Айта қойшы, екеуміз өте ұқсас екенбіз, бір кездері осы жермен менің әкем өткен болуы керек ә?! – деп мысқылдайды. Сонда шаруа да сөзге қара жаяу емес екен:
– Жо-жоқ, герцог мырза, нақты дерек бойынша бір кездері осы жермен сіздің шешеңіз өткен, – депті.
***
Кеңес өкіметінің тұсындағы саяси бюро мүшесіне былай деп сұрақ қойыпты:
– «Агрессия» деген сөздің мән-мағынасын түсіндіріп беріңізші?
– Бұл деген – бір мемлекеттің келесі бір мемлекетке қарулы күшпен СССР-дің рұқсатынсыз басып кіруі...
***
Жүріп-тұрып, ойнап күлгендеріне бірнеше ай өткен соң қыз бала жігітіне еркелеп:
– Маубасым, мені туған-туыстарыңмен таныстырмайсың ба? – дегенде, жігіті желкесін қасып:
– Соны қайтерімді білмей басым қатты... Балаларым енемнің қолында, ал әйелім жақында ғана курортқа кетіп еді... – депті.
***
– Оқуға түссем бе екен, жоқ күйеуге шығайын ба?
Шешесі:
– Қайсысынан құлап қалмайсың, соны істе, балам.
***
– Қымбаттым, киім ілуші қызға сонша неге жомарттық көрсеттің?
– Жаным, бері қарашы, ол маған қандай тамаша пальто берді.
* Татар әзілдері
Қиын мәселе
Адамның маймылдан жаратылғаны туралы бір ғалым лекция оқыпты. Тыңдаушылар ғалымға сұрақ бере бастағанда, бір қарт адам:
– Мен, зоопаркте көз ашқалы келемін, міне тек күзетші болғанымның өзіне биыл табандатқан 40 жыл болды. Осынша уақыт ішінде біздегі маймылдардың бірде-біреуінен адам туған жоқ. Сіз айтқан маймылдан адам шыққанда, біздің маймылдың мұнысы қалай?! – деп таң-тамаша болыпты.
Жездеден қалған мұра
Жездесі өлген біреуден жолдастары:
– Жездеңнен қанша мұра қалды? – деп сұрайды.
– Төрт қыз қалды, – деп жауап беріпті балдызы.
Төсектегі төртеу
Қайын атасы күйеу баласынан:
– Қалай тұрып жатырсыңдар, балам? – деп сұрапты.
Күйеу баласы:
– Бір төсекте төртеу жатамыз, – деп жауап беріпті.
– Оларың қалай, жатар орындарың тар ма?
– Жатар орын жетеді, тек төсекте қызыңыз өлген күйеуін, мен өлген әйелімді ойлап жатамыз.
Таза ауаның пайдасы
Әкмал ақсақалдан:
– Жасыңыз алпыстан асса да өңіңіз әлі жап-жас, бұл неліктен? – деп сұрапты.
– Менің жап-жас болып жүргенім әйелімнің арқасы ғой, – депті Әкмал. – Оның өзі мінезі шайпау адам, ылғи ұрыс-жанжал шығарып, тегі үйден мені қуып шығады. Сөйтіп, өмірімнің көбі далада, таза ауада өтіп келеді. Жасыма қарамай жасарып жүргенім содан.
Көңілдегі « көріксіз» ойлар
Адамның дарынды-дарынсыз екенін де коммунистік партия анықтап отырған заманда өмір кешкендердің де арманы бар ма екен?!
***
Түрмені де ойлап тапқан – бостандық.
***
Социализмнің күнде алдымызға тартқан прогресінің арқасында болашағымызды болжай алмай қалдық. Бір «әттеген-ай» сол!
***
Аштық жариялау үшін де адам тоқ болуы керек екен. Себебі, дүкендерде азық-түлік азайып әрі қымбаттап еді, аштық жариялаушылар саны күрт төмендеді.
***
Коммунизм орнатамыз деп жетпіс жыл тыртаңдаған Кеңес Одағы халықтары қолдарынан коммунизм орнатудан басқаның бәрі келетінін дәлелдеуге атсалысу үстінде болды.
***
Заңды жетік білген – қылмыс та жасай біледі.
***
Қоғам екі иінінен демалып тұр, демі қашан бітері белгісіз.
***
Жетпіс жыл бойы дұшпандарды Америка Құрама Штаттарынан іздеп, әуре-сарсаңға түсіп жүрсек, олар өз ортамызда жүр екен.
***
Неше түрлі партия дүниеге келді. Мені таңдандыратыны әлі күнге дейін маскүнемдер партиясының ұйымдаспауы!
***
Тарихты қайта жазған адам – оны бүлдірмей қоймайды.
***
Тарихтың «ақтаңдағын» өшіремін деген адам – сол тұста қара бояуды молырақ жақпақ.
Сайымжан Еркебай.