19 Мамыр, 2015

Ынтымақтастық арта түспек

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Ауғанстан Ислам Республикасының тау-кен өнеркәсібі және мұнай министрі Дауд Шах Сабамен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Тараптар экономикалық және гу­манитарлық салалардағы ынты­мақтастық мәселелерін талқылады.

Бақытжан Сағынтаев Қазақ­станның президент Мохаммад Ашраф Ғани мен атқарушы билік басшысы Абдулла Абдулла басқаратын Ұлттық бірлік үкіметін қолдайтынын атап көрсетті. Ол елдің жаңа басшылығының ауған халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған толыққанды реформаларды жүзеге асыра алатынына үміттенетінін жеткізді.

Кездесуге қатысушылар екі­жақты сауданың ұлғайғанын атап өтті (2014 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің арасындағы тауар айналымы 336,7 млн. дол­ларды құрап, 2013 жылмен салыс­тырғанда үштен бірден астам­ға өсті), дегенмен, сауда-эконо­микалық ынтымақтастық әлеуе­тінің әлі де соңына дейін ашыл­мағанын тілге тиек етті. Осылайша Дауд Шах Саба Қазақстанның ауған тауарларын жеткізуді ұл­ғайту үшін қажет дегеннің бәрін жасайтынына сенім білдірді.

Сауда-экономикалық ын­ты­мақтастық жөніндегі Қазақстан-Ауған үкіметаралық ко­миссиясы екі­жақты ықпалдастықты ұлғай­тудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.

Гуманитарлық ынты­мақ­тас­тыққа қатысты Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Қазақстанның ауған жастарының өкілдері үшін білім беру бағдар­ламасын жалғастырып жатқанын атап көрсетті. 2010-нан 2020 жыл­ға дейінгі кезеңде мыңға жуық ауғанстандық жас қазақстандық жоо-ларда білім алатын болады. Бұл бағдарламаның жалпы құны 50 млн. АҚШ долларын құрайды. Дегенмен, ауған тарапының сұранысына сәйкес Қазақстанда бағдарламаны ұзарту мәселесі қарастырылуда.

Бақытжан Сағынтаев сон­дай-ақ, кездесу барысында Қазақ­станның Ауғанстанды тұрақ­тан­дыруға бағытталған халықаралық күш-жігерге белсенді қолдау білдіретінін және ол елге жыл сайын гуманитарлық көмек көрсететінін атап айтты.