Көрнекті спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың «Аспаннан шұға жауған күн» деген керемет повесі бар. Құнарлы тілмен жазылған шығарманы оқып отырып, шұға емес аспаннан гүл жауып тұрғандай әсерде боласың.
Сонау бір жылдары «Састөбе» цемент зауытының іргесіндегі Ынтымақ ауылының тұрғындарынан редакция қосынына арыз түскен. «Аспаннан цемент жауады, денсаулықтан айырылып біттік» деген. Бардық, көрдік. Тал жапырақтарына қонған цементі егер ерінбейтін болып сыпырып, сиырып алатын болсаң сылағы қашқан үйіңді бүтіндеп алардайсың. Бұл күлетін емес, жылайтындай жағдай еді.
Зауыттың оттығына ауаға цемент тозаңын жібермейтіндей сүзгі орнатуға ақшасын қимаған шетелдік инвесторлар ел ұйқыға жатты-ау дегенде ауаға жіберер екен. Ауамен аралас цемент жұтқан адамдарда қандай денсаулық болады. Көкөніс біткен тамыр алмай жатып қақайып қатып қалады. Жұртшылықтың айқайынан кейін зауыт қожайындары сүзгі орнатқанымен толықтай іске қоса алмай кетті.
Отандық инвестор «SAS-Tobe Technologies» серіктестігі осы жобаны аяғына дейін жеткізіп, электронды сүзгі арқылы ауаға цемент тозаңын шығармауды жолға қойды. Енді «Састөбе» цемент зауытынан қоршаған ортаға тиетін анау айтқандай залал жоқ. Өндіріс болған соң бәрі жақсы болады деуге болмас, бірақ зиянды қалдықтар баяғыдай елдің үрейін ұшырмайды.
Түрлі-түсті цемент шығарып келген зауыт өткен жылы 438 тонна өнім алып, оның отыз бес пайызын сыртқа экспорттаған. Бүгінде зауытқа керекті жаңа кен орнын алуға келіссөздер жүріп жатыр. Оған қол жеткен жағдайда цементтің құны он пайызға арзандамақ. Серіктестік директоры Талғат Сәдуақасов Өзбекстан Республикасымен ұзақ мерзімді келісімшарт барын айтады.
Көрші ағайынды «Састөбе» цемент зауытының сапасы қанағаттандырады екен.
Зауыт ауылдың да жағдайын ойлай жүреді. Былтыр 15 млн. теңгеге көшелерді жөндеп, арық-атыздарды аршып, бетондап берсе, биыл Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне орнатылған Ардагерлер аллеясын күрделі жөндеуден өткізіп беріп жатыр.
«Елде болса ерінге тиеді» деген аталы сөздің қасиетін бұл жігіттер жақсы біледі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.