19 Мамыр, 2015

Талдықорған тұрғын үймен толыға түседі

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының нәтижелі жұмысының бір көрінісі – Қазақстан Республикасы мен ҚХР арасындағы сауда-саттық, жалпы экономикалық байланыс жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мем­лекеттік маңызы бар бұл жұ­мысқа аймақтар да белсенді атсалысуда. Жуырда Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасында ҚХР-дың Шанси аймағынан келген арнайы делегациямен Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов кездесіп, қос тарапқа тиімді жобаларды талқылады. «Xing Huo» корпорациясының өкілдері қала басшылығымен кездесуі барысында аспан асты елі өңірдің аграрлық саласын дамытуға қызығушылық танытатындығын айтып, бұл мақсатты орындауға Жетісу жері таптырмас өлке болып табылатындығын жеткізді. Сонымен қатар, өзге салаларға да инвестиция салуды жоспарлаған қонақтар Талдықорғанның қазіргі тынысы жайлы мәлімет сұрады. Өз кезегінде қала әкімі Ермек Алпысов Шанси аймағының өкілдері қолға алмақ болып отырған «Инновациялық ауылшаруашылық паркін» облыс орталығында тұрғызу өзге аудандардағыдай логистикалық және тағы басқа шығындарын азайтып, жобаның кең ауқым алып, өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне сеп болатындығын жеткізді. Оның үстіне қала әуежайы алдағы уақытта жүк тасымалдаушы ұшақтарды қабылдау мүмкіндігіне ие болатындығын да айтқан қала басшысы келіссөзге келген инвесторлардың қызығушылығын туғызды. Сонымен бірге, облыс орталығының жаңадан бой көтерген Оңтүстік-батыс ауданында тұрғын үй салу жайын талқылаған қос тарап, бүгінде көп қабатты тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттары мен жобалары уақытты үнемдеп, салынған қаржының қайтарымын жылдамдатып, қаржыны үнемдеуге болатындығын айтты. Қала әкімінің үшінші ұсынысы облыс басшылығының қолдауымен инфрақұрылымы жаңартылып жатқан «Шығыс» индустриялық аймағында қант зауытын салу болды. Талдықорғанның логистикалық мүмкіндіктерін ескерсек, бұл инвесторларға ұтымды ұсыныс. Тоғыз жолдың торабы, жүк тасымалдаушы ұшақтарды қабылдайтын әуежай, теміржол тағы бар. Оның үстіне бүгінде Елбасы тапсырмасына сәйкес Алматы облысында қант қызылшасының алқаптарын ұлғайту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатқандықтан шикізат та тапшы болмайды. Келіссөздер аяқталысымен қос тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, қолға алынар жобаларды алдағы уақытта тағы да тереңірек зерттеп, екі жаққа да тиімді жолды қарастыратындығын айтып уағдаласты. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Талдықорған.