Бруней-Даруссалам астанасы – Бандар-Сери-Бегаван қаласында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілету жөніндегі Елбасының арнайы өкілі – Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов сұлтанаттың Сыртқы істер және сауда министрі, ханзада Мохамед Болкиахпен келіссөз жүргізді.
А. Мусинов БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелікке Қазақстанның кандидатурасын қолдау бойынша Президент Н.Ә.Назарбаевтың Бруней Сұлтаны Хассанал Болкиахқа жолдаған жеке хатын табыстап, Қазақстан сайланған жағдайда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті, адам құқығын, заң үстемдігін және тұрақты дамуды нығайтуға бар күш-жігерін салатынын хабарлады.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстан бастамасымен Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) шеңберінде құрылғалы отырған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына (АҚИҰ) Брунейдің жақын арада қосылатынына сенім білдірді.
«Бандар-Сери-Бегаванның АҚИҰ жұмысына қосылуы ИЫҰ кеңістігіндегі және жалпы әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелерін шешу жолында жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп ойымен бөлісті А.Мусинов.
Бруней-Даруссалам Сыртқы және сауда министрі Қазақстан тарапының өтініштері мұқият зерттелетініне сендіріп, елімізбен ықпалдастықты, соның ішінде көпжақты пішімде дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Сол күні А.Мусинов Бруней-Даруссалам Сыртқы және сауда екінші министрі Лим Джок Сенгпен кездесіп, Қазақстан мен Бруней арасындағы екіжақты ынтымақтастықты белсенділендіру жолдары мен мүмкіндіктерін талқылады.
А.Мусинов Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай және еліміздің халықаралық бастамалары туралы баяндап берді.
Лим Джок Сенг Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бері қол жеткізген табыстарына жоғары баға беріп, арнайы өкілдің Брунейге сапармен келгеніне алғысын білдірді, бұл сапар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуға зор ниетін танытатынын атап өтті.
«Егемен-ақпарат».