Қан майданда болған соғыс ардагерлерінің қатары сиреп келеді. Сол сиректердің бірі тоқсаннан асса да жады мықты, көрген-түйгені мол Алмат Ермағамбетов ақсақалмен өз отбасында кездесудің сәті түсті. Алмат аға тіл-көзіміз тасқа, құр атқа мінгендей қунақ көрінді, әңгімесі түзу.
Ол Хромтау ауданының Мамыт ауылында дүние есігін ашып, осында жеті жылдық мектепті бітірген. Енді ғана еңбекке араласам ба дегенде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Ел азаматтары бірінен – кейін бірі майданға кетіп жатады. Сөйтіп жүргенде, 1943 жылдың қаңтарында оған да кезек келеді. Орынборда жас жауынгер даярлықтан өтіп, жаңадан жасақталған әскери бөліммен 4-ші Украина майданынан бір-ақ шығады. №273 атқыштар полкі автоматшылар бөлімшесінің командирі, сержант Алмат Ермағамбетов Львов түбінде алғаш рет ұрысқа кіріп, оқ-дәрінің иісін сезініп, жарылған снаряд пен бораған оққа бойын бекітеді. Осылай майдан жолы ілгерілей береді. Батыс Украинадағы қан-қасап ұрыстарға қатысады, Польшаға жетеді. Ордасына жақындаған сайын немістер қатты қарсылық көрсетеді. Алайда, жаудың бетін қайтарып, түре қуып келе жатқан кеңес әскері қойсын ба, фашистерді тықсыра түседі. Бұл кезде от пен судан өткен сақа солдат Гданьскіні, Краковты, Освенцимді жаудан босатуда да алдыңғы шепте болады. Жан алып-жан беріскен қанды шайқастардың бірінде жауырынан ауыр жарақат алған Алмат Ермағамбетов Уфада госпитальда жатып емделеді. Таяқ тастам жерде тұрған туған елге деген сағынышын сабырға жеңдіріп, сауығып шыққан соң қайтадан өз әскери бөліміне қосылады. Кенигсберг қаласын азат етуге қатысып, Ұлы Жеңісті Германияда қарсы алады.
Соғыс аяқталғанымен Алмат Ермағамбетовті бірден елге босата қоймайды. Ол қызмет ететін полкты Литваға жібереді. Сонда 1946 жылдың көктеміне дейін Шауляй қаласында тұрады.
Әскерден босаған ол елге құстай ұшады. Туған топырағына табаны тиісімен бірден жұмысқа кіріседі. Бейбіт еңбектің қадірін білетін майдангер қираған шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысты. Осы жерден құдай қосқан қосағы Сара апайды кездестіріп, үйленді. Қазір екеуінің отау құрғандарына 66 жылдың жүзі болды. Ища деспей тату-тәтті өмір сүріп келеді. Шүкір, екеуінің бауырынан өрген 10 баладан 30 немере, 13 шөбере сүйіп отыр.
Алмат Ермағамбетов көп жылдар бойы Қызыл су ауылында есепші болып еңбек етті. 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Қазір облыс орталығында тұратын қарт жауынгер туған ауылында да құрметті. Ауылмен қатынасы, барыс-келісі қалыпты.
Алмат аға Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатарында Астанада өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты. Мұндай құрметке Ұлы Жеңістің 65 жылдығында да ие болған екен. Тоқсаннан асса да қуатты Алмат аға теледидар қарайды, газет оқиды. Елде болып жатқан жаңалықтардан құлағдар қарт осындай жақсы жағдай жасап отырған Елбасына, жергілікті билікке дән риза.
– Әлем тынышсыз, көп елдерде дағдарыс дендеп барады. Біздің елімізді экономикалық қуатты, саяси тұрақты, өзара бірлігі берік етіп ұстап келе жатқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа рахмет, – дейді ақсақал.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.