19 Мамыр, 2015

Кешегісін ұмытпаған бүгінгісін бағалай біледі

457 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сұрапыл соғыстың ауыр да азапты күндерін басынан өткізіп, жаумен арпалысқан, елінің азат­­тығын өз өмірінен жоғары қойып, Отаны үшін өлімге бас тіккен жа­уынгер атамыздың бірі – Нұрах­мет Көшербаев. Ол 1898 жылы қазіргі Панфилов ауданының Кіші Шыған ауылында дүниеге келген. 1941 жылы елі мен жері, Отаны үшін Ұлы Отан соғысына аттанады. 1942 жылы 313-ші атқыштар полкінің құрамында болып, Курск доғасындағы қанды шайқасқа қатысады. 1943 жылы қаңтар айының 13-інде майданнан «соғыста қаза болды, Курск қаласындағы Тербуха селосында жерленді» деген хабар келеді. Алайда, жарық дүниені көретін күні бар екен, қаза болған жауынгерлерді жерлеп жатқанда, кеудесінде демі бар Нұрахмет Көшербаев село маңайындағы госпитальға жеткізіледі. Емде­ліп шыққаннан кейін де талай шайқастарға қатысады. Берлинге дейін азаматтық борышын атқарып, 1945 жылдың күзінде аман-сау еліне оралады. egemen (15) Соғыстан кейін көп жыл «Ок­тябрьдің 40 жылдығы» колхозында бейбіт еңбекпен шұғылданды. Зайыбы Жұмаш екеуі бала өсіріп, тәрбиеледі. Колхозда қызмет атқарып, табанды еңбек етті. Нұрахмет Көшербаевтың ерен еңбегі үкімет тарапынан еленіп, көптеген медаль, ордендермен, солардың ішінде Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, Құрмет грамоталарының иесі. «Кешегісін ұмытпаған, бүгін­гісін бағалай біледі» демекші, ерлеріміздің ерлігі ұмытылмайды, қан майданда көкірегін оққа төсеп, жауды ойсырата жеңген жаужүрек аталарымыздың осындай ұлы ерліктері мақтауға әбден лайықты.egemen (8) «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді халық даналығы, соғыс және еңбек ардагері Нұр­ахмет Көшербаевтан тараған ұрпақ бүгінде өсіп-өніп, ата даң­қын асқақтатып, егеменді еліміз­дің ертеңі еңселі болуы үшін абыроймен еңбек етіп келеді. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.