Ырғызбай Досханаұлы атындағы турнирде моңғол балуаны жеңіске жетті
Барқытбел бауырында қазақ күресінен Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық гран-при турнирі жоғары дәрежеде өтті. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған балуандар бәсекесіне 38 спортшы қатысты. Олардың арасында Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Қытай, Тәжікстан, Украина, Эстония, Литва, Корея, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия сынды 16 елден келген спортшылар бар.
Тарбағатай ауданының орталығы – Ақсуат ауылында өткен дүбірлі бәсекеге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитеті төрағасының орынбасары Әбіл Дөңбай, ФИЛА халықаралық күрес түрлері комитетінің төрағасы Гинтаутас Вилейта, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев және облыстық құқық қорғау органдарының жетекшілері қатысты. Аталған турнирге Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы құттықтау жеделхатын жолдаған екен. Оны облыс әкімінің орынбасары оқып берді.
Турнирге кілең сайдың тасындай азулы балуандар, әлемдік, құрлықтық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары қатысты. 80 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде ақтық сынға Қуаныш Мұратов шығып, Грузия балуаны Г.Перулаваны жамбас әдісімен таза ұтты. Тарбағатай ауданының тумасы Қ.Мұратов өгіз балуан атағын өткен жылы да жеңіп алған болатын. Көрермендердің Айбек Нұғымаров пен Талғат Әміреновтің күресіне көзайым болғанын айта кеткен абзал. Кілемде бір-бірін ала алмаған балуандарға төрешілер белдесу белгілеп, нәтижесінде Айбек ақтық сынға шықты. Түйе балуан атағы үшін болған тартыста Айбек Нұғымаров пен моңғол балуаны Алтангэрэл Даваанян арасындағы белдесу турнирдің басты бәсекесі болды. Аз ғана басымдықпен бұл сында Моңғолия спортшысы бас жүлдені қанжығаға байлап, 10 мың АҚШ долларына ие болды.
Дәстүрлі турнирді ұйымдастырушы, қазақ күресінің жанашыры Бәделхан Камалханұлының айтуынша, Ырғызбай Досханаұлы атындағы турнир бүгінде өз мақсатына жетіп, ел мен жерді насихаттаудың тиімді жолына айналды. Шынында, балуандар бәсекесінің ерекшелігі – облыс орталығында емес, шеткері шекаралық ауданда өткізілуі болса керек.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.
Суретте: тұғырдағы жеңімпаздар.
Суретті түсірген Ғылымбек Сәбитов.