Жеңіс күні – мен және менің отбасым үшін ерекше күн. Өйткені, менің де аталарым Ұлы Отан соғысына қатысқан жандар. Олар туралы қысқаша баяндағым келеді.
Өз атам Сопығали Құрманбаев 1919 жылы туылған. Ол Польша, Чехия, Днепрде өткен ұрыстарға қатысқан. «Ерлігі үшін», «Праганы азат еткені үшін» және басқа да көптеген медальдармен және ордендермен марапатталған. Қанды соғыстан аман қайтып, елге келген соң үйленіп, бес баланы өсіріп-жеткізеді. Ұстаздық етіп, ұзақ жыл мектепте еңбек етті. Әкем мен анам ата-әжелерімнің есімдері мен қасиетті ісін қастерлеп, маған үлгі етіп, өнегелерін айтып отырады.
Нағашы атам Мұқанбетжан Қалиев, 1913 жылы туған. Қан майданға әскер қатарында борышын аяқтап елге қайтатын шақта аттанған екен. Жаяу әскер қатарында Беларусь майданында, Мәскеу іргесіндегі шайқаста, Кенигсбергті азат етуде алған медальдары сақталған. Тізесін тесіп өткен оқтан аяғын аман сақтап қалған хирургке алғысын айтып отырады екен. «Сол соғыстан 1946 жылы елге оралғанда омырауы орден-медальға толып келді. Алдынан жүгіріп шыққан балаларға бір бірден таратып, мойындарына салып берді», деп отыратын Жолболсын ата Шайқақов. Мұқанбетжан атам жасы 70-тен асқанша еңбек етіп, соғыстан кейінгі елдің еңсесін көтеріп, тұрмысының көтерілуіне ерен үлес қосқан жан. Жеңістің 50 жылдығына бірнеше ай қалғанда, 1994 жылдың желтоқсанында дүниеден өткен.
Әжеміз Хадиша екеуі алты ұл-қыз тәрбиелеп, барлығының білім алып, озат болуына жағдай жасады. Әжеміз тылда ер азаматтарша еңбек етіпті. Өзі шебер, биязы мінезді, ақылды әдемі кісі болған көрінеді. Елге сыйлы, еңбек пен адамгершілікті өнеге еткен, білікті, мейірімді кісілерден өрбіген ұрпақтары атынан олардың рухына бас иіп, олармен мақтанатынымды жеткізгім келеді.
Елнұр СОПЫҒАЛИ,
Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-шы сынып оқушысы.
АСТАНА.