19 Мамыр, 2015

«Жарты аман болса, жалпы аман болады» Ел арасында бұл сөз неліктен тараған?

836 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Құдайға шүкір, қазақ халқы ел мен жерді қадір тұтқан қатепті қара нарларға ешқашан кенде болып көрген емес. Солардың бірі – ел қамқоры Жарты Сүйерқұлұлы. Бір өкініштісі, Жартының туған-өлген жылдары, өмір жолы туралы ел аузындағы аңыздар мен шежіре-деректерден өзге мәлімет сақталмаған. Дегенмен, Жартының бірге туған ағалары Қожбанбет би мен әйгілі Шоған абыздың өмір сүрген кезеңдеріне негізделе отырып, оны да шамамен XVI ғасырдың соңы мен XVIІ ғасырдың басында өмір сүрген деп жобалауға болады. Бұл саладағы өкініш, әрине, тек Жарты бабамызға ғана емес, қазақ тарихындағы толып жатқан тарихи тұлғаларға тән екені ащы да болса ақиқат. Оған тарихымызға қатысты кез келген ақтаңдақтың орнын толтыруға халқымыздың ауызша тарихы (шежірелер мен аңыздар) көмекке келеді. Бір қуанарлық жағ­дай, шежірелер мен аңыздарды тарихи дәлел-дәйек ретінде көл­денең тартуға теріс қараған КСРО кезіндегі таным-түсініктен арылып та келеміз. Бұл саладағы ғылыми дәйекті, аса ауқымды еңбектің бірі алаштың абыз ұлы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеуі. Аталған әйгілі еңбегінде: «Қазақ халқының өз жады мен өз болмысында сақталған айғақ-деректерге мұқият ден қоймай тұрып, негізінен жатжұрттықтар қалдырған мағ­лұматтарға сүйену арқылы жазыл­ған тарихтың әдетте «жарымжан» тарих болып шығатыны аян. Тарихты әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу – қазақтың дәстүрлі та­ным-түсінігінде ертеден қалып­тасқан үрдіс және мұндай үрдіс қазақ шежірешілдігінің негізгі ұстанымы болып табылады. Қа­зақтың қария сөздері тарихты ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы таратады», – дейді ғалым. Ақиқатында да, біз секілді бар құндылығын фольк­лоры мен ауызша шежірелері арқылы сақтап келген халық үшін ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды түгендеуде көрнекті де өнегелі тұлғалар туралы ел аузында ежелден сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызша деректердің маңызы мен атқарар қызметі ерекше.

Жарты баба туралы да осыны айтуға болады. Шежірелік дерек бойынша ол Ұлы жүздің албан атасынан тарайды. Нақтылап айтқанда, шежіре бойынша албаннан шыбыл, сары туады. Сарыдан – сүйерқұл, сүйменді. Ал сүйерқұлдан қожбанбет, жарты, досалы, шоған, мәмбет (алжан), үмбет (шажа) деген алты ата тарайды.

Жартының өмірге келуі мен есімі туралы ел арасында мынадай аңыз айтылады. Бұл бабамыз жарық дүниеге жарымжан болып келеді. Әуелде ата-ана бұл шақалақты адам бола ма, болмай ма, қатарға қосыла ма, қосылмай ма деп, тымаққа салып, біраз күн әліптің артын бағады. Жоқ, анау айтқандай емес, бала күн санап қатайып, қарақұлақтана береді. Содан көңіліндегі күдігі сейілген Сүйерқұл ауыл молдасын шақырып, балаға ат қойғызады. Молда баланың бітіміне қарап отырып: «Нышанды сәби екен, жай адам болмас. Қалай болса да бір мұсылманға байып, көбейіп жатырмыз ғой, аты «Мұсылманбай» болсын», дейді де, азан айтып, атын қояды. Алайда бір қол, бір аяғы жансыз «Мұсылманбайды» ауылдың келін-кепшіктері мен былайғы жұрт алғашында «жарты бала», өсе келе «жарты» атап кетеді.

Сәби кәмелет жасқа толар-толмаста әкелері Сүйерқұл жасы жетіп, о дүниеге аттанып кеткеннен кейін, Жартыны әулеттің үлкені, ағасы Қожбанбет қамқорлығына алады. Жиырма жасқа толар-толмаста албан еліндегі дуалы ауыз, айтулы билердің бірі болған Қожбанбет тек ағалық парызын өтеу тұрғысынан ғана емес, бауырларының ішінде осы жарымжан інісіне өте ықылас-мейірімі түсіп, жақсы көріп, аялап, мәпелеп өсіреді. Екі сөзінің бірінде: «Жартым менің, Жартым, артымнан ерген халқым», деп еркелетіп отырады екен. Әкесінен қалған мал мен басқа ие болып, ділмәр-шешендігімен, мол кісілігімен, әділет сүйгіштігімен ел ішінде абыройы тез өсіп келе жатқан ағасы Қожбанбеттің аялы алақаны мен қамқорлығының арқасында Жарты ешкімнен қағажу, қорлық-зорлық көрмей есейеді.

Қожбанбеттің інісі Жартыға ерекше мейірімі түсуіне мына бір жағдай себеп болған деген де сөз бар. Сол кездердегі жиі болып тұ­ратын әлде жаугершілік, әлде үр­кіншіліктің бірінде Жарты жұртта қалып қояды. Өйткені, жайшылықта әрі-бері көшкенде, ел аралағанда Жартыны алып жүретін арнайы адам, кебежелі түйе секілді арнайы көлік қажет болады екен. Тарихтағы шапқыншылықта жүре алмайтын кәрі-құртаңдар мен бала-шағаның жұртта қалып қоюы қалыпты жағдай болатын. Себебі, дені сау, қарулы ер-азаматтардың бәрі алғы шепке жауға аттанып кетеді де, ауылда қарттар мен қыз-келіншектер, бала-шаға ғана қалатын. Содан жаудың беті қайтып, қауіп сейіліп, жұрт сәл тыныстай қалғанда Қожбанбет Жартыны іздеп жолға шығады. Ең әуелі бірден салып ұрып ел көшкен жұртқа барады. Барады да бір ғажайып көріністің үстінен түседі. Өздері киіз үй тігіп отырған жұрттарына жақын жердегі ор­манның шетінде бір боз биенің әлденені емізіп тұрғанын көреді. Боз биені еміп тұрған әсте құлынға ұқсамайды. Атын тебініп жетіп барса, боз биені еміп тұрған кәдімгі өзінің інісі Жарты екен. Қожбанбет бұған таңырқап қарап тұрғанда боз бие желе жортып орманға кіреді де ғайып болады. Ағасы Қожбанбетке Жарты болған жайды баяндайды. Сөйтсе, ел үркіп кеткен оншақты күннен бері осы боз бие келіп Жартыны емізіп кетіп тұрады екен. Осы оқиғадан кейін інісінің әсте тегін адам емес екендігіне әбден көзі жеткен Қожбанбет, оны мәпелеп өсіріп, үйлі-баранды етуді ойлайды.

Жарты кәмелет жасына толып, үйленетін мезгіл де келеді. Ағалары Қожбанбет би пен Шоған абыз алыс-жақыннан қыз айттыра бастайды. Бірақ, жұрттың бәрі Қожбанбет пен Шоғанның мал басына қызыққанмен, Жартыға қыз беруге келгенде сан сылтау айтып, теріс айналады. Ел ішінде: «Жарты байғұсқа кім қызын берер дейсің, үйленбей өтер ме екен...» дегендей күңкіл де көбейеді. Алла тағала пендесін бекер нышанды ғып жаратпаған екен, тағы да күтпеген жағдай болады. Көрші ауылдың ай десе аузы, күн десе көзі бар хас сұлуы Жартыны өзі қалап, тұрмысқа шығады.

Ол туралы айтылатын аңыздың өзі жырға бергісіз. Бір жылы жаз шыға іргелес дулат еліндегі Қош­қарбай дейтін байдың ауылы жайлауға көшуге дайындалады. Алты қанат ақ боз үйлер жығылып, атан түйеге жүк артылады. Қой-қозы, ешкі-лақ, жылқы жайлауға айдалады. Сәнді киініп, кіл жорға мінген, сыңғырлай күліп, сызылтып ән салған қыз-бозбалалар – ежелден көштің сәні. Мал да, жан да көк шалғыны бітік, ауасы сал­қын, бастау-бұлағы сыңғырлап жатқан кең жайлауға жеткенше асығатындай.

Ол замандағы көштің дені салқар көш. Мәселен, көктеуден жайлауға көшу үшін айлап, апталап жол басуға тура келеді. Бұндай салқар көш қыз-бозбалалар үшін тұнып тұрған ойын-сауық, сән-салтанат, думанды мереке. Көштің алдын үлде мен бүлдеге оранған жастар ән-жырмен, әзіл-қалжыңмен думандатып бастап келе жатады. Барын киіп, бақанын қолына алған бай, бардам үйдің ерке қызы су төгілмес жорғамен топ ортасында толған айдай толықсып жайраң қағып келеді. Ай десе аузы, күн десе көзі бар ару бойжеткеннің сәукелесінің ұшар басындағы қарқарасы жалт-жұлт етіп, көз қарықтырады. Есімінің өзі қандай?! Ақбике! Көш бастаған көрікті қыз Ақбикеге жол жөнекей көз салмаған жан қалмайды. Сал-серілер шыр айналып, қыз маңы­нан шықпайды, бәрі де әзіл-қалжыңдарымен қайтсе де арудың көңілін табудың қамында. Жолай ерулік алып шыққан бай ауылдар қыз әкесіне байлықтарын көрсетіп, ержеткен ерке ұлдарына құда түсуге дәмелі екендігін де айтып қалып жатады. Ақылына көркі сай, тәкаппар бай қызы ешкімге назар аудармаған күйі көшті бастап межелі жерге жылжи береді. Бір күні осы Қошқарбай ауылының көші бір еру елдің тұсына келгенде, көш тізгінін іркіп, бір күн ерулейді. Аттан түсіп, қонақтарға әзірленген киіз үйге кіріп бара жатқан Ақбикенің жанары қапелімде маңына нұр шашып, жүзінен ерекше мейірім төгілген бір жігіттің көзімен түйісіп қалады. Жігіт ұшатын қырандай қомданып, жанары жалт-жұлт етіп, арнайы дайындалған орынтақта есік алдында отыр екен. Ақбике ару әлгі жігіттен көз алмай ұзақ қарап қалады.

Бұл ауыл Қожбанбет ауылы еді. Қыздың көзі түсіп, көңілі құлаған Жарты болатын. Көшіп бара жатқан әке-шешесі, бауыр-туыстары, малшы-қосшылармен бірге осы ауылдан ерулік жеп, асықпай түстенген бойжеткеннің ынта-ықыласы, көңілі жігітке шындап ауады. Сол күні түнде Ақбике түс көреді. Түсінде ғажап іс көреді. Аққулы айдын көл екен дейді. Жағада тұрған Ақбикеге бір аққу келіп: «Жүр, менімен бірге көлде жүз», дейді. Қыз: «Жүзу білмеймін», дейді. Сонда әлгі аққу: «Мен мана күндіз көрген Жарты деген жігітпін. Мен де жүзу білмеймін, бірақ мына көлге түссең, аққуға айналып жүзіп кете бересің», деп өтінеді. Қыз аққуға ілесіп көлге түседі. Сол-ақ екен ол да аққуға айналып, Жарты екеуі айдын көлдің бетінде емін-еркін қалықтап, сайран салады.

Ертеңінде көш қайта қоз­ғала бергенде Ақбике сырлас құрбылары мен жеңгелеріне Жартыны меңзеп: «Осы азамат менің отбасымның иесі, таңдаған жарым болады», дейді. Қызының қалауы мен Қожбанбеттің көңілін қимаған Қошқарбай екі жасқа батасын береді. Осылайша Ақбике ару мен Жарты бақытты ғұмыр кешеді. Олар бірнеше қыз, Айдабол, Жандабол есімді екі ұлды болады. Ұлдың кішісі Жандабол үйленбей тұрып, жаугершілікте қаза табады. Айдаболдан Әзет, Нәзет деген екі ұл дүниеге келеді. Әзетінен – Солтанкелді, Таңатар, Нәзетінен – Есбер, Қанай деген ұлдар туады. Бұлар ел аузында «төрт жарты» деп аталады. Осы «төрт жартыдан» бүгінгі үлкен ұрпақ өсіп-өніп, іргелі елге айналып отыр.

Халық ішіндегі атадан балаға қалып келе жатқан қария сөздердің айтуынша, Жарты баба тіршілігінде көріпкел әулие, жұлдызшы, емші-тәуіп болған. Алда келер ке­лең­сіз жағдайлардың (шапқалы келе жатқан жау, жұт әкелер қыс, құр­ғақшылық болатын жаз, дауыл, зілзала, жұқпалы ауру, т.б.) бәрін Жарты баба алдын ала болжап, сондай апаттардан елін аман алып қалып отырған. Сонымен бірге, ел ішіндегі ауру-сырқау Жарты бабаның емінен немесе демінен кейін науқасынан айығып, ұрпақ сүю бақытына ие болған. Мыңдаған, он мыңдаған адамға, тұтас елге осылай шапағаты тиген Жарты баба туралы сол кездің өзінде ел ішінде: «Жарты аман бол­сын! Жарты аман болса, жалпы аман болады» деген аталы сөз тараған.

Көнекөз қариялардан бізге жеткен ауызша деректерде Жарты бабамыз туралы бұдан өзге де айтылар аңыз-әңгімелер аз емес. Олардың бәрін өзге де тарихи деректермен, шежірелермен, жырлармен салғастыра отырып, тарихи ақиқатты ашу алдағы күндер мен келер ұрпақтың еншісінде. Дегенмен, халық аузында ежелден бері айтылып келе жатқан: «Жарты аман болса, жалпы аман болады», деген мәтелдің шығуы ғасырлар шаңына көміліп жатқан көптеген тарихи жағдаяттардан сыр аңдатып тұрғандай. Ең бастысы, көріпкел әулие, жұлдызшы, емші-тәуіп, жарымжандығына қарамастан тұтас бір рулы елге қамқор болған Жарты бабамыздың ел мен жерді сақтау жолында ұрпаққа өнеге боларлық ғұмыр кешкені ақиқат.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі, профессор.