Кеше Орал қаласында Қазақстандағы сайлауларды байқау жөніндегі республикалық Қоғамдық комиссиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының таныстырылу рәсімі өткізілді.Онда аталған филиалдың төрайымы Вера Шохина оның алға қойған мақсаттары мен міндеттері және тұтастай алғанда президенттік сайлауға әзірлік жұмыстары мен оны өткізу кезіндегі құрылымдық бөлімшенің атқаратын қызметі туралы жан-жақты әрі егжей-тегжейлі баяндап берді.
Оның басты түйіні төмендегідей: Аталған республикалық Қоғамдық комиссия 2005 және 2011 жылдары өткізілген президенттік сайлау мен 2007 және 2012 жылдары өткізілген парламенттік сайлауда өзінің тиімділігін көрсете білген болатын.Сондықтан да алдағы 26 сәуір күні президенттік сайлау өткізілетініне орай биылғы наурыз айының 3-інде оның қызметі қайтадан жаңғыртылғаны белгілі. Баспасөзде бұған дейін хабарланғанындай, оның құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар мен журналистер енгізілді.
Комиссия қызметінің басты мақсаты – сайлау үдерісінің барлық сатыларында оның мөлдірлігін, әділдігі мен тазалығын қамтамасыз ету. Сонымен бірге, сайлаушылар мен сайлауға қатысатын кандидаттардың конституциялық құқықтары бұзылмауын қадағалау ісі де комиссия қызметі құзырына кіреді.
Бүгінгі электоралдық кезеңде барлық жердегідей Батыс Қазақстан облысында да республикалық Қоғамдық комиссияның аймақтық өкілдігі өз жұмысын бастап отыр. Бұл өкілдік байқауларды шоғырландыру орталығына айналмақ, деп мәлімдеді брифингте В.Шохина. Осы орайда, Орал өңірінде белсенді азаматтардың қатарынан байқаушылардың кең ауқымды қоғамдық жүйесі жасақталған. Қазіргі күні мұнда сайлау учаскелеріне келетін байқаушыларға азаматтық ұстанымы жоғары үміткерлерді таңдау мен іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп, президенттікке кандидаттарға дауыс берілетін 26 сәуір күні облыстағы 523 сайлау учаскесінде комиссия филиалы өкілдіктерінің байыпты байқаулары жүзеге асырылмақ.
Республикалық Қоғамдық комиссия өкілдігі өз қызметі барысында халықаралық байқаушылармен, облыстық сайлау комиссиясымен, прокуратура органдарымен, президенттікке кандидаттардың сайлауалды штабтарымен және БАҚ-пен ашық әрі белсенді байланыс ұстап отыруды ұйғарған. Осындай жанды қарым-қатынас ғылыми-сарапшылар қауымдастығы және Азаматтық альянс институты өкілдері арасында да жүргізілмек.
Президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша республикалық Қоғамдық комиссияның Батыс Қазақстан облысындағы филиалы өзінің толыққанды есебін жасайды. Бұған қоса, сайлау үдерісінің барлық кезеңдері бойынша объективті баға беруді назарда ұстайды, деп түйін жасады брифингте филиал төрайымы Вера Кузьминична.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.