Жақында Алматыда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып ерекше фестиваль басталды. Алматыға мамырдың келгенін мамыргүлдің иісі аңқығанынан білесің. Осынау әдемі гүл әрі Жеңіс мейрамымен де астасып жатыр.
Оның үстіне кезінде Ұлы Отан соғысында қаза болған ата-бабаларымыздың құрметіне осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жерлестеріміз Мариям Сағитова мен Тадеуш Дзевицкий Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар бағында Мамыргүл алаңын («Сиреновая поляна») отырғызған екен. Содан бері бұл алаңдағы мамыргүлдің түрлері 300-ге жеткен. Оның ішінде «Анама сыйлық», «Аққу», «Сүйінші» атты түрлері арнайы авторлық куәлік алған. Яғни, будандастырылған осынау мамыргүлдердің иелері бар.
Әдемілігі көздің жауын алатын, иісі жұпар осынау бақтың гүлденуіне, отандық мамыргүлдердің ғажап сұрыптарының пайда болуына Қазақ КСР Ғылым академиясының Бас ботаникалық бағының қызметкерлері Антонина Мельник, Валентина Рубаник пен Борис Дягилев сияқты селекционер мамандардың сіңірген еңбегі бар екенін ұмытпау қажет.
Кезінде мамыргүлдердің Қазақстандағы коллекциялық алаңындағы сұрыптарына кешегі кеңестік аумақтың ботаниктері көп қызығушылық туғызған болса, қазір де «Снежный ком», «Казахстанский сувенир», «Академик Қ.Сәтбаевтың құрметіне», «Лиловая Пирамида», «Шығыс шұғыласы», «Хан Тәңірі», «Қазақстандық» дейтін түрлері еш жерде кездеспейді.
Өкінішке қарай, өмірін осынау гүлдерге арнаған селекционерлердің көздері кеткен соң, мамыргүлдің кейбір түрлері жойылған. Сондықтан, табиғаттың осынау байлығын жоғалтып алмау үшін бұл мәселеге бейжай қарамайтын жандар жаңа бастаманы қолға алып отыр.
Ендігі жерде Жас натуралистер стансасының аумағында мамыргүлдердің барлық сұрыптарын отырғызып, көбейтуді қолға алмақ. Сөйтіп, мектеп аулаларында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында мамыргүлдер аллеясын жайқалтатын болады.
Жас натуралистер стансасында өткен алғашқы мамыргүл фестивалі «Мамыргүл иісі аңқыған қала...» деп аталады.
Фестиваль бағдарламасы аясында мамыргүл түрлерінің көрмесі, Бас ботаникалық бақ мамандарымен кездесулер, «Жеңіске салют» атты жас аранжировщиктер байқауы, «Мен мамыргүлді сүйемін» атты сурет конкурсы, моншақ тігу сияқты түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылуда.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.