* Қатал да әділ билік иесінің тағдыры туралы Досхан Жолжақсыновтың режиссерлігімен дүниеге келген «Құнанбай» фильмін тамашалаушы жұртшылық бұл картинаны кино өнеріндегі үлкен оқиға ретінде қабылдауда. Фильм тұсаукесерінің әуелі Семей топырағынан бастау алуының өзін тұлға аруағына деген құрмет пен өнеге десек, ондағы өнерсүйер қауымның тарихи туындыдан кейінгі қуанышты мерейі газетіміздің өткен сандарында егжей-тегжейлі баяндалған болатын. Ал күні кеше ғана Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Құнанбай» фильмі астаналық көрермен назарына ұсынылып, лайықты бағасын алып үлгерді. Төменде біз осы оқиғаға орай елордалық көрерменнің, мәдениет және қоғам қайраткерлерінің көкейге түйген ойларын шақтап жариялап отырмыз.
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ:
– Құнанбай туралы, ойшыл, шешен, мемлекетшіл кісі туралы фильм түсіру оңай шаруа емес. Оның үстіне 48 күнде мынадай тарихи, көркемсуретті фильмді дүниеге алып келу, ол тек Досхан Жолжақсыновтың ғана қолынан келеді. Бұрынғы қызметіме байланысты бұл фильмге кішкентай да болса араласым бар. Режиссер келіп: «Мен осылай Шыңғыстаудың баурайында Құнанбай туралы фильм түсіргім келеді. Соған қандай көмек көрсете аласыздар?» деп өтінішін айтты. Ішімнен мұның аяғы қалай болар екен деп алғашқыда ойланып қалғаным рас. Бірақ міне, бүгін үлкен тарихи, тәрбиелік мәні зор фильмге куә болудамыз. Бұл әрі Қазақ хандығының 550 жылдығына тамаша тарту болып табылады. Мұны басқа елдерге де апарып көрсетеміз. Олар қазақтың тарихын, Құнанбай сияқты бабаларымыздың өз ұлтын, мемлекетін қалай сүйгенін, бірлік пен ынтымақ үшін қалай күрескенін көреді. Ал өз басым осы фильмді түсіруге қатысқан барлық шығармашылық топқа үлкен ризашылығымды білдіремін.
Жазушы Әбіш КЕКІЛБАЕВ:
– Үлкен әдебиетке тән үлкен көзбен, үлкен жүрекпен толғайтын жақсы тақырыпты Досхан, Таласбек сияқты суреткерлеріміз ойдағыдай қозғаған. Бұл тақырыпқа еріккеннен бармаған. Бәріміз күткендей жүрек тебіренетін үлкен фильм шыққан. Енді сол фильмді қайталап көз алдымыздан өткізуіміз керек. Неге заман осылай, неге адам осылай? Неге бір-бірімізге түсінбестігіміз көп? Түсінетін нәрсені кейде ірілетеміз, қиындатамыз. Бізді қапы қалдыратын – өзіміздің қателеріміз, өзіміздің жаңсақтықтарымыз. Алдымен өзімізді түзесек, дүниені түзеу оңай екендігіне көзіміз жетер еді. Құдайдың өзіне көп сұрақ қоятын адам баласы алдымен өзіне сұрақ қоюы керек...Сол үлкен сұраққа өзі жауап беруге ұмтылған және соған жауап тапқан «Құнанбай» туралы бұл фильм қарап отырсаңыздар Құнанбайдың сонау Меккеге барып, қазақтың шежіресін тауып қайтатын үлкен сапарының алдында болған өмірі.
Мемлекет қайраткері Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ:
– Бұл біздің аяулы Мұхтар ағамыздың айта алмай ішінде кеткен арманы. Сол ағамыздың арманы мен аманаты бүгін орындалып жатқан сияқты. Өйткені, ол кісіге заманы шындықты айтқызбады. Ал енді Құнанбай туралы фильмді көрсетеді дегенде, осында келген барлық жұрттың көңілі ерекше толқып, тойға келгендей күй кешті. Мен бұл фильм аяқталған жоқ деп ойлаймын. Мұнан кейін де, Абай жетілгенше, өсіп-өнген ортада, Құнанбайдың аялы алақанында, үлкен ақылман әкесінің қамқорлығында болған Абайды көруіміз керек әлі. Сол себепті бұл фильм эпопея болуы тиіс. Тағы да кемінде екі серия түсірілуі керек... Сценарий, режиссура ғана емес, сонымен қатар, фильмнің музыкасы да Құнанбайдың табиғатын ашып тұр.
Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш СҰЛТАНОВ:
– Біздің бала күнімізде азаматтың ар-ожданы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқуымен өлшенетін еді. Мұны оқымаған адамға бәрінен құр қалған адам деп баға берілетін. Біз Құнанбайдың бейнесімен алғаш сол роман арқылы таныстық. Енді соны іштей парықтасақ, Абай өзі қайдан шықты, Абай болу үшін Құнанбайдың сол кездегі халықтың алдындағы қызметі қандай болды деген сұраққа көп мән беруге тиісті екенбіз. Ал мұның өзі тәуелсіз мемлекет болғаннан кейінгі, қазақтың санасы жаңа сапаға көтерілгеннен кейінгі көкейіміздегі заңды сұраққа айналды. Бүгін міне, Құнанбай туралы мынадай толғау-фильм түсіру, Құнанбайды жаңа қырынан сипаттау, бұрынғы таптаурын түсініктен бойды аулақ салып, оның шынайы тарихтағы орнын зерттеп-зерделеу, трагедиясы мен жетістігін қатар баяндау біздің ұлт ретінде, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, нығаюымыздың жарқын нәтижесі болып табылады.
Режиссер Сәулебек АСЫЛХАН:
– «Романда Құнанбай бар жерге дейінгі тіршілік те, оқиға да, ұлы даланың құдіреті де тамаша дамып келеді. Ол осы сайын даланың қорғанышы, сақшысы, күзетшісі сынды көрінетін. Сондай әкелердің арқасында халық өзінің әдет-ғұрпын сақтап, адами қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіруде. Сценарийді жазған Таласбек бауырымыздың өзі тамаша домбырашы еді. Мен соған лайық музыкалық образ күттім. Мысалы, Құнанбайдың жан әлемін, ішкі байлығын, ой әлемін жеткізетін әттең, керемет музыка болғанда ғой деген секілді. Зере анамыздың тек сұсты жағы көрініп, ал мейірімі аздап ашылмай қалған сияқты ма, қалай? Десек те, Құнанбай Өскенбайұлы рухына кейінгі ұрпағы өзінің жүрекжарды лебізін, үнін арнай алды деуге толық негіз бар.
Әнші Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ:
– «Бір нәрсенің басы ашық, халқы актерлік өнері арқылы жақсы білетін Досхан Жолжақсынов кейбір ақша шашып, бірақ онысынан елге пайдалы ісі көрінбейтін режиссерсымақтарды шаң қаптырып кетті. Аз уақыттың ішінде мынадай үлкен туындыны дүниеге әкелу Сұлтан Қожықов сияқты қазақтың тамаша режиссерлеріне ғана тән қасиет болатын. Бұл – бір. Екіншіден, елшіл, ойшыл Құнанбайдың бейнесін жасау арқылы бұл фильм тәуелсіз еліміздің мәдениетіндегі жас ұрпаққа өнеге ететін тағы бір жарқын бейнемен жанымызды жақындата түсті деп ойлаймын».
* «Қазмедиа» орталығының кинозалында өткен тұсаукесерге көрермен көп жиналды. Тарихи тұлғаның шынайы бейнесін экраннан тамашалауға қызығушылық танытқан жұрттың легі мұнымен түгесілмейді. Құнанбайдың шынайы бейнесін көрмекке құштар жандар қаншама. Сол себепті алдағы уақытта бұл фильмнің барлық өңірде көрсетілуіне жағдай туғызылмақ. Елдің ауызбірлігін паш ететін тарихи туындының түпкі мақсат-мұраты татулық пен ынтымақты дәріптеп, бауырмалдыққа үндеуімен құнды һәм қымбат саналады.
****************** Жазып алған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».