Бір үй – бір ел
Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Өлкенің, атыраптың, елдің тірегі емес пе бәйтеректей жайқалған әулеттер. Ақжайық ауданындағы Сақыпкерей мен Күлән Жантуриндердің шаңырағы солардың бірі болып табылады. 1961 жылы отау тіккен олардың бай еңбек жолы да, тәлімді тұрмысы да нағыз өнеге мектебі дерсің. Еңбек демекші, бүгінде марқұм Сақыпкерей ағаның да, қазір үш немере, алты жиен, бір шөберенің бағына бөленген Күлән ананың да басын қайырмаған шаруа жоқ. Аудан орталығы – Чапаевтың іргесіндегі Жайық ауылында сонау жылдары шаруашылықтағы мал бордақылаудың бел ортасында болды. Күлән ана аудандық Кеңестің депутаттығына да сайланып, ортақ мүдде орайында қыруар іс тындырды. Беу, жылдар-ай дейсің. Ұлы Отан соғысы кезінде, 1944 жылы опат болып, Тернополь облысы, Вербища селосы маңына жерленген әкесі Хамза секілді Жеңіс сарбаздарының рухын аялап, алты ұл-қызын, бүгінде олардан өрбіген ұрпақты елжандылыққа, еңбекқорлыққа, елгезектікке, жауапкершілікке баулыған оның әулетін ақжайықтықтар мақтан тұтады. Мұндай отбасылар әманда тағзымның төрінде, құрметтің өрінде. Бала тәрбиесінде өзінің анасы, 105 жас жасап, бақилыққа аттанған, ауданның шежіресін жатқа соққан Қапиза Ахметованың орны зор болғанын Күлән ана мақтанышпен айтады. Өзінен бұрынғылардың еңбекті аманаттағанын да ұрпағының құлағына құйып отырады. Еңбек десе елеңдеп тұратын, бүгінде ел ағасы жасына таяған ұлы Әліпқалидың арқасында 20 шақты ірі қара, 40 шақты уақ жандық, қылқұйрық та өсіріп, соның игілігін көріп отырғаны да сондықтан. Мектептегі сабақтан қалт еткенде кішкентайлар мал бағымына жағаласып жүреді. Шіркін, сондағы алтын бесік ауылдың суретін айт! – Адамға керек нәрсе көп. Бірақ, балапандар – балаға жететін не бар дейді, – Күлән Жантурина. Бұл сөзге не алып-қосарсың. Болат ЕСҚАЛИЕВ.Батыс Қазақстан облысы. Ақжайық ауданы. Чапаев ауылы. Қазақстаным – қарашаңырағым Әулеттің иесі Афлят Дямуршаев Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал ауылындағы «БААР» үйірмесіне жетекшілік етеді. Айта кету керек, Афляттың әкесі Тельман «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» болған. Дямуршаевтардың шаңырағында төрт бала бар. Тұңғышы Дафлят биыл Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетті тәмамдайды. Шехназ «Болашақ» университетінің ІІІ курс студенті, Ислам Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатта оқиды. Нұрсұлтан 4 жаста. Афлят пен Гокчак Дямуршаевтар – Қазақстанның өсіп-өркендеуін жан-тәнімен қалайтын, еліміздің әрбір жетістігіне шын қуанатын адамдар. Өйткені, олар өздерінің тағдырын Қазақстаннан бөліп қарай алмайды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.