[caption id="attachment_74004" align="aligncenter" width="536"]
01 Left[/caption]
«UnionPay-мен бірге халықтық білім беру» стипендиясы жеңімпаздарына Altyn UnionPay Gold төлем карталары берілді
Өткен жұма халықаралық деңгейде білім алуға ұмтылған бірқатар жастар үшін жақсы өтті десе де болады. Осылайша Алматыда «Қазақстан Халық банкі» АҚ (Қазақстан) пен «UnionPay International Co., Ltd» (ҚХР) бірігіп қолға алған «UnionPay-мен бірге халықтық білім беру» стипендиялық бағдарламасының жеңімпаздары анықталып, студенттерге Altyn UnionPay Gold төлем карталары табысталды.
Егер оқырман есінде болса, жаз басында «Боламын деген балаға банктер де болысады» деген сұхбат ұйымдастырып, биыл мамырда Бейжіңде өткен Халықаралық кеңестің VI отырысының шеңберінде UPI банк қытайлық төлем жүйесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанынан хабардар ете отырып, ынтымақтастық аясында Қытайда оқып жатқан немесе оқығысы келетін Қазақстан студенттеріне арналған стипендиялық бағдарламаны дамыту да бар екені жайлы «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Марат Әлменовпен бірге кеңінен әңгімелеген болатынбыз.
Сонымен аталмыш бағдарлама аясында жолы болған жастар білім гранттарына ие болды. Салтанатты шараға «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Марат Әлменов пен UnionPay International Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша өкілдігінің бас директоры Джанг Ченгдонг қатысты.
«Қазақстан Халық банкі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары М.Әлменовтің «UnionPay-мен бірге халықтық білім беру» стипендиялық бағдарламасы China UnionPay компаниясымен және оның UnionPay International (UPI, Қытай) халықаралық бөлімшесімен көптеген жылдар бойы іске асырып келе жатқан халықаралық ынтымақтастық бағыттарының бірі екендігін атады.
М.Әлменовтің айтуынша, жуырда Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың басшылығымен қазылар алқасының отырысы өтіп, іріктеу нәтижесінде еліміздің әр аймағынан конкурстың 50 жеңімпазы таңдалған.
Қысқасы, Алматыда тұратын, немесе өзге жерден келген студенттер Altyn UnionPay Gold карталарын Марат Әлменов пен Джанг Ченгдонг мырзаның қолынан алды. Қалған стипендиаттар төлем карталарын Қытайда Нұрлан Яхьяров немесе UnionPay International (Шанхай, ҚХР) бас кеңсесінде алады.
Бұрын айтылғандай, стипендиаттар ҚХР-дың оннан астам ЖОО-да оқиды немесе оқитын болады. 50 стипендиат оқу жылы бойы өздерінің Altyn UnionPay Gold карталарына 500 (бес жүз) АҚШ доллары мөлшерінде ай сайынғы стипендияны алып тұрады.
Сонымен стипендияға ілігуге 88 үміткер ұмтылған. Қазылар алқасы жеңімпаздарды таңдаған кезде үміткердің оқу үлгерімінен бөлек, «Мен болашақтағы банкті қалай елестетемін» атты қазақ, орыс тілдерінде жазылған эссе тақырыбын ашқаны, ой-өрісі мен мазмұндау сауаттылығы сияқты көрсеткіштерді қаперге алған. Бұл өлшемдерден басқа үміткерлердің көп балалы отбасынан шыққаны ескеріліп, сондай-ақ, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар секілді әлеуметтік жағынан қорғалмаған жастарға артықшылықтар берілген.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Юрий БЕККЕР.