19 Мамыр, 2015

Қазақстанның Бас прокуроры АҚШ-тың елшісімен кездесті

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

19-05-15-prokuratura-1

АСТАНА. 19 мамыр. Бүгін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Джордж Кролмен кездесті. Бұл туралы Бас прокуратура баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Сұхбат барысында кең ауқымды екіжақты құқықтық ынтымақтастық мәселелері, соның ішінде ұйымдасқан трансұлттық қылмыстылыққа, киберқылмыстылыққа, терроризм және экстремизмге, есірткі сату, қылмыстық жолмен келген қаражаттың ізін жасыру мәселелері талқыланды. Тараптар қол жеткізген өзара әрекеттесу деңгейіне қанағаттанушылық танытатындарын білдірді. А.Дауылбаев Қазақстанның Бас прокуратурасы қылмыстылыққа қарсы тұру, қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсету және қылмыскерлерді ұстап беру мәселелерін шешуде өзаралық қағидасын ұстанып, америкалық уәкілетті органдармен белсенді ынтымақтастық жүргізіліп отырғанын атап өтті. Осы орайда Асхат Дауылбаев қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы мемлекетаралық шартты ратификациялау жұмысының барысы жөнінде хабарлады. Сонымен қатар Бас прокурор елшіні Қазақстанда Бас прокуратураның жанынан Құқық қорғау органдары академиясының құрылғаны туралы хабардар етіп, АҚШ-тың Құқық қорғау органдары академиясымен ынтымақтастық орнату жөнінде ұсыныс білдірді. Үстіміздегі жылғы маусым айында Астана қаласында өтетін зорлық экстремизмге қарсы әрекет ету бойынша саммитті өткізу мәселелері әңгімелесудің жеке тақырыбы ретінде болды, бұл іс-шара ақпанда өткен Вашингтон Саммитінің жалғасы болып табылады. Сұхбаттасушылар трансұлттық қылмыстылықпен күрес бойынша екіжақты қатынастарды жандандырудың қажеттілігін атап көрсетіп, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Құрыш Нұрымбет. Дерек, сурет: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.