21 Шілде, 2010

ҚАЗАҚСТАН САЯСАТЫНЫҢ АЙШЫҚТЫ ТАБЫСЫ

500 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сыртқы істер министрлерінің “Ақбұлақтағы” бейресми кездесуі онда талқыланған және қабылданған құжаттарымен тарихта қалды. Ұйымға мүше 56 мемлекеттен, сондай-ақ түрлі халықаралық ұйымдардан арнайы келген делегация басшылары “Корфу үдерісін” әрі қарай дамытудың перспективаларын, Қырғызстандағы ахуал мен оны шешудің жолдарын және биылғы жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитін өткізу тақырыптарындағы келелі мәселелерді талқылады. ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгей­дегі саммиті екі жылда бір мәрте ша­қы­рылуы тиіс. Түрлі се­беп­терге байла­нысты Ұйымның сам­миті он бір жылға жуық уақыт­тан бері өтпеді. Осы жылдар ішін­де Ванкуверден Вла­дивос­ток­қа дейінгі кеңістікте шешімін күткен өзекті де өткір проб­ле­ма­лар қордаланды. Бұл проб­лема­лар ЕҚЫҰ-ға қатысушы мем­лекеттердің басшылары мен үкі­меттері басшыларының қа­ты­суы­мен өтетін алқалы жиында, дәлі­рек айтқанда, жоғары дең­гей­дегі сам­митте қабылданған құжат­тар аясында ғана шешіледі. Бұған дейін Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымының бес саммиті өтті. Би­ылғы жылдың соңына қарай Ас­танада Ұйымның кезекті алтыншы Саммиті шақыры­лмақ. Ал­маты облысының Талғар ауда­нындағы көк шалғынға көм­ке­ріл­ген “Ақбұлақ” демалыс-сауықтыру ор­нында өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер минис­трлерінің бей­ресми жиы­нын­да оған қаты­су­шы мем­лекет­тердің ми­ни­с­трлері консен­сус­тық жағдайда ос­ындай ұйғарымға келді. Бұл Елбасы Нұр­сұлтан Назар­баевтың және Қазақстан диплома­тиясының талассыз табысы болып табылады. Осыған байланысты Қазақстан Президенті бейресми кездесуде сөй­леген сөзінде ЕҚЫҰ-ның Сам­митін шақыру қажеттілігінің неден туып отырғанына байланысты төрт мә­селені атап өтті. Олар – халық­ара­лық қатынастар жүйесін дағ­дарыстан алып шығу, жаһан­дық қаржы-эко­но­микалық дағда­рысты ең­серу, этнос­тық және діни тө­зімділік сала­сын­дағы қорда­ланған пробле­малар­ды шешу және Ауғанстан проб­ле­масы. Ұйым Саммитін шақыру, оның ойдағыдай өтуі Ұйым қызметіне жаңа серпін береді, беделін артты­рып, оның әрі қарай дамуын са­палық жаңа деңгейге көтереді. Ха­лық­аралық қоғамдастықта қауіп­сіз­дікті қамта­ма­сыз етумен қатар, Еуропа мен Еуразия кеңістігіндегі ел­дердің бір-бірімен тығыз ын­тымақтастық жасауына ықпал етеді. Қордаланған пробле­маларды бір ша­ңырақ астында, бір үс­телдің басында Ұйымға мүше елдердің басшылары өзара ақылдаса, өзара пі­кір­лесе отырып шешулеріне мүмкіндік туа­ды. ЕҚЫҰ саммитінің Қазақ­стан­ның бас қаласы – Астанада ша­қы­ры­лу­ы біздің елдің де беделін көте­ре­тініне дау жоқ. Бұл бастаманы кө­терген Қа­з­ақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұр­сұлтан Назарбаев болатын. Ұй­ымға қатысушы елдер Елбасы­ның осы­­нау игі бастамасына жай­дан-жай қол­­дау білдіріп отырған жоқ. Оның түп негізі Қазақ­станның Ұйым Сам­мит­ін өткізуге саяси беделі де, эко­но­­ми­калық әлеуеті де жете­тін­дігінде жатыр. ЕҚЫҰ сыртқы істер министр­лерінің бейресми кездесуінде оған қатысушылар Қырғызстанды тұ­рақ­тандыру мәселесіне ерекше назар аударды. Өйткені, бүгінде көршілес қырғыз еліндегі жағдай ЕҚЫҰ-ны да, оған төрағалық ететін Қазақ­стан­ды да алаңдатып отыр. Ал Қазақстан Ұй­ымға төраға ретінде ЕҚЫҰ-ның мүм­кін­дігін пайдалана отырып, Қыр­ғыз­станға көмек көрсетудің жолын қа­растырып келеді. Сыртқы істер ми­нистрлерінің осы жиынында қа­ты­сушылар Қырғызстандағы жағ­дайды тұрақтандыруға Ұйым ықпал етуі қажет деген ұйғарым жасады. Соны­мен қатар, ЕҚЫҰ-ның Қыр­ғыз­стан­дағы миссиясын күшейтіп, поли­цей­лік кеңесшілер тобын құру ұсынылды. Қазіргі кезде Қазақстан Қыр­ғызстанға көмек көрсетуді қолға алды. Үкіметтің арнайы құрылған мамандар тобы қырғыз ағайын­дармен бірлесіп, қолдау-көмек көр­се­тудің кезек күттірмес шара­ларын анық­тады. Қираған, өртел­ген ны­сандарды қайта қалпына келтіруге қажетті құрылыс материалдары, жы­лу-энергетика орталығы үшін отын жеткізілетін болды. Қазақ­станның Қырғыз­станға көрсететін көмегінің жалпы көлемі 10 миллион долларды құрайды. Саясаттың дауылы есең­гіреткен бұл республикаға бүгінде Ресей мен Өзбекстан да қолұшын беріп жатыр. “Соңғы 5 жылдағы екі мемлекеттік төңкерістің басты себеп­тері, – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қыр­ғыз­стан­дағы жағдайға бай­ланысты, – эко­номиканың дамы­мағандығы, ха­лықтың кедейлігі, билік тіктемесінің әлсіздігі және мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі демократиялық инс­титуттардың тұрлаусыздығы болды”. Кездесуде Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеу мәселесі де қарастырылды. Осыған байланысты ЕҚЫҰ Минск тобының қатысуымен Әзірбайжан және Ар­мения сыртқы істер минис­трлерінің кездесуі де болды. Қазақстан Ресей президенті Дмитрий Медведевтің әзірбайжан – армян қақтығысын реттеу жөніндегі күш-жігеріне бастапқы кезде-ақ қолдау білдірген еді. Қазір де қолдап келеді. Бұрын­ғы­ға қара­ғанда, Таулы Қарабақ про­блемасын реттеуде сәл де болса іл­ге­рілеушілік бар. Екі елдің пре­зидент­тері нақ осы мәселеге бай­ланысты бірнеше рет кездесті. Ұйым­ның арнаулы өкілі де белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл мәселеден  Қазақстан да сырт қалмайды. Өткен жылдың желтоқсанында Афинада өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер минис­трлерінің кеңесінде Қазақ­стан­ның ұсынысы бойынша Ұйым­ның саммитін ұйымдастыру туралы шешім қабылданған болатын. Содан бергі уақыт ішінде Қазақстан әріп­тес­терімен бірлесе отырып, сам­мит­тің күн тәртібін белгілеп, оны да­йын­дауға ба­рынша күш-жігер жұм­сап келеді. Ұйымның штаб-пәтері орналасқан Вена қаласында да сам­миттің күн тәртібіне қатысты қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазақ­стан Сыртқы істер министрлігінің ақ­па­раттарына қарағанда, самми­т­тің өтетін күні жақын арада белгілі болады. Қазақстан төрағалық бары­сында Ұйымның үш өлшемі – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдердің барлығын тепе-тең қамтуға ұм­тылып отыр. Әскери-саяси өл­шемде ұзаққа созылған жан­жалдарды бейбіт жолмен шешу, сондай-ақ Ауған­стан­ды тұрақ­тандыру басымдықтың бірі деп есептейді. Экономикалық-эко­логиялық өлшем бойынша эконо­ми­калық интеграциялану, Ұйым ке­ңістігінде көлік инфра­құры­лым­дарын жақсартып, екінші өлшемге негізделген жаңа стра­тегия да­йын­дау­ды қажет санайды. Ал үшінші өлшемге байланысты демократиялық реформаларды дамытып, адам құқығын ны­ғайтуды көздейді. Бүгінде біздің еліміз аталған үш өлшем аясында көптеген іс-шаралар өткізді, олар Ұйымға қатысушы елдер тарапынан жоғары бағаланды. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Оның ең бас­тысы әрі аса ауқымдысы – Ұйымның Астанада өтетін жоғары деңгейдегі саммиті болмақ. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.