
ПЕТРОПАВЛ. 19 мамыр. Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында мемлекеттік шекара бекетінің ашылу рәсімі өтіп, оған аймақ басшысы Ерік Сұлтанов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары, полковник Мұхтар Сәбидолданов қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін шекара аумағында тұратын тұрғындар екі ел арасына қатынау үшін шалғайдағы халықаралық бекетке барып, әуре-сарсаңға түсіп жүрсе, енді уақыт жағынан көп ұтатын болды. Ең бастысы, туған-туыстарына бару оңайлатылған тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл туралы Ерік Сұлтанов өз сөзінде атап көрсетіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынастың одан әрі беки түсуіне, экономикалық-сауда-саттық байланыстардың тұрлаулы дамуына игі ықпалын тигізетінін жеткізді.

«Кішкенекөл» шекара комендатурасының коменданты Максим Макаренконың айтуынша, күніне шекарадан 60 адамға дейін өту мүмкіндігі қамтамасыз етілген.
ҚР Мемлекеттік шекарасының нығаюына белсенді көмек көрсеткені үшін облыс әкімі Ерік Сұлтановқа «Шекараны үздік күзеткені үшін» медалі тапсырылды.
Бүгінде өңірде 27 шекара бекеті жеңілдетілген тәртіппен жұмыс істейді.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.