Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов еліміздің батыс өңіріне жұмыс сапарын Маңғыстау облысынан бастады
20 шілдеде Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бірден “Шопан ата” мәдени-ескерткіш кешеніне жол тартты. Мұнда аймақтық “Мәдени мұра” бағдарламасымен танысты. Республикалық маңыздағы ескерткіш – “Бекет ата” жер асты мешітіне сапар барысында Премьер-Министрге Бекет атаның ағымдағы жылы аталып өтетін 260 жылдық мерейтойына дайындық шаралары таныстырылды.
Киелі жерге зиярат етушілердің қатары жыл санап көбейіп келеді. Сондықтан мемлекет “Қызылсай-Шопан ата-Оғланды” автокөлік жолының құрылысын қолға алып, аяқтауға жақын. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аталған автокөлік жолының құрылысын аяқтау үшін қосымша қаражат керек екенін, ол қаражат биылғы республикалық бюджетті нақтылау барысында қаралса деген ойын жеткізді. Қазіргі таңда Қызылсай-Оғланды автожолының жоспарланған 103 шақырымының 78 шақырымы төселді. К.Мәсімов бұл мәселе Үкіметте қаралатынын айтты.
Келесі кезекте Үкімет басшысы “Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара” темір жол желісінің құрылыс барысын көрді. Республикалық бюджет пен Азия Даму банкінің бірлесе қаржыландыруы арқылы іске асырылып жатқан жоба 2011 жылы аяқталуы тиіс. Үкімет басшысы теміржол құрылысын еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына дейін аяқтауды тапсырды. “Мемлекет басшысы бұл жобаны өзінің ұдайы бақылауында ұстап отыр. Жоба Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына дейін аяқталуы тиіс. Бұл – Президенттің жеке тапсырмасы”, – деді Үкімет басшысы.
Жоба бойынша инвестицияның жалпы көлемі – 74 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 8,2 млрд. теңге бағытталуда. Жобаның сметалық құны 65 млрд. теңге.
Бүгінде жерге қатысты барлық қажетті жұмыстар атқарылып, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылысқа 700 техника жұмылдырылған. Жоба бойынша қазір 7,6 млрд.теңге көлемінде қаржы игерілді. Теміржол желісі іске қосылса, 812 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал аталмыш бағытпен тек астық тасымалдағанның өзінде экспорттық әлеуеті 3 миллион тоннадан 8 миллион тоннаға дейін жетеді. Бұл туралы “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ президенті Асқар Мәмин мәлім етті.
“Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара” темір жол желісі – “Өзен–Қызылқия–Берекет– Этрек–Горган” жобасының бір бөлігі. Алып құрылысты Қазақстан, Түркіменстан және Иран мемлекеттері бірлесіп бір мезгілде бастады. Жаңа желі Еуропа мен Азияны жалғастыратын “Солтүстік–Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізінің маңызды тармағы болып саналады. Жалпы ұзындығы – 686 шақырым, оның 146 шақырымы Қазақстан аумағынан өтеді.
Халықаралық темір жол желісі құрылысы Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін күшейтеді. Жаңа бағдар солтүстік пен оңтүстіктің жолын қазіргі магистральмен салыстырғанда 600 шақырымға жақындатады.
Аталмыш жоба экспорттық әлеуетті дамыту мен сыртқы нарыққа шығуға ықпал етеді. Қазақстан Парсы шығанағы мен Иранның теңіз айлақтарына жүк тасымалдайтын болады. Жаңа көлік дәлізі таяу және алыс шетелдермен тауар айналымы мен сауданы жаңа деңгейге көтереді. Мұның тағы бір артықшылығы сонда, тура темір жол бағдары көліктік шығындарды да азайтуға ықпал етеді. Оған қоса жобаны жүзеге асыру Қазақстанның батыс өңіріндегі инфрақұрылымды дамытып, аймақ экономикасына жаңаша серпін береді. К.Мәсімов темір жолдың айналасында қызмет көрсететін жаңа нысандар мен әлеуметтік жобалардың құрылысын да қолға алуды, сөйтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу, Жаңаөзен қаласының әлеуметтік жағдайын жақсарту ісіне баса мән беруді тапсырды.
21 шілдеде Үкімет басшысы Бейнеу ауданына барып, Боранқұл газ өңдеу зауытында болады. Онда нысан құрылысын аяқтау шаралары талқыланбақ. Мұнан соң Премьер-Министрге “Бейнеу-Ақтау” автомобиль жолын қайта құрылымдау” жобасы таныстырылады.
Үкімет басшысының өңірдегі жұмыс сапары Ақтау теңіз сауда портында жалғасады. Сонымен қатар облыс орталығындағы білім беру, денсаулық сақтау нысандарында болып, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын, денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының атқарылу барысын талқылайды.
Сапар соңында Үкімет басшысы “Бейнеу-Бозой” газ құбыры мен “Бейнеу-Шалқар” темір жолының құрылысы мәселелері бойынша жұмыс мәжілісін өткізеді.
“Егемен-ақпарат”.