ПЕТРОПАВЛ. 19 мамыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның өңірлік филиалы мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы әсем де еңселі ғимаратқа қоныс аударды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова, жергілікті кәсіпкерлер палатасының, ұлттық компаниялардың, бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты. Бұл туралы кәсіпкерлік басқармасының мамандары хабарлады.
Бұған дейін «Даму» қорының өңірлік филиалы мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ғимаратты жалға алып келсе, қазіргі нысанның аумағы – 1483,5 шаршы метр. Осы қордың қаржылық операторлығымен «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 386 аумақтық жобаға 28,7 миллиард теңге демеуқаржы берілді. Орталықтан 4 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері көмек алған. Аймақ басшысы өз сөзінде кәсіпкерлік белсенділіктің арта түскенін атап көрсетті. Былтыр 25 мыңнан астам бизнес субьектілері болса, биыл 10 мыңға көбейген.
Жаңа ғимаратта ақыл-кеңестен бастап семинар,тренингтерге дейін тегін өткізіледі. Л. Ибрагимова «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ инвестициялар тарту, кластерлерді дамыту және еншілес ұйымдарда бірлесе басқару жүйесін жетілдіру мақсатымен құрылғанын, облыстағы өңірлік филиал мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы республикада үздік үштікке енетінін, пайдалануға берілген ауқымды нысан қызмет көрсету аясын кеңейте түсетіндігін жеткізді.
Ғимараттың бірінші қабатына кәсіпкерлерге қызмет ету орталығы орналасқан. Онда 6 кеңесші мен халыққа қызмет көрсету орталығы, «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» филиалдарының, сервистік компаниялардың бөлімдері «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейді.
Екінші қабатта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның бөлімшесі орын алған. Ақпараттық кездесулер мен оқыту шараларын өткізуге арналған кабинет 50 орынға лайықталған.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік басқармасы.