Соңғы жылдары Украина дағдарысы газеттердің бірінші беті мен әлемдік БАҚ-тардың жаңалықтар таспаларынан түсер емес. Аталған жанжалды бейбіт реттеудің жолдарын іздестіру белсенді жалғасуда. Әлемдік қоғамдастық 2014 жылдың тамызындағы Минск кездесуінің, сондай-ақ, 2015 жылдың ақпанында Минскіде өткен «норманд пішіміндегі» саммиттің даму барысын мұқият бақылап отырды. Минск-2 әуел баста Астанада жоспарланғанын көпшілік біледі, бірақ Украина үдерісінде кенеттен Қазақстан астанасы қалай пайда болғаны туралы, тіпті, түйсіне де алмаулары ықтимал? Шынтуайтында, Минск-1 және Минск-2, Украина дағдарысын реттеудегі басқа да көптеген ілгерілеушіліктер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік күш-жігер жұмсауының нәтижесінде жүзеге асты.
«Бітімгер» кітабының авторы мемлекет қайраткері, дипломат, Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан ОНЖАНОВ біздің Мемлекетіміз басшысының Украинаның оңтүстік-шығысындағы бітімге жетелеген белсенді қызметінің куәгері болған еді. Кітапта Майдандағы 2015 жылдың ақпан айына дейінгі оқиғалар қамтылған. Ал газеттегі бүгінгі жарияланымда «Бітімгер» кітабынан үзінді беріліп отыр.
АЛҒЫСӨЗ ОРНЫНА
Украина дағдарысы әуел бастан өңірлік жанжал шеңберінен шығып, ХХІ ғасырдағы ең күрделі сын-қатерлердің біріне айналды.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Украинадағы жанжал халықаралық қоғамдастықтың тіршілік тынысының әлеуметтік және саяси қырларын қамти отырып, экономика мен қаржының шегінен шыққан жаһандық дағдарыстың салдары болып табылатынын талай мәрте атап көрсеткен.
Шын мәнінде, Украина дағдарысы – бұл осы елдің оңтүстік-шығысындағы егесу ғана емес, бұл – кешенді түрде шешуді талап ететін саяси, экономикалық, сауда-саттық, энергетикалық, мәдени, ұлтаралық және басқа мәселелер мен проблемалардың тұтас бір шоғыры. Мұнда, бірінші кезекте, тек Украинаның өзіндегі ғана емес, сондай-ақ, оның сыртындағы, әсіресе, «Ресей – Украина – Еуропалық одақ» пішіміндегі өзара сенім мен түсіністік мәселесі бой көрсетті.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан үшін ықтимал тәуекелдер туралы өте жақсы білетін еді, сондай-ақ, жан-жақтан жұмыла күш-жігер жұмсалмаса, бейбітшіліктің де ауылы алыстай беретінін, ал мұның аяғы бүкіл халықаралық қоғамдастық үшін бұдан да зор салдарларға соқтыратынын нақты түсінді. Сондықтан, ол Украинаның оңтүстік-шығысындағы жанжалды реттеудің бейбіт үдерісіне ықпал етудің бірде-бір мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Осы дағдарысты бейбіт жолмен шешуден басқа балама жоқ, тек осылай еткенде ғана қантөгісті тоқтатып, саяси үдерістерге, оның ішінде, жағдайды тұрақтандыру мен елді әрі қарай дұрыстауға болады деген нық сенім шынайы итермелеген еді.
Ресей, Украина, Германия және Франция басшылары Қазақстан Президентіне – жанжал аймағынан мыңдаған километр қашықтықта жатқан елдің басшысына не себепті құлақ асты?
Оған сенеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік қоғамдастыққа өзінің қағидалары мен міндеттемелерінен кері шегінбейтін, дәйекті саясат жүргізетін, бейбітқатар даму идеясының сенімді жақтаушысы болып табылатын «адал менеджер» ретінде белгілі. Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастық елдерінің, олардың географиялық орналасуына қарамастан, өзара іс-қимылы маңызды екенін, елдерді қарсы тұруға емес, бәсекеге негіздей отырып дамыту қажеттігін талай мәрте атап көрсетті.
Ал Украинадағы жағдайға қатысты айтатын болсақ, осындай жауапты миссия тек нағыз еуразияшыл, қарсы тұрушылықтың емес, бәсекелестіктің жақтаушысы, әлемдік деңгейдегі дәйекті және сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана қолынан келеді. Өйткені, ол – жаһандық ауқымдағы бітімгер болуға жаралған тұлға.
- МАЙДАННАН УКРАИНАДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА ДЕЙІН: ЕКІҰШТЫЛЫҚПЕН ӨТКЕН КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢ
…Егер Украина басшылығы ішкімемлекеттік тұрақтылықты нығайтып, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды жақсартуға және халықты ұйыстыруға бірінші кезекте мән бергенде, мұндай екіге жарылу орын алмас еді. Ал Украинада біз мүлдем басқа үдерістерді көрдік. 90-жылдардың жабайы кезеңдері тынышталып үлгермей жатып, елде түрлі полярлы екі саяси бағыт: еуроинтеграция мен Ресеймен одақтастық пайда болды. Оның үстіне, түрлі полярлықтың мәні күні бүгінге дейін дамудың осы сыртқы саяси векторларының сәйкессіздігінде емес (олар, керісінше, сәйкеседі), Украина басшылығының қашанда екі ірі ойыншы: Еуропалық одақ пен Ресей Федерациясы мүдделерінің арасынан пайда табуға ұмтылғанында, яғни тепе-теңдікті сақтауға емес, екі жақтан да өзі үшін біржақты тиімділік көруге тырысушылықта жатыр. Осының салдарынан, тұтастай алғанда, ел ретінде Украина стратегиялық тұрғыдан тек ұтылыс тапты.
Елді дамытудың шығыс және батыс өңірлерін қарсы қоятын емес, осы облыстарды біріктіретін стратегияны іздеудің неліктен қажет болғанын түсіну үшін Украина сыртқы саудасының құрылымына қарау жеткілікті. Дағдарысты кезеңге дейін Украина экспортының 5/1 үлесі Ресейге, соншасы Еуропалық одаққа тиесілі еді. Оның үстіне, РФ-ға негізінен алюминий тотығы, темір мен құрыш сымдар, дизельді-электрлі локомотивтер, барлық үлгідегі вагон-цистерналар, қозғалтқыштар, яғни елдің шығысында өндірілген өнім экспортталып келді. Ал Еуропаға жүгері, темір рудасы, антрацит, рапс тұқымы, бұршақ тұқымы, күнбағыс майы жөнелтілді, яғни елдің шығысынан шикізаттар, батысынан ауылшаруашылық өнімдері жіберіліп келді. Басқаша айтқанда, Украина, меніңше, өзінің байланысын Ресеймен де, Еуропамен де үзбеуі керек еді. Тиісінше, Украина басшылығы осы екі бағытты бір-біріне қарсы қоймай, керісінше, екі жақпен де теңдестірілген дәйекті саясат ұстануы тиіс-тін. Өкінішке қарай, бұлай болмады.
...2014 жылдың ақпанында Украинадағы саяси дағдарыс елді азамат соғысы мен аумақтық бөлініс қатеріне әкелген аса өткір белесіне өтті... Билікке келген оппозицияның орыс тілінің өңірлік мәртебесін жою жөніндегі жедел шаралары, Украинаның блоктан тыс тұру мәртебесін алып тастауға шақырған үндеулер мен НАТО-ға ену үдерісінің басталуы осы елдегі Шығыс пен Батыс арасындағы түсінбеушілікті тек күшейте түсті. Қырымдағы референдумның қорытындылары, сондай-ақ, түбектің Ресей Федерациясына қосылғаны Киев тарапынан мойындалған жоқ. Мәскеудің барлық түсіндірмелері мен Косовода осыған ұқсас жай орын алғанына сілтеме жасауы есепке алынбады. Ресейге Батыстың Қырымды аннексиялады және елдің аумақтық тұтастығы туралы халықаралық құқық қағидаттарын бұзды деген айыбы қарша борай бастады. АҚШ пен Еуроодақ, Австралия, Жаңа Зеландия мен Канада активтерді тоқтатып тастауды және «қара тізімге» енгізілген адамдарға визалық шектеулер енгізуді, сондай-ақ, санкция салған елдердің компанияларына тізімге енгізілген адамдармен және ұйымдармен іскерлік қатынастар ұстануға тыйым салуды қарастыратын санкциялардың алғашқы пакетін іске қосты.
Оқиғалар, күшейе түскен дағдарыстан шығудың басқа жолдарын табуға әрекеттер болғанына қарамастан, жедел дамыды. Оның үстіне, болып жатқан оқиғалардан хабар таратқан ақпараттар ағынында, сондай-ақ, 2014 жылғы наурыздың 10-ы мен 14-і аралығында Қазақстан Президентінің АҚШ, Германия, Ұлыбритания және бірінші кезекте Ресей басшыларымен бірқатар телефон арқылы сөйлесулері болды деген хабар көрініс берді. Іс жүзінде, бұл Қазақстан басшысының осындай күрделі геосаяси мәселеде араағайындық күш-жігер танытқан алғашқы оқиғасы еді.
Осындай күрделі кезеңде қандай да бір тарап бастамашылықты өз қолына алуы тиіс еді, әйтпесе, жанжалдың әрі қарай ушыға түсетіні түсінікті болатын. Мұны біздің Мемлекетіміздің басшысы да түсінді және, менің пайымдауымша, қалыптасқан жағдайды жан-жақты ойластыра бастады…
- МИНСКІДЕГІ ТАМЫЗ КЕЗДЕСУІ: УКРАИНАНЫҢ ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫСЫНДА АСҚЫНА ТҮСКЕН ДАҒДАРЫСТАҒЫ БЕТБҰРЫСТЫ СӘТ
...Соған қарамастан, сындарлы үнқатысуды жалғастырып, жанжалды бейбіт келіссөздер арнасына бұруға деген ұмтылыс сақталып қалды. Бұған, атап айтқанда, 2014 жылдың 29 шілдесінде Италия Республикасының Премьер-министрі Маттео Ренцидің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа соққан телефон қоңырауы айғақ бола алады.
2014 жылдың 7 тамызында Ресей Президенті В.Путин өзінің Кеден одағы бойынша әріптестері – Қазақстан және Беларусь президенттерімен телефон арқылы сөйлесіп, оның барысында Ресей үкіметінің бірқатар Батыс тауарларына не себепті шектеу енгізгенін түсіндірді.
Оның үстіне, Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаевпен әңгімеге орай, баспасөзде Украина президентінің қатысуымен жоғары деңгейде кездесу өткізу туралы ресми ұсыныс алғаш рет көрініс береді. Атап айтқанда, Ақорда сайты мынадай хабарлама жариялады: «Екі мемлекет басшысы Украинадағы дағдарысты жағдай, сондай-ақ, Украина президентімен түрлі пішімдерде, соның ішінде Кеден одағы мүшелері мен Украина кездесуі шеңберінде немесе ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кезектен тыс мәжілісінде тікелей келіссөздер өткізу бойынша бірлескен ықтимал қадамдарға бару туралы пікір алмасты». Мұндай қадамдар қабылданды да.
...Жасыратыны жоқ, Еуропа тарапының қатысу мәселесі проблемалы болды. Дәлірек айтқанда, Брюссельдің Минскімен баршаға мәлім қарым-қатынасын ескергенде, Минскідегі кездесуге Еурокомиссия төрағасы Ж.М.Баррозудың қатысуы күмәнді көрінді. Онсыз Беларусь астанасына Украина Президенті де бармас еді.
Қазақстан Президентінің өзінің жұмысбастылығына және Алматы облысына барған өңірлік сапарына қарамастан, 2014 жылдың 19 тамызында Еуропалық комиссия төрағасы Ж.М.Баррозумен телефон арқылы сөйлескенін атап өту қажет. Осы әңгіме қорытындысында Еурокомиссия басшысы 2014 жылдың 26 тамызында Минскіде Кеден одағы, Украина және Еуропалық одақ елдерінің кездесуін өткізу туралы Қазақстан ұсынысына қолдау білдірді. Сонымен бірге, қажет болған жағдайда осындай кездесуді Астанада өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы әңгіменің Еуропа тарапының бастамасымен өтуінің өзі қызықты. Бұл еуропалықтардың соңғы сәтке дейін күмәнданғанын және осы жағдайда қалай жасау қажет деген мәселе бойынша Н.Ә.Назарбаевпен ақылдасқанын білдіреді…
Н.Ә.Назарбаев Ресей мен Украина президенттері В.Путин мен В.Порошенконың жеке кездесулерін – Порошенконың Украина мемлекетінің басшысы лауазымына сайлануы мен кірісуінен кейінгі олардың алғашқы екіжақты кездесулерін ұйымдастыру қажеттігіне айрықша маңыз берді. Қазақстан көшбасшысының бұл ниеті жүзеге асты да. Осылайша 2014 жылғы 26 тамыздағы Минск кездесуі тарихи оқиғаға айналды. Осыған дейін өзара тиімді шешім қабылдау мүмкін еместей көрініп келген мәселелер алғаш рет жоғары деңгейде ашық түрде талқылана бастады. Осындай жағдайларда Минскіде қол жеткізілген уағдаластықтар украин шындығының «шексіз проблемалар теңізіндегі құтқарушы шеңберіне» айналды…
III. МИНСК УАҒДАЛАСТЫҚТАРЫ НЕМЕСЕ АҚТАЛМАҒАН ҮМІТТЕР
Қыркүйектің соңғы онкүндігі мен қазанның басында, БАҚ-тардың хабарлауынша, оның ауық-ауық бітімді бұрмалаумен қоса-қабат жүргеніне қарамастан, дау-жанжал аймағында шынымен де саяси саябырлаушылық болып жатты…
Жоғарғы Радаға кезектен тыс сайлау өткеннен кейін тура бір аптадан соң, яғни 2014 жылдың 2 қарашасында өзін өзі жариялаған «Донецк және Луганск халық республикаларында» жергілікті сайлаулардың өтуі ахуалды одан бетер шиеленістіре түсті. Дауыс беру қорытындысы бойынша өзін өзі жариялаған ДХР басшысын сайлауда сайлаушылардың 50%-дан астам дауысын жинаған іс басындағы Премьер-министр А.Захарченко жеңіске жетті. Өзін өзі жариялаған ЛХР басшысын сайлауда 63,08% дауыс алған іс басындағы басшы И.Плотницкий жеңіске жетті. 2014 жылдың 4 қарашасында өзін өзі жариялаған «Донецк және Луганск халық республикаларының» жаңа сайланған басшыларының инаугурациялары өтті.
Батыс ДХР мен ЛХР-да өткен оқшауланған сайлауларды Минск уағдаластығын бұрмалау ретінде бағалай отырып, оларды тура мағынасында және топтасқан түрде айыптады. Оның сыртында Батыс РФ-ның ДХР мен ЛХР-дағы сайлауларды мойындаған шешімін де айыптады… Дау-жанжал өршу сатысына ауысты. Тиісінше, украин мәселесі іс жүзінде бүкіл халықаралық іс-шаралардың, оның ішінде, Қазақстан қатысатын іс-шаралардың күн тәртібіне енді. Біздің еліміздің теңдестірілген көпвекторлы сыртқы саяси бағыты Батыс пен Ресей арасындағы қатынастардың одан арғы перспективаларының белгісіздігі аясында жаңа сын-қатерлерге душар болды.
…2014 жылдың қазанымен салыстырғанда 2014 жылдың қарашасындағы жұмыс кестесінің тығыздығы еш жеңіл болмағанын атап көрсеткім келеді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми және жұмыс бабындағы сапарлары шеңберінде ГФР СІМ-інің басшысы Ф.-В.Штайнмайермен, Швейцария Президенті және ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Д.Буркхальтермен, Чехия Президенті М.Заманмен, РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы С.Нарышкинмен өте мазмұнды әңгімелер өткізді. Бұл ай Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовтің Астанаға ресми сапарымен аяқталды.
Бүтіндей алғанда, Мемлекет басшысы Швейцария Президентімен әңгімеде, осыған дейін Ф.-В.Штайнмайермен болған әңгімедегідей, украин мәселесін айтарлықтай егжей-тегжейлі талқылады. Оның сыртында неміс министрімен кездесуде айтылған украин дағдарысын реттеу жөніндегі іс-қимылдардың қадамдық жоспары туралы өз ойын жетілдіре отырып, Н.Ә.Назарбаев Д.Буркхальтермен әңгімеде келесі формуланы ұсынды деп ойлаймын: «Ресейдің айтқандарын, Украинаның айтқандарын, Еуропаның айтқандарын жайып сала отырып, бәтуалар іздестіруді бастау қажет».
- ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРААҒАЙЫНДЫҚ РӨЛІ: ҚОЛДАУ МА, ҚАРСЫ БОЛУ МА?
...Шиеленіскен жағдайдан шығудың жолын ешкім білмеді. Қантөгісті тоқтату үшін келіссөздердің қажет екендігін барлығы да түсінді, бірақ онда не ұсыну қажеттігін ұқпады. Оның үстіне, біреудің бастамашылықты қолына алуы қажет болды. Өйткені, кикілжіңге тартылған тараптардың барлығы бір-бірімен сөйлеспеді немесе келіссөздер кезінде бірін-бірі «естігісі» келмеді.
Міне, нақ осы кезеңде Қазақстан Президентіне украин дағдарысын реттеуде араағайын – бейбіт келіссөздердің бастамашысы болу жөнінде өтініштер түсе бастады. Бұл жөнінде Миландағы «Азия – Еуропа» саммиті форумы аясындағы кездесулерде де айтылды, бұл жайында Ф.-В.Штайнмайер де, Д.Буркхальтер де сөз қозғады.
…Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында, француз президентін украиндық дағдарысты реттеу жолдарының ресейлік көзқарасымен де таныстырды. Олар Франциядан келген мейманды өте қызықтырды. Тіпті, олар Ф.Олландты Ресей Президенті В.Путинмен неғұрлым белсенді сұхбат құруды бастауға түбегейлі иландырды деуге де болады.
Бұл тұрғыдан қарағанда, Ф.Олландтың Астанада Нұрсұлтан Назарбаевпен бірлескен баспасөз мәслихатында жасаған мәлімдемесі қызықты бола түседі: «Ең алдымен сөзбен сайысуды азайтуға қол жеткізу қажет. Содан кейін сөз сайысты азайту Украина аумағындағы нақты іс-қимылдарға ауысуы керек... Біз сапарларды, тетіктерді, үнқатысу алаңдарын шиеленісті төмендетуге қол жеткізу үшін пайдалануға келістік. Мұның өзі Украинаның аумақтық тұтастығын сақтауға, Украинаның шығыс өңірлеріне белгілі бір автономиялық сипат беруді кепілдендіруге, украиндық экономика осы қиын жағдайдан шыға бастайтындай жағдайға қол жеткізуге және сонымен бірге, атысты тоқтату туралы келісімді сақтауға мүмкіндік берген болар еді».
…Н.Ә.Назарбаев Ф.Олландты В.Путинмен сөйлесіп үлгергендігі және Франция Президентін қабылдауға әзір екендігі туралы хабарландырды. Оның үстіне біздің Мемлекетіміздің басшысы франциялық мейманды Мәскеудегі кездесудің қажеттігіне түбегейлі иландырды. Өйткені, мұның өзі Еуропа- Ресей үнқатысуын қайта қалпына келтіру үшін және Украина дағдарысын реттеуді ілгерілету үшін маңызды еді.
Франция мен Ресей президенттері 2014 жылдың 6 желтоқсанында Мәскеу уақыты бойынша 16.30-да Внуково әуежайында кездесті. Украинадан Таяу Шығысқа дейінгі, «Мистральдарды» жеткізуден бастап Еуропа мен Ресей арасындағы тайталасуларды тоқтатуға дейінгі проблемалардың кең ауқымы бойынша әңгіме қозғалды.
Мемлекет басшысының мұндағы негізгі ойлағаны П.Порошенкомен және В.Путинмен жеке-жеке кездесіп, олармен Украина дағдарысын ретке келтірудің мүмкін жолдарын талқылау және оларға жанжалды шешудің мәмілеге келу тетіктерін, соның ішінде француз көзқарасын есепке алған тетіктерді ұсыну болатын. 2014 жылдың 19 желтоқсанында Қазақстан және Украина президенттері телефонмен сөйлесті, Украина басшысы Н.Ә.Назарбаевты Украинаға сапармен келуге тағы да шақырды.
Сөйтіп, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырыстары өтетін Мәскеуге бара жатып, 22 желтоқсанда Украинаға сапар жасады. Украина Президенті П.Порошенкомен және елдің Премьер-министрі А.Яценюкпен келіссөздері болып өтті.
Осы кездесуден кейін бүкіл қазақстандық делегация бірден Киев әуежайына бағыт ұстады, ол жерден біз Мәскеуге ұшып шықтық. Ол күннің кестесі барынша тығыз болды және аяқталып та үлгермеді. Мәскеуге келісімен біз орналаса салысымен Кремльге баруға тиісті болдық. Мұнда Ресей Президенті В.Путинмен екіжақты кездесу тосып тұр еді. Бұл кездесуде Қазақстан басшысы өзінің ресейлік әріптесіне Ф.Олланд пен П.Порошенконың ұстанымдарын есепке ала отырып, украин дағдарысын реттеу жөніндегі жүзеге асуы ықтимал жоспарын ұсынуды көздеген еді. Осыған байланысты Н.Ә.Назарбаев ұшақ ішінде Киевте болып өткен келіссөздерді қайта бір ой елегінен өткізіп, «норманд пішіміне» қатысушылар жанжалды шешудің бейбіт үдерісін іске қосу үшін өзара қолайлы шешімдерді қабылдауына мүмкіндік беретіндей ұсыныстарды өз қолымен қағазға түсірді.
Басқа сөзбен айтқанда, В.Путинмен кездесу алдында Қазақстан Президенті «норманд пішіміне» қатысушы барлық тараптардың дерлік (Германияны қоспағанда Ресей, Франция және Украина тараптары) ұстанымдарының жалпы сұлбасын қалыптастырып үлгерді.
Бірақ Мемлекет басшысының Киев пен Мәскеуге сапарларының ең басты жетістігі мыналар болды: П.Порошенко да, В.Путин де «норманд пішімінде» кездесуге және барлық реттелмеген мәселелерді талқылауға; олар бойынша ұстанымдар дәл келген жағдайда, мұны қорытынды құжатта белгілеуге; ал қағидатты айырмашылықтар сақталып қалған жағдайда үнқатысуды одан әрі жалғастыруға және қажетіне орай олардың келісу жөнінде «жол картасын» әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді. Кез келген жағдайдың өзінде СІМ-дер басшылары жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытынды құжатының жобасын дайындауға, мүмкіндігінше оларды келісуге, ал қалғандарын мемлекет басшыларының талқылауына енгізуге тиіс болды.
«Норманд төрттігінің» саммитін өткізу үшін неғұрлым қолайлы орын ретінде Астана қаласы ұсынылды. Қазақстан Президенті үнқатысу үшін кез келген қолайлы уақытта алаң ұсынуға дайын екенін білдірді. Оның үстіне В.Путинмен кездесуде «норманд төрттігі» елдері басшылары кездесуінің мүмкін болатын күні ретінде 2015 жылдың 15-16 қаңтары ұсынылды. Осы мерзімді келісу жөнінде жұмыс басталды...
- «Норманд пішіміндегі» кездесу:
Неліктен Астана емес?
Тайталасушы тараптар «норманд пішіміндегі» бейбіт келіссөздер басталуының қарсаңында 2014 жылдың 19 қыркүйегіндегі Минск меморандумында белгіленген шектеу желісімен шектеліп қана қалмай, қосымша аумақтарға өз ықпалдарын тарата отырып, тактикалық артықшылыққа қол жеткізуге ұмтылды. Міне, осындай жағдайда, 2015 жылдың қаңтары мен ақпанын тұтастай алғанда, жанжал аймағындағы атысты тоқтатуға және дағдарысты реттеудің бейбіт үдерісін бастауға бағытталған «норманд төрттігі» елдері басшыларының кездесуін ұйымдастыру жөніндегі келіссөздер де тоқталып қалмай жүріп жатты.
Бірақ Назарбаев пен Меркельдің кездесуінде бір-біріне жағымды әсер қалдыру негізінде екі көшбасшы да әңгімелесуге бейім екендіктерін, бірін бірі айтпай-ақ ұғып отырғандықтарын көрдім. Екеуіне де Украина жанжалын тек қана бейбіт жолдармен ретке келтіруге қол жеткізуге деген шынайы ниет дем беріп отырды. Екі мемлекет көшбасшылары іске қосылған барлық тараптардың Минск келісімдерін бұлжытпай жүзеге асырудың қажеттігін, мұның тез арада бейбіт шешуге және сенімді нығайтуға ықпал ететіндігін атап көрсетті. Олар дағдарыстан шығу жөніндегі шешімдерді бірлесе тынымсыз іздестіруді бастады.
А.Меркельдің Қазақстан басшысынан «норманд төрттігі» елдері жетекшілерінің кездесуін нақ Астанада өткізудің қаншалықты қағидатты екендігін ашық сұрауы да қызықты болды. Бұған Қазақстан Президенті де соншалықты қағидатты емес екендігін айтып, шынайы жауап берді. Шын мәнісінде, қантөгісті, әсіресе, бейбіт тұрғындар, әйелдер мен балалар арасындағы қазаға ұшырауды тоқтату үшін бұл кездесуді өткізудің орны емес, оның өтуі анағұрлым маңызды еді...
Минскіде 11 ақпан күні кешке Ресей Президенті В.Путин, Германия Канцлері А.Меркель, Франция Президенті Ф.Олланд және Украина Президенті П.Порошенко «норманд пішімі» бойынша жұмысты бастады. Келіссөздер 16 сағатқа жуық уақытқа созылды. РФ, ГФР, Франция және Украина көшбасшылары қалыптасқан ахуалды реттеу жөнінде түні бойы кеңесті. Соңғы сағаттарда оларға ЕҚЫҰ төрағасының Байланыс тобындағы арнайы өкілі Х.Тальявини қосылды. Кездесу келесі күні – 12 ақпанда таңертең аяқталды.
Сол күні, 12 ақпанда А.Лукашенко бұл кездесудің ұйытқысы нақ Қазақстан болғандығына құрметтің белгісі ретінде, біздің еліміздің Президентіне телефон шалып, оған «норманд пішімінде» Минскіде өткен келіссөздердің қорытындысы жөнінде хабарлады. Н.Ә.Назарбаев хабар бергені үшін алғысын айтып, оны кездесуді тамаша өткізуді ұйымдастырғанымен, сонымен бірге, келіссөздердің ойдағыдай аяқталуымен құттықтады.
Алайда тағы бір есте қаларлық мәселе, келесі күні – 13 ақпанда ГФР Канцлері А.Меркельдің қоңырау шалуы болып табылды…
Сонымен бірге, бұл әңгіменің барлық бүге-шігесі жұртшылыққа мәлім емес. Менің ойымша, А.Меркельдің әңгіменің басында-ақ жақын сенімді қарым-қатынасты ескере келіп, «норманд пішіміндегі» саммитті неліктен Астанада емес, Минскіде өткізу жөнінде шешім қабылданғандығына түсінік бергендігін білу оқырмандар үшін қызықты болуға тиіс.
2015 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысына Ресей Президенті В.Путин және Украина Президенті П.Порошенко қоңырау шалды. Телефон арқылы әңгімелер туралы бұл хабарламалардан белгілі болғанындай, Қазақстан Президенті «норманд төрттігінің» кездесулері болып өткендігімен ғана қанағаттанып қалған жоқ. Мемлекет басшысы «норманд төрттігі» елдеріндегі өзінің әріптестерімен жұмысты жалғастыра отырып, олардың Минск келісімін одан әрі бұлжытпай жүзеге асыруына қозғау салды.
Оңтүстік-шығыс Украинадағы жанжал – Украина халқының үлкен трагедиясы. Бұл дағдарыс адам өмірінің құны жойылған шектен асып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. БҰҰ деректері бойынша, жанжал аймағында 6 мыңнан астам адам қаза тапты, ондаған мың адам жараланды, 1,5 миллионнан астам бейбіт тұрғын босқынға айналды.
Қазақстан да Украинада болып жатқан оқиғаларға қатты алаңдайды. Мемлекет басшысының жеке өзі үшін де Украина тіпті де бөтен ел емес. Біз Н.Ә.Назарбаевтың жастық шағы Украинада өткендігін және ол жақта оның достары мен таныстары қалғандығын жақсы білеміз.
Қазақстан Президенті Украинаның оңтүстік-шығысындағы жанжалды бейбіт жолмен шешуден басқа балама жоқ екендігін бірнеше рет мәлімдеді. Біздің еліміз Украина дағдарысын тек қана бейбіт жолмен шешу жөніндегі ортақ жұмысқа белсенді түрде қатысуды жалғастыратын болады. 2015 жылғы 12 ақпандағы Минск уағдаластығын жүзеге асыруды тоқтатуға болмайды. Бұл дағдарыстың бейбіт жолмен шешілуі барлығына да жеңілдік әкеледі.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Бүгінде Украина дағдарысының шешіміне қажетті кілтті неліктен нақ Астанадан іздейді? Неліктен халықаралық күн тәртібіндегі ең күрделі проблемаларды шешу үшін нақ Нұрсұлтан Әбішұлына жүгінеді? Өйткені, Қазақстан Президенті саяси салиқалы тұлға және әлемдік ауқымдағы беделді саясаткер ретінде көптен танымал. Ол Шығыспен де, Батыспен де бірдей еркін сөйлесе алады, оның бітімгер және «адал саяси менеджер» ретіндегі танылған беделі ешқандай күдік келтірмейді. Оның байсалды үніне әлемдік саясатшылар әрқашан мұқият құлақ түреді. Оны бағалайды. Оған сенеді.
Нұрлан ОНЖАНОВ.