25 Тамыз, 2015

Көкшетауда қоғамдық қабылдауда көмек көрсетілді

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

25.08.2015 AQM

КӨКШЕТАУ. 25 тамыз. Көкшетауда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Онда әркім өзін толғандырған мәселелерді ортаға салып, Парламент өкілінен көмек қолын созуын сұрады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Алдымен азаматша Шынар Ғаббасова ұсыныспен жүгінді. Ол өзінің жұбайы бірінші топтағы мүгедек екенін айтып, бес адам аядай бір бөлмелі пәтерде қысылып-қымтырылып тұрып жатқандарын жеткізді. Бірақ, өзінің пәтер сұрап келмегенін тілге тиек етті. Себебі, осыған дейін қалалық әкімдікте болып тұрғын үй алудың жағдайымен де танысады. Заң бәріне ортақ. Ешкімге кезекті аттатып пәтер кілтін қолына ұстата қоймайды. Сондықтан, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына өзгертулер енгізілсе деген ұсынысын ала келіпті. Мұндағы ойы әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтағы тұрғындарға жергілікті атқарушы органдар жекелеген тізімдер жүргізсе деген тілек.

Өз кезегінде Сергей Дьяченко бұл мәселеге заң қабылдау кезінде баса назар аударылатынын айтты. Ол көптің ортақ пікірімен шешілетін мәселе деді.

Щучинск қаласының тұрғыны Александр Бойконың талай шекпендінің табалдырығын тоздырып жүргеніне де бірсыдырғы уақыт болыпты. Өзі еліміздің еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы екен.  А.Бойко жұмыссыздар санын қысқартуда Бурабай курортты аймағында туризм және бұқаралық демалыс индустриясын дамыту қажеттігін айтады. Осының ішінде, «Щучинский» санаториясын құрылымдық өзгерістерге түсіру жөнінде кәсіподақтардың республикалық федерециясына жолдаған жазбаша шағымы оның жұмыстан босатылуына негіз болған көрінеді.

Ал, Алла Мишина еліміздің солтүстік өңірлерінде бұрынғы кеңес заманындағыдай жалақыға 15 пайыздық үстемеақы берілсе дейді. Өйткені, біздің жақтың табиғаты да қатал, қысы да ұзақ. Адамдарға коммуналдық шығынды өтеу де оңайға соқпайды.

Парламент өкілі бұл ұсынысты да назарға алатынын жеткізді.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары қазіргі таңда бюджет қаражатын мейілінше тиімді жұмсауға бағыт ұсталғанын айта келіп, Парламент талқылауындағы заңдық актілер жөнінде хабардар етті.

Вице-спмкермен бірге қоғамдық қабылдауға Парламент Сенатының депутаты Рашит Әкімов те қатысып, сайлаушылар сұрақтарына жауап қайтарды.

Бақберген Амалбек.

Дерек, сурет: egemen.kz