25 Тамыз, 2015

Душанбелік жігіт туған күнін тойлағаны үшін жазаға тартылды

338 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

25-08-15-svechi-1

АСТАНА. 25 тамыз. Тәжікстанның астанасы – Душанбе қаласының тұрғыны Амир Исаев достарымен бірге туған күнін атап өткені үшін ақшалай айып төлеуге мәжбүр болды. Бұл туралы ras.kz хабарлады. Жас жігіт 25 жасқа толғанын жолдас-жораларының ортасында кафеде тойлайды. Соңынан сондағы түскен суреттерінің біразын Facebook желісіндегі парақшасына салады. Міне, осы суреттер құқық қорғау органдарының назарын аударады. Олар осыған қарап, туған күн иесінің «Салтанаттарды тәртіптеу туралы» заңның бұзғанына көз жеткізеді. Ал заңда: «туған күндер өз еріктерімен тек отбасы шеңберінде атап өтіледі» деп жазылған екен. Сондықтан Амир кафеде дастархан жайып, меймандарын тортпен сыйлағаны үшін... 4 мың сомони (шамамен 633 доллар) көлемінде айыпқа тартылады. Исаев сотта мұның той болмағанын дәлелдеп бағады. Ол келушілердің әрқайсысы дастархан үшін өздері ақша төлегенін айтады. Сондай-ақ оған ешкім сыйлық әкелмепті. Алайда, судья бұл дәлелдердің бәрін тәнге алмапты. Ал әлгіндегідей қызық заң 2007 жылы президент Эмомали Рахмонның бастамасы бойынша қабылданған екен. Ол республика тұрғындарының осындай шағын тойлар өткізу үшін банктен кредит алып, оны өтей алмай жүретіндіктеріне қарай қабылданыпты. Осы заңға сәйкес, салтанатқа келушілер санына, тағамына шек қойылған. Талғат Райымбек.