20 Мамыр, 2015

Кешегі би мен бүгінгі би немесе тарихи сабақтастық туралы

537 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдетте, «ғылыми конференция» дегенде бір топ адамдардың бас қосып, қасаң тілде (көбіне ресми тілде) баяндама жасасып, өздеріне ғана түсінікті ойларымен ортақтасып жататын көңілсіздеу жиын көзге елестейді. Ондай жиындардың да қажеттілігі бар шығар, бірақ қалың көпшілік қабылдай бермейді. Алматы қалалық соты ұйымдастырған «Жеті жарғы – дала демокаратиясының озық үлгісі, мемлекеттік құқық пен сот билігінің алтын арқауы» атты өңірлік ғылыми конференциясына шақырту алғанымда сондай көңілсіз жиындардың бірі болар деген күмәнді ойдың қылаң бергені рас. Бірақ конференция барысында бұл күмәніміз сейіліп кетті.

Ең алдымен сіздерге осы ғы­лы­ми конференцияның табысты өтуі­не зор ықыласын білдірген Жо­ғарғы Сот Төрағасы Қайрат Әб­ді­­разақұлы Мәмидің құттықтауын жеткізбекшімін, деп бастады сөзін Жоғарғы Сот судьясы Ақылтай Қа­сымов, биылғы жыл ел мерейін өсірген ерекше жыл болды және өзіне тән тарихи құндылығымен ұрпақ жадында сақталары сөзсіз. Қазақстан Рес­публикасының Жоғарғы Соты Қазақ хандығының 550 жыл­дығын атап өтуге орай үлкен іс-шараларды ұйымдастыруға бастамашы болып отыр. Осы конференицияда Конституцияда атап көрсетілгендей, оның құқықтық жүйесімен билер сотының әділдігін, ел басқарудың тура жолын көрсететін тарихи танымы кең, құндылығы терең ой-пікірлер айтылады деп ойлаймын.

Расында да, конференцияда тарихи тағылымы кең, құндылығы терең ой-пікірлер айтылды. Жи­налған жұртты жалықтырмаған баяндамалар да жасалды. Сөз жоқ, конференцияның бәсін арттырған осы ой-пікірлер мен баяндамалар. Сөйлеушілердің де, баяндама жа­саушылардың да тиянақты һәм тыңғылықты дайындалып келгендігі көрініп тұрды.

Конференцияның ашылуында сөйлеген Жоғарғы Сот судьясы Ақылтай Қасымовтың, кон­фе­рен­цияның жұмысын жүргізген Алматы қалалық со­тының төрағасы Ақжан Ештай­дың, Қарағанды об­лыстық сотының төрағасы Мұсабек Әлімбековтің бастан-аяқ қазақша сөй­легені елді сүйсіндірді. Сондай-ақ, Астана қалалық сотының төр­ағасы Тілектес Бәрпібаевтың, Қазақстан Республикасының Әскери сотының төрағасы Сә­кен Аблуллаевтың, Ал­маты қа­лалық сотының төрағасы Ақжай Ештайдың, Қарағанды об­лыстық сотының төрағасы Мұ­са­бек Әлімбековтің, Алматы қаласы, Алатау аудандық сотының төр­ағасы Ербол Жанғазиннің баяндамалары мазмұнды және мағыналы болып шықты. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгінің билері кешегінің билері туралы тұшымды әңгіме өрбітті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Зайлағи Кенжалиев конфе­ренция бағдарламасы бойынша «Методологические проблемы ис­следования института судебной власти в тардицонном казахском ханстве» деген тақырыпта баян­дама жасауы тиіс болатын. Бірақ профессор мырза неге екенін қайдам, қолтықтап шыққан қағазына қарамастан, сөйлеген сөзіне бірауыз орысша қоспай, тартымды әңгіме айтты. Дәстүрлі қазақ хандығындағы сот билігі туралы сөйлей отырып, З.Кенжалиев бүгінгі сот жүйесі туралы да пікір білдірді. Мен бүгін осы конференцияға қатыса отырып, деді Зайлағи Жантуғанұлы, әрі қызғанып отырмын, әрі қызығып отырмын. Қызғанып отырғаным, бүгінгідей тақырыптағы мұндай конференцияны біздер заңгер ғалымдар және тарихшылар ұйымдастыруға тиіс едік. Бұл жағынан Қайрат Мәми басқарған сот жүйесінің қызметкерлері біздің алдымызды орап кетті. Қызығып отырғаным, конференцияда сөй­леген шешендердің сөздері де, баяндамашылардың тұжырымдары да тұшымды болды. Конференция жұмысы сәтті өтіп жатыр...

Осы конференцияны ұйым­дастырудың басы-қасында жүр­ген Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Сотының жанындағы Сот­тардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің ақпараттық қам­тамасыз ету бөлімі меңге­рушісінің орынбасары Қа­напия Омархановтың айтуын­ша, өңір­лерде өтіп жатқан (оның ішін­де Алматыдағы да) ғы­лыми кон­ференциялардың негізі осы жылдың қыркүйек айында Жоғарғы Соттың ұйым­дастыруымен өтетін «Қазақ құ­қығы мен билер сотының төрелігі – қазақ мемлекеттілігінің феномені» атты халықаралық ғы­лыми конференцияның ал­дындағы дайындық барысы екен.

Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан».

Алматы.