26 Тамыз, 2015

Бәрі де сұранысқа байланысты болады

359 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Айдайбек Калымбетов-3 Баршаға мәлім, бүгінде жаңа экономикалық саясат бо­йынша мемлекетіміз теңгенің еркін бағамына көшіп отыр. Бұған себеп әлемдік нарықтағы жағдайдың күрт өзгеруі екені белгілі. Бұл – әлемдік құбылыс. Ұлттық банктің Жамбыл облыстық филиалының директоры Айдайбек ХАЛЫМБЕТОВ осы туралы әңгімелейді. – Еліміз әлемдік экономикамен кіріктірілген байланыста болғаннан кейін осындай жолмен жүруімізге тура келеді. Бұрын мемлекеттің орталық бан­кі ретінде Ұлттық банк бағамды рет­теп отыратын. Ендігі жерде теңге ер­кін айналымға жіберілгеннен кейін тек мемлекеттің, халықтың мүддесін қорғау қажет болған күрделі жағдайларда ғана болмаса, Ұлттық банк бұл іске араласпайды. Теңгеге, басқа да валюталарға бағамдар ұсыныс пен сұраныстың негізінде құралады. Валюталық биржада қажетті валюталарға са­­тып алу бағамдары соған сай қа­лып­­тасатын болады. Жалпы, теңгені еркін айналымға жіберуден тек қана бағам жоғары болады, өседі деген сөз емес. Баға төмен де болуы мүмкін. Бәрі де экономикалық құбылыстарға, сұраныс пен ұсынысқа байланысты болады. Нағыз нарықтық экономиканың ең негізгі заңы бұл. Дегенмен, доллар бағамы тұрақтанғанда бұдан аз-кем төмен­деу болады деген ойдамыз. Бәрін де уа­қыт көрсетеді. – Елбасымыз экономикалық мәселелердің оң шешілуін тұ­рақты назарда ұстап отыр. Әри­не, мұның бәрі сарапшылар мен ма­мандар тарапынан әбден пысық­талып, ойластырылып барып қабылданған іс екені де бел­гілі. Бұл жағдайдың салдары қандай болмақ? – Әлбетте, шетелден әкелін­ген тауарлардың бағасы өсуі мүм­кін. Бірақ, оған еш негіз жоқ. Сауда орындарындағы тауарлар бұрынғы бағамен сатылып алынып қойылған. Азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры бар бізде. Ал тауарлардың тең­гемен сатылып алынғандары­ның бағасы тұрақты болуға тиіс. Ендігі жерде жергілікті атқарушы билік органдары, Ұлттық банк және екінші деңгейдегі банктер тарапынан сауда орындарында бағаны, инфляцияны өсірмеу бағытында біраз түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет етіледі. Сонымен қатар, Елбасымыз­дың халықтың айырбас бағамының өзгеруінен шеккен шығынын азайту мақсатында Ұлттық банкке берген тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта Ұлттық банк тарапынан 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша теңгемен ашылған және есепшоттарында 1 миллион теңгеге дейінгі қалдық сомасы бар шұғыл депозиттері үшін өтемақы төлеу тетігін енгізу мәселесі қарас­ты­рылуда. – Жалпы, инфляциямен, құн­сыз­данумен күресудің қандай жол­дары бар? – Екі жолы бар. Оның бірі – «монетарлық», екіншісі – «монетарлық емес» деп аталады. Монетарлық бағыт – Ұлттық банк құзыретіндегі мәселелерді қамтиды. Монетарлық емес бағыттағы жұ­мыс, бұл – жергілікті билік өкіл­дерінің нарықты тұрғындар үшін ең қажетті, тапшы тауарлар­мен то­лық­тырып, олардың үз­бей жеткі­зілуін қадағалап отыруы. Та­уар­лардың бағалары қатаң бақы­лауда ұсталынуда. Тауарлар баға­сының өсірілуі негізді ме, негізсіз бе – оны түрлі комиссиялар ұдайы қада­ғалайтын болады. Ел­басымыз да, Үкіметіміз де бұл мә­се­лені бас­ты назарда ұстап отыр. Ха­лықтың қобалжуына еш негіз жоқ. Бүгінде банк саласында бұ­рын-соңды болмаған жағдай, тұр­ғындардың доллар бағамы өскен сайын қолдағы шетел валюталарын жоғары бағамен өткізуі байқалып отыр. Валюталарды сатып алу онша көп емес, есесіне оларды жоғары бағамен өткеру басым. Бұл қазіргі таңдағы дұрыс құбылыс деп ойлаймыз. Жалпы, банктер, айырбас пункттері шетел валюталарының түр-түрімен толықтай жеткілікті қамтамасыз етілген. Бұл мәселеге байланысты ешқандай дүрбелең тудыруға негіз жоқ. Ал бұл орайда нақты жағдаймен қабыспайтын бос әңгімелер таратушылар үшін қолданылар жаза бар екені баршаға мәлім шығар деген ойдамыз. Қазірдің өзінде жергілікті атқа­рушы органдар өздеріне тиісті жұ­мыс­тарын мүлтіксіз атқаруда. Дү­кендерде тауарлар әр уақытта да жет­кілікті, үзілмейді, тиісті қор­лары бар, халықтың ең қажетті, не­гізгі тұтынатын тауарлары бойын­ша сатып алулар да талапқа сай жү­зе­ге асырылып жатыр. Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.