...Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін қимас жандар болады ғой. Жақында өзіммен бірге алты жыл бір партада отырған Зайсан ауданынан келген ескі досты кездестіріп қалдым. Арсалаңдап келіп құшақтай алған одан мән-жайды сұрастырсам, бауыры ауырып, Өскемендегі бірінші қалалық аурухананың гастроэнтерология бөлімшесінде емделіп шыққан беті екен.
– Созылмалы В гепатитін жұқтырып алғанымды білгенімде қатты қорықтым. Ал аудан орталықтарында қауіпті бауыр сырқатын емдей қоятын дәрігерлер жоқтың қасы. Аудан жолдамасын алып, Өскемендегі қалалық аурухананың күндізгі бөлімінде ем қабылдау үшін кезекке жазылуды көздеп порталға тұрдым. Жолым болды, өз ісінің білгір маманы, №1-ші қалалық аурухананың гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, Семей мемлекеттік медицина университетінің профессоры Хадиша Садриқызы мені қабылдаған соң, өзі емдейтінін айтты. Қолы шипалы, көпшіліктің алғысына бөленген Хадиша Хакимова облыстың бас гастроэнтерологы қызметін қоса атқарады екен. Екі апта жатып, ем алдым. Қазір жағдайым жақсы, – деп ол ағынан жарылды.
Отыз жеті жыл адам жанының арашасы болып қызмет етіп келе жатқан білімді де білікті, жоғары санатты дәрігер Хадиша Садриқызымен әңгімелескенде, көп мағлұмат алдық. Қарапайым, аз сөйлеп, көп тыңдайтын кейіпкеріміз 1971 жылы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектепті «Алтын медальға» бітіріп, Семей қаласындағы медицина институтының емдеу факультетіне бір пәннен ғана емтихан тапсырып, оқуға түсіпті. Ол жоғары оқу орнын үздік бітірген соң жолдама бойынша Өскеменге келіп, облыстық ауруханада интернатурадан өтеді. Содан кейін бес жыл қалалық №-2-ші ауруханада терапевт мамандығы бойынша қызмет етеді. Бұл күндері №1-ші қалалық ауруханада дәрігер-ординатор, бөлімше меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Қазір облыс тұрғындары арасында асқазан, ұйқы безі, ішек, бауыр сырқаты өршіп тұр. Оның себебін қоршаған ортаның күрделілігі, адамдардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы, дұрыс тамақтанбау, жүйкеге түскен ауыр салмақтан іздеген жөн шығар, әсіресе, созылмалы В.С. вирусты гепатитін жұқтырып алғандар жыл сайын көбейіп келеді. Сырқат неден жұғады? Арақ пен шылым шегу, ағзаға зиянды майлы тағамды жиі қолдану аса қауіпті. Сондай-ақ, ұйқы безі ауруын емдеу де қиын. Бұл сырқатты ауруханада жатып, емдеуге көпшіліктің жағдайы келе бермейді. Бір ғана мысал. Соңғы бір-екі жылдан бері скринингті тексеру нәтижесінде облыста екі мың адамның созылмалы В.С. гепатитін жұқтырғаны белгілі болды. Оны дер кезінде емдемесе бауыр циррозына айналып кетуі ғажап емес. Мәселен, өңірде жыл сайын 300-350 адам цирроз сырқатымен ауыр халде емханаға түссе, көбін жүйелі емдеу нәтижесінде аман алып қаламыз. Адам үшін ең қымбат денсаулық қой. Оған назар аударғанымыз жөн. Сырқат меңдемей тұрып, дәрігерге көрінсеңіз, барлық қиындықты жеңе аласыз, – деп облыстың бас гастроэнтерологы біраз жайдан мағлұмат бере кетті.
– Осыдан үш жыл бұрын Үкіметтің қаулысы бойынша аса қауіпті дерттің алдын алу мақсатында сырқатқа шалдыққандарды емдеу үшін мол қаржы бөлінді. Мәселен, бұрын сырқат жандар бұл дерттен емделу үшін өз қалталарынан 6-12 мың АҚШ доллары мөлшерінде қаржы шығарып, жанын аман сақтап қалу үшін емделетін. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында адамдарды медициналық жағынан қамтамасыз ету үшін жыл сайын мол қаржы бөлінетінін, қазіргі кезде аса күрделі жүрек, бауыр, бүйрекке сәтті операциялардың өз елімізде жасала бастағанын айтқан. Біздің бөлімшеде де адамдарды емдеу үшін қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар, – дейді Х.Хакимова.
Асқазан, ұйқы безі, ішек, бауыр сырқатына шалдыққандарды гастроэнтерологтың емдейтіні белгілі. Хадиша Садирқызының айтуынша, бұл мамандықты меңгерген мамандар тапшы. Сондықтан да облыстың бас дәрігері қалалар мен аудандарға іссапарға шығып, сырқат жандарға көмек көрсетеді, ауруы меңдеп бара жатса Өскеменге келіп емделуге кеңес береді.
Гастроэнтерология бөлімінде емделіп жатқандарға өзінің мол тәжірибесіне сүйене отырып ақыл-кеңес беру, сырқаттарға ем-домына қажет дәрі-дәрмек пен витаминдерді қан тамыры арқылы жіберу, қарамағындағы жас дәрігерлерді үйретуге, жиі-жиі Алматы мен Астанада, Мәскеу, Еуропаның үлкен қалаларында өтіп жататын пайдалы симпозиумдар мен конференцияларға қатысу, тағы басқа іс-шараларға Хадиша Садирқызының уақытты қалай табатынына әріптестері таң қалады.
Бөлімде қазір 18 адам қызмет етеді. Дәрігерлер Шынар Әшімова, Маржан Жанасбаева жас болса да білімдерін жетілдіруге назар аударады. Шынар Семей медициналық университетінде магистратураны аяқтап, докторантурада оқып жүр. Маржан білімін жетілдіруге әзірленуде, биыл магистратураға бармақ. Медбикелер, ұжымның ардагерлері Гүлия Жексенбаева, Мәрия Қайранова, Бибінұр Марианова, Гүлжан Айтқазина, Светлана Ситракова, Нұргүл Түстікбаева сапалы қызметімен көпшіліктің алғысына бөленген абзал жандар. Олардың барлығының Хадиша Садирқызының іскер де шебер ұйымдастыруы мен ширек ғасырдай бір жерде тапжылмай қызмет етіп келе жатқаны да көп жайды аңғартса керек. Шипалы қолымен мыңдаған адамды емдеп, ғибратты ғұмырымен ел алғысына бөленген ғалым, қолы шипалы дәрігер, Семей медицина университетінің профессоры, «Қазақстан денсаулық сақтау саласының үздігі» Хадиша Хакимова алдағы уақытта да адам жанының арашашысы бола бермек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист.
ӨСКЕМЕН.