06 Наурыз, 2015

Облыстық сот «Сарыағаш ісін» қайта тергеуге жіберді

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

06-03-15-saryagach-1

ШЫМКЕНТ. 6 наурыз. Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Сарыағаш оқиғасына» қатысты қозғалған қылмыстық істі  қайта тергеуге жіберуге ұйғарым жасады. Бұл туралы облыстық сот баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. «Егер бұл қаулыға ешкім шағым түсірмесе, 15 күннің ішінде істі Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына жібереміз», - деді осыған орай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Әбинұр Қарабаев. Судья сонымен бірге осы қылмыстық іске байланысты табылған жаңа айғақ – қаза тапқан адам автокөлігінің бейнетіркегіш құралы іске тіркелетінін айтты. «Полицейлер айғақ затты қылмыстық іс сотқа кеткен соң тапқан. Оны марқұмның көлігінен ұрлап, лақтырып жібергені анықталған. Біз оны көрдік, тексердік, іске маңызы бар айғақ зат екеніне көзіміз жетті», - деді судья. Еске сала кетейік, 4 ақпан күні сағат 1:40 шамасында Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылдық округі Бостандық ауылының жанынан ағып өтетін Келес өзенінен батысқа қарай 500 метр қашықтықта өзінің «Мерседес-Гелинваген» маркалы м/б KZ 606 KLA автокөлігінің артқы орындығынан 1985 жылы туған Бақытжан Артықов деген азаматтың өлі денесі табылған. Күдікті – Бостандық елді мекенінің тұрғыны Павмадин Нарметов арада үш өткеннен кейін көрші Өзбекстан жерінде қолға түсті. Қанды оқиғаның соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ынтымақ және Бостандық ауылдарында ақпанның 5-і мен 6-сы күндері жергілікті тәжік тұрғындарының меншігіндегі бірнеше тұрғын үй мен автокөліктер өртенген. Бақтияр Тайжан. Дерек, фото: Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.