Халқымыздың тағдыр-талайына солай жазылды ма, әлде кенеттен келіп килікті ме, әйтеуір арғысын айтпағанда ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы толқын-толқын аласапырандар қазақты шөптей жұлып, тарыдай шашып, тоздырып жіберді. Туған елден еріксіз түрде табан үзіп, туыс-бауырдан көз жазып ыдыраған елдің бармаған жері, баспаған тауы қалған жоқ деуге болады. Біразы жат жұртта жерленуге мәжбүр болса, бірқатарының ұрпақтары туған жерге кеп түтінін түтетуде. Жоқтаушысы бар асылдардың сүйегін ұрпақтар атамекенге әкеліп жерлеп, үлкен іс тындырып жатыр. 1993 жылы сүйегі Ресей жерінде қалған Исатай батыр Сүйеубаевтың денесі Маңғыстауға әкелінсе, енді, міне, тәжік жерінде ғасырдан астам уақыт «сарғайған» жорық ақыны Қалнияз жыраудың мүрдесі атамекенге жеткізілді.
Қалнияз Шопықұлы 1816 жылы қазіргі Бейнеу ауданына қарасты Сам құмында дүниеге келген. Жастайынан «Қырымның қырық батырын» жырлап, жыршы, жырау ретінде танылған. Әрі ақын, әрі батыр ол Хиуа хандарына қарсы жорықтарға қатысып, сарбаздарды өлең-толғауларымен ерлікке үндеді. 1870 жылы Ресейдің патша үкіметіне наразылық білдірген Иса-Досан көтерілісіне қатысады. Көтеріліс жеңіліс тапқан соң патша өкіметінің қудалауымен ауыл-елі Ауғанстанға бет алды. 1902 жылы Тәжікстанның Гиссар алқабында өмірден өтіп, топырақ жат жерден бұйырады. Қалнияз жыраудың «Ер Қармыс», Балуанияз» жырлары, «Қожалақ батырға айтқаны», «Сүгір батырға» арнауы сынды ерлік дастандары, басқа да айтыстары, толғау-термелері, жырлары мен күйлері қазақ еліне, Маңғыстау, Атырау өңірлеріне, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне кеңінен таныс. Бүгінде ұрпақтары Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрады.
Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайыл Сейітбеков бес жағдайда ғана мәйітті қайта жерлеуге рұқсат берілетінін түсіндірді.
– Бисмилләһир-рахманир-рахим!
Шариғат бойынша марқұмның мәйітін себепсіз ашу харам іс. Яғни мәйіт сүйегі қабірде шіріп жоқ болды-ау дегенге дейін қабірді себепсіз ашуға болмайды. Бірақ мәйітті қазып алып, басқа жерге жерлеу үшін себептер болуы тиіс. Біріншіден, марқұм кәпірлердің зиратына жерленсе, қазып алып, мұсылман зиратына жерлеу керек. Екіншіден, жат жерге жерленсе, сондай-ақ біреудің жеріне жерленсе – жер иесі мәйітті алып кетуін талап етсе, қазып алынып, басқа жерге жерлеу керек. Үшіншіден, көпшілікке қажетті құрылыс не жол салынатын болса, марқұмды қазып алып, басқа жерге жерлеуге болады. Төртіншіден, қабір су астында қалу қаупі болса немесе су шайып кету қаупі болса, онда қазып алып басқа жерге жерлеуге болады. Бұл ретте мәйіттің бұзылған-бұзылмағанына қарамайды.
Мәйітті басқа зиратқа көшіру керек болған жағдайда, қабірді ашпас бұрын Құран оқылып, мәйітін яки сүйегін ақ матаға орап, екініші қабірге көміп, артынан Құран бағышталады. Бірақ жаназа намаз оқылмайды, деді ол.
Осылайша, кезінде: «Асқар биік тауларым, Кетемін деген ойда жоқ, Кетірді дұшпан жауларым», деп күңірене жырлап, тәжік жерінде өмірмен қош айтысқан күрескер ақын, жорық жырауының тілегі қабыл болды, арманы орындалды. Оның сүйегі «Адай Ата – Отпан тау» кешеніне қарасты қорымға алғаш болып жерленді.
Ата қабіріне бір уыс топырақ салуға жиылған ел-жұрт баба сүйегін бір ғасырдан астам уақыт сақтап, ұсынысты қуана қолдаған тәжіктерге ризашылығын білдірді. Және бір қуанарлығы, ақынның ұрпақтары дер кезінде үлгерген екен. Өйткені, Қалнияз жерленген жерге, жер иелерінің бас жоспарына сәйкес, құрылыстар салынып, жол төселгелі жатыр екен.
Маңғыстау облысы.
––––––––––––––
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН.