26 Тамыз, 2015

Әріптестік ауқымы кеңейе түспек

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың экономиканың шикізаттық емес секторына отандық және шетелдік инвестициялар тарту көлемін ұлғайту және экспорттық әлеуетті дамыту бойынша алға қойған міндеттерге сәйкес үсті­міздегі жылдың 13-14 тамызында Ақтөбе облысының әкімі Архи­мед Мұхамбетовтің бастауымен Түрік Республикасының Конья қаласына бизнес-делегация сапары ұйымдастырылды. Делегация құрамына аймақтық кәсіпкерлер палатасы, «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ инвесторларға қызмет көрсету орталығы өкілдері енді. Сапардың негізгі мақсаты – қазіргі заманғы Түркияның жедел­детілген дамуының жинақталған тәжірибесін, негізінен өнеркәсіптік орталық – Конья қаласы индус­триялық аймағының қызмет ету механизмін зерттеу болып табылады. Конья қаласында 9 ұйымдасқан өнер­кәсіптік аймақ пен 15 шағын индус­триялық аймақ жұмыс істейді. Аймақаралық ынтымақ­тас­тықты дамыту мақсатында Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхам­бетов Конья аймағы басшы­лы­ғымен кездесті. «Жасыл технологияны» қолданатын энергетика, құрылыс индустриясы, металл өңдеу саласындағы бірқатар кәсіпорындарда болды. Сондай-ақ, облыс әкімі Анталья қаласының мэрімен кездесіп, туристік саладағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. 2049 гектар аумақты иеленген Коньяның ұйымдасқан өнеркәсіп аймағында өндірістің 80 әртүрлі секторында 520 кәсіпорын жұмыс істейді, оларда 30 мың адам еңбек етеді. Автомобиль өнеркәсібі, машина жасау және жабдықтар, металл өнімдері өндірісі, азық-түлік және сусындар өндірісі, жиһаздар, тері, пластмасса, резеңке, тоқыма бұйымдары, ағаш, қағаз және металл емес минералды өнімдер секілді салалар даму үстінде. Коньяның ұйымдасқан өнер­кәсіп аймағында болу барысында Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуеті мен жобалары таныстырылды, экономиканың әртүрлі салалары бойынша әріптестік туралы кәсіпорындардың ұсыныстары білдірілді. Ақтөбе облысының әкімдігі ірі деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға Түркия инвестициясын тартуға мүдделілігін білдірді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». АҚТӨБЕ.