26 Тамыз, 2015

Ұстаз – ұлт ойының діңгегі

345 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Б.СапарбаевКеше елордада «Жаңа білім беру бағдарламалары, инновация­лар және білікті ықпал ету – табысты мектепке бастар қадам» деген тақырыпта білім беру қызметкерлерінің республикалық педагогикалық тамыз кеңесі болып өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысты.  Пленарлық отырыста алдымен сөз алған Білім және ғылым ми­нистрі Аслан Сәрінжіпов Елбасы ұсынған жаңа экономикалық саясат бәсекеге қабілетті адами капиталды қалыптастыру үшін орта білім беру саласын жаңғыртуды талап ететіндігіне ерекше тоқталды. Бүгінгі таңда адами капиталды даярлау   білім беру арқылы шикізатқа деген тәуелділіктен құтылуға, экономиканы әртараптандыруға және бәсекеге қабілеттілікті артты­руға өзіндік ықпал беретін болады. Алайда, министр білім беру практикалық қолданысқа емес, теорияға негізделетінін баса айтты. Экономикалық ынты­мақ­­тастық және даму ұйымына мүше елдердің білім беру жүйесі біліктілікті арттыруға негізделген. Сондықтан да жаңа білім беру мо­делі оқушылардың жағдайды бағалауға және саралауға, сондай-ақ функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Бұл ретте Корея, Жапония, Финляндия сияқты елдердің адами ресурстарының бәсекелестікке қабілеттігі осындай жолмен келетіндігіне назар аудартылды.  Тағы бір белгілі болғаны, мектепке дейінгі дайындық 1-сыныпқа алмастырылып, «1+11» құрылымы негізінде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшірілетін болады. Биылдан бас­тап қанатқақты  жоба 30-ға тарта мектепте бейінделуден өтетіні белгілі болды.  Және де НИМ тәжірибесі 30 қанатқақты мектепте басталары да аталмай қалмады. Бұдан өзге жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарында  ағылшын тілінде оқыту біртіндеп енгізілгенімен, басымдық бәрібір мемлекеттік тілге берілерін атап кеткен жөн. Одан кейін сөз алған Парламент Сенаты­ның депутаты Бірғаным Әйтімова білім саласы бойынша көптеген заңдық құжаттардың қабылданғанын санамалап өтті. Соның ішінде Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасындағы Байқоңыр қаласының білім беру ұйымдарын қазақстандық тарапқа беру туралы келісімді ратификациялау мәселесін айтқанда сенатор өзі осы саланың министрі болып тұрған кезде уақыттың қысқалығына орай оны шешудің мүмкіндігі болмағандығын да тілге тиек ете кетті. Б.Әйтімова сөз реті келгенде 12 жылдық білім алудың артықшылығын айта келіп, оқушының 8 немесе 9-сыныптан бастап жұмыскер немесе арнайы техникалық қызметкер болғысы  келсе, оған техникалық училищелерге баруына мүмкіндік беру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, депутат оқығысы келетіндер үшін мемлекеттік жинақтаушы жүйенің құрылғаны өте орынды екендігін де тілге тиек ете кетті. Ал білім беру жүйесінде қазақ ті­лін үзіліссіз оқытудың жаңа моделі тақыры­бында баяндама жасаған белгілі ұстаз Балзия Оразбаева қазақтың бай сөздік құрамын сақтау арқылы біз жалпы елдік қасиетімізді, парасатты ойымызды, бүгінгі толерантты келбетімізді, көп ішінен топ жарып шығар бәсекеге қабілетті білім мен білігімізді сақтаймыз әрі дамытамыз дегенді баса айтты. «Ұстаз – ұлт ойының діңгегі. Ұстазға деген құрмет – Қазақ елінің руханиятына деген құрмет. Ұстаздың тұлғалы қабілеті мен қасиетіне халық та, қоғам да ерекше сенім артып, жауапкершілік жүктеп отыр. Қазіргі ұстаз сыпайы тәрбиеші, білімді мұғалім, мейірімді ана, қамқор әке және сырлас жетекші», деді шешен. Деңгейіне қарай мемлекеттік тілді оқыту барысын да көпшілік назарына ұсынды. Атап айтқанда, бірінші, мектептің тілі бола алмаған тіл, мемлекеттің тілі де бола алмайды (қарапайым деңгей); оқыту оқулықтан өмірге қарай емес, өмірден оқулыққа қарай жүреді (негізгі деңгей); мұғалім аз үйретсін, оқушы көп үйренсін (орта деңгей); мәдениетті тіл ғана мәртебелі (ортадан жоғары деңгей). Бұл деңгей 10-11 сыныптарды қамтуы тиіс. Оқушы мектептегі өмірінің 17 мың сағатын сыныпта өткізетіндігін тілге тиек еткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова олардың осы уақыт аралығында 40-қа тарта мұғалімнің алдынан өтетіндігіне назар аударта кетті. Сондықтан да ұстаздың біліктілігін арттыру – уақыт талабы. Жапония педагогтардың білімін көтеру үшін және мектептегі білім беруді арттыру үшін 50 жыл жұмсаса, Финляндия бұған 30 жыл жіберіпті. Ал Азия елдері екі онжылдықта мектептерді жоғары деңгейге көтеруге қол жеткізіп үлгерген. Олай болса әлемдегі озық тәжірибе мен білім саласындағы қалыпты көзқарасты өзгерту арқылы Қазақстан да осындай нәтижеге жете алады. Сондай-ақ, педагогтар турасында сөз қозғағанда Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова әлемде 4 мыңнан аса мамандық бар деп саналады, бірақ қандай қоғам, қандай заманауи өзгерістер болмасын білім саласында мұғалім шешуші тұлға болып қала беретіні даусыз дегенді баса айтты. «Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы елдері­нің стандарттарының негізінде адам капита­лының сапасын көтеру педагогикалық білім­ді жаңарту арқылы жаңа бағыттағы мұғалімді даярлау мәселесі өзекті болып табылып отыр», деді Дария Пернешқызы. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты туралы сөз қозғаған шешен оның бәсекеге қабілетті, педагогикалық, инновациялық құзыреттіліктің барлық құралдарын мең­герген, өзін өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толыққан, шығармашылық жаңа формациядағы ұстаздарды даярлау екендігіне баса назар аудартты. Сондықтан да педагогикалық мамандықтарға қабылдаған кезде шығармашылық емтихан алған орынды. Сөз реті келгенде ректор педагогика саласындағы бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындарының шетелдік білім ордаларымен әріптестік қатынастар орнатқандығы, олардың білім беру бағдарламалары жер­гілік­ті ортаға қарай оңтайландырылып жатқаны да тілге тиек етіле кетті. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы өз кезегінде облыстың жет­кен жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылдан бері үш ауы­сымдық мектептер мәселесі толығымен шешімін тауыпты. Ал апатты жағдайдағы 34 мектептің 22-сі қайта салынса, қалған 12-сі 2017 жылға дейін жаңарады деп күтілуде екен. Биылғы жылдың соңына дейін  19 мектеп және 3 балабақшаның құрылысы аяқ­та­­­лып, қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жалпы өңірде «Балапан» бағдарламасы бо­йын­ша мектепке дейінгі балаларды қамту 100 пайызға орындалады деген жоспар да жоқ емес. Ал Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Олег Прокопьев өндірісті жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуде дуалды білім берудің маңызы басым екендігін ерекше атады. Оның сөзіне қарағанда, Павлодар облысында металлургия, машина жасау, химия өндірісі және өзге де салаларды қамтитын 50-ге тарта ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Ақсу зауытының жылына 1 миллион тонна ферроқорытпа шығаратынын алға тартқан зауыт директоры оның білікті техникалық кадрларсыз жүзеге асыру мүмкін еместігі тұрғысындағы ойын да ортаға салды. Тағы бір белгілі болғаны, аталған зауыт 150-ге тарта шағын және орта бизнес субъектілерін жұмыспен қамтып отырғандығы. Отырыста қорытынды сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев тәуелсіздік алған күннен осы салаға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көп көңіл бөліп келе жатқандығын ортаға салды. Әсіресе «100 нақты қадам» – Ұлттық жоспарын, индустриялық-ин­новациялық және «Нұрлы Жол» бағ­дарламаларын жүзеге асыруда, сондай-ақ 30 бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуде Президент білім мен ғылымды пайдаланып, бәсекелестікке сай мамандарды даярлау жөнінде білім саласына нақты тапсырмалар бергендігімен бөлісті. Осы ретте Үкімет басшысының орын­басары министрлік пен жергілікті билік арасындағы байланыстардың нашарлап кеткендігіне де назар аудартты. Ал нәтиже бірлесіп жұмыс істегенде ғана жүзеге асарын алға тартты. Білім берудің іргетасы мектеп болып табылатынын ерекше атаған Бердібек Сапарбаев тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстанда 1200 мектеп пен 450 мектепке дейінгі мекеме салынғандығынан хабардар ете кетті. Бұл салынған ғимараттардың барлығы да халықаралық стандарттарға жауап бере алады. Ендігі мәселе балабақшадан бастап, мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы кешенді білім беруді ұйымдастыра білу. Сонымен бірге, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастардың, әсіресе, педагогтардың мектеп өмірімен танысуға мүмкіндік жасауы орынды. Сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Мектептен тыс уақытты дұрыс пайдалану деңгейінің 25 пайыздан аспай отырғандығына қынжылыс білдірген Бердібек Сапарбаев оның Алматы облысында 10 пайызды, Оңтүстік Қазақстан облысында – 14, ал Атырау облысында 16 пайызды ғана құрап отырғандығына екпін бере мәлімдеді. Мұның барлығы балалардың құқық бұзушылыққа, өзіне өзі қол салуына және жәбір көрсетуге апаратын төте жол болғандықтан, оның алдын алу балаларды бос қалдырмауға байланысты болмақ. Қазақ қыздарының төбелесін, олардың өз өзіне қол салуы бұрын-сонды болмағандығын алға тартқан Үкімет басшысының орынбасары оны соңғы кездегі тәрбиенің нашарлауымен түсіндірді. Сондықтан да ата-аналар мен Ішкі істер министрлігі, арнайы мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар арасында бірлесе жұмыс істеуі қажеттігіне назар аудартты. Залда отырған ұстаздар қауымына қаратып Бердібек Мәшбекұлы былай деді:  «Мәңгілік Ел болуымыз, болашағымыздың бірден бір тірегі тәрбиеге, ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтап, Отанымызды сүюге байланысты. Осыны жүзеге асыру сіздердің қолдарыңызда». Жалпы, екі күнге созылған  талқылау  «Жоғары білімнің әлемдік және еуропалық трендтер жағдайындағы перспективалары мен жаңа міндеттері»; «Техникалық және кәсіптік білім мазмұнын жаңарту»; «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім – мектепті жаңғырту негізі»; «Жан басына қаржыландыру: проблемалары мен перспективалары» және «Бастауыш білім мазмұнын жаңартуда апробация рөлі», «Диалог алаңы» атты панелдік сессиялар жұмысында жалғасын тапты.  Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Астана.
Соңғы жаңалықтар