06 Наурыз, 2015

Президенттікке үміткерлер саны 10-ға жетті

479 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

05-03-15-vybory-2

АСТАНА. 6 наурыз. Қазақстан Президенті болуға ниет білдіргендердің қатарына тағы бір адам қосылып, тіркелген үміткерлердің жалпы саны 10-ға жетті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады. Комиссияның ақпары бойынша, кеше, 5 наурыз күні үміткерлікке Алматының 1971 жылы туған тұрғыны, әскери қызметші Ержан Мерекеұлы Серғазин өзін-өзі ұсынған. Сөйтіп, Қазақстан Президенті сайлауына үміткер ретінде ұсынылғандардың саны 10 адамға жетті. Бұған дейін үміткерлікке Астананың 1959 жылы туған тұрғыны, жеке кәсіпкер Асқар Сырғабаев, Астананың 1969 жылы туған тұрғыны, «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті Лимана Қойшиева, Астананың 1977 жылы туған тұрғыны, инженер-құрылысшы Бақыт Әбдікәрімов және Астананың 1984 жылы туған тұрғыны, жүргізуші Сухраб Мырзашов, Алматының 1958 жылы туған тұрғыны, қоғам қайраткері Есенбек Өктешбаев, Алматының 1946 жылы туған тұрғыны, зейнеткер Якобжан Жүнісбеков, Астананың 1969 жылы туған тұрғыны, «Астана Мұнай Груп 2007» ЖШС май құю бекетінің бастығы Қанат Жұман өзін-өзі ұсынған еді. Алғаш болып ұсынылған Асқар Сырғабаев мемлекеттік тіл емтиханынан өте алмады. Үміткерлікке ұсынылушылар қатарына ҚКХП партиясы атынан үміткер Тұрғын Сыздықов та қосылды. Ол 1947 жылы туған, мемлекеттік банк мекемелері жұмысшылары кәсіподағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы. Еске сала кетейік, Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына үміткерлерді ұсыну 26 ақпан күні басталған болатын. Сайлау 2015 жылғы 26 сәуірге белгіленіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әзірше өзінің сайлауға қатысуы туралы шешім қабылдай қойған жоқ. 8 наурыз қарсаңында Астанада қыз-келіншектермен кездескен ол: «Қазір сайлауалды науқан басталды. Кезектен тыс сайлау өткізу идеясын, негізінен, әйелдер қолдады. Мен бүгінде мыңдаған хат алып жатырмын. Бүгін таңертең үстелімде бір бума хат жатты, хат иелері менен сайлауға өз кандидатурамды ұсынуды сұраған. Менің жеке жоспарым мүлдем басқа болатын, шынымды айтсам», - деді. Сәкен Майлыбай. Дерек, сурет: Орталық сайлау комиссиясы.