26 Тамыз, 2015

Құрылыс қарқыны бәсеңдемеуі тиіс

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMGL2914 Кеше Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарымен танысты. Еліміздің 14 облысы көмекке келіп, көне қаланың той өтетін жерлерін абаттандыру, жа­ңарту, көркейту жұмыстарын жүргізуді міндеттеріне алғалы бері Тараз күн санап құлпырып ке­леді. Қазірдің өзінде Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау облыстары міндеттеріне алған құрылыстарды толық аяқтаса, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыс­тары жұмыстың 95 пайызынан астамын еңсеріп тастапты. Көне қаланың қақ төрінен бой көтеріп жатқан «Ежелгі Та­раз» музейі, ашық аспан асты мұ­ра­­жайы, «Қазақ хандығы» мо­нументі, «Атшабар» иппо­дромы, Достық үйі секілді ны­сан­дардың құрылысы қызу жү­руде. Алғашқы үш нысан­ның құры­лысын қыркүйек айының соңы мен қазан айының басында аяқтау жос­парланған. Ал, Достық үйі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. – Дайындық жұмыстарында іл­герілеушілік бар. Енді осы қарқынды бәсеңдетіп алмау қажет. Әрбір уақытты тиімді пайдаланып, тәулік бойы жұмыс тоқтамауы тиіс. Оған Тараз қала­сының ауа райы мүмкіндік береді. Қыркүйек айынан бастап сенбіліктер ұйымдастырып, қаланың тазалығына қатты мән беру керек, – деді Бердібек Сапарбаев. Айтпақшы көне қаланың орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан топ табыссыз емес екен. Жа­қында қазынаның үстінен шығып, алтын мен күмістен жасалынған білезік және басқа да бұйымдар салынған кішігірім құмыра тауыпты. Бұл құнды жәдігерлер алдағы уақытта арнайы сараптамадан өтетін болады. Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сапарбаев бұл сапарында Тараз қаласындағы сауда орындарында болып, теңге еркін айналымға жіберілгелі бері аймақтағы азық-түлік бағасының тұрақтылығына назар аударды. Бас-аяғы 250 адамды жұмыспен қамтып отырған «Скиф-Трейд» сау­да орталығында бағаның негізсіз көтерілгені байқалмайды. Халық көп тұтынатын азық-түлік түрлері бұрынғы бағамен сатылуда. «Қазфосфат» ЖШС-інің бас директоры Мұқаш Ескендіров кәсіпорынның жағдайы тұрақты екенін айтты. Шы­ғарған өнімінің 95 пайызын шетелге сататын бұл кәсіпорында бүгінде 6 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Ешқандай жұмыс орны қысқармаған, жалақы уақтылы беріліп тұр. Ал, теңге еркін айналымға жіберілгелі бері «Тамақ» ЖШС-нің өнімдеріне сұраныс көбейіпті. «Біздің серіктестікте 300-ден астам адам жұмыс істейді. Соңғы бір аптада сұраныстың көбеюіне байланысты 26 вагон өнім жөнелттік. Шынымды айтсам, соңғы 15 жылда мұндай көлемде тауар сатқан емеспіз», дейді «Тамақ» ЖШС-нің директоры Гүлмира Қоңқашева. Жалпы алғанда, облыста және аудандарда бағаны тұрақтандыру жөнінде арнайы штаб құрылған. Тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ең бас­тысы бағаның негізсіз шарықтамауын, жұмыссыздықтың көбейіп, жалақының кешігіп берілмеуін қадағалауды тапсырды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суретті түсірген  Алтынбек ҚАРТАБАЙ.