06 Наурыз, 2015

Андрей Голубев Андреас Сеппиден жеңілді

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Безымянный 04АСТАНА. 6 наурыз. Теннистен Дэвис кубогы жарысында Андрей Голубев қарсыласы Андреас Сеппиден 1:3 (3:6, 3:6, 7:6 (7:5), 2:6) есебімен жеңілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Ойын барысында Сеппидің шеберлігі басым болғанын мойындауымыз керек. Италиялық теннисші ATP рейтингінде 35-орында тұрса, біздің спортшы әлемнің 91-ракеткасы. Допты ойынға Андрей Голубев қосты. Салған жерден қарсыласына ұпай ұстатқан ол бірінші сетте үш ұпай олжалады. Келесі кезеңде Андрейдің бір добын өз пайдасына шешкен Андреас өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей есепті еселеді. Отандасымыз тек үшінші сетте лайықты қарсылық көрсете алды. Соның өзінде Сеппи сетті оңайлықпен берген жоқ. Жеңімпаз тай-брейк арқылы анықталып, Голубев жеңіске жетті. Сол кезде «Дәулет» Ұлттық теннис орталығына жиналған қалың жанкүйер келесі сеттен зор үміт күтіп, Андрейдің сенсация жасайтынына сенгендей болған. Дегенмен, біз күткен нәтиже тіркелмеді. Төртінші сетке бар-жоғы 35 минут жұмсаған италиялық теннисші қарсыласына екі геймді ғана беріп, ойынды өз пайдасына аяқтады. Айта кетейік, бұл Дэвис кубогы жарысы Әлемдік тобының 1/8 финалдық ойыны. Диас Досқараев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы бүгін Италиямен жарыс жолына шықты. Әзірге қос команда арасындағы жалпыесеп 1:1. Бұған дейін еліміздің нөмірі бірінші теннисшісі Михайл Кукушкин қарсыласын жеңіп, командамызды алға шығарған болатын. Енді ертең кортқа жұптасып өнер көрсететін теннисшілер шығады. Бұл сында ел намысын Александр Недовесов пен Андрей Голубев қорғаса, Италия атынан Фабио Фоньини мен Паоло Лоренцци жұбы ойнайды. Астанада өтіп жатқан жарыс 8 наурыз күні аяқталатынын айта кетейік. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: daviscup.com. Безымянный 06