Мерекелеріңізбен, асыл аналар, аяулы арулар!
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Қазақстан әйелдері қоғамдастығының бір топ өкілдерімен кездесті. Көктем және әйел-ана! Бірін бірі толықтырған қандай үйлесім десеңізші! Иә, әйелдер мерекесінде адам жанын ғажайып сезімге бөлейтін ерекше күй де осындай керемет екі ұғымның ұштасқандығынан туындаса керек. Ендеше, қар астынан қылтиып бәйшешек бой көтергенде жер-дүниені бусандырған көктемнің алғашқы хабаршысындай болып аналар мерекесі басталатыны да бекер болмас. Күннің көзі нұрын төгіп, ақ қар-көк мұз еріп, тал-шыбықтар бүрленіп, дала біткен түрленіп жатқан шақтың құдіреті де сол көктемнің шуақты нұрынан нәр алады емес пе? Кеше осынау керемет мереке қарсаңында Астана төрінде өткен Елбасының әйелдер қауымымен кездесуі де «Көктем шуағы» деп аталды. Мұндай кездесу аналар мерекесі қарсаңында Ақордада өтетін жыл сайынғы дәстүрге айналып келеді. Оған әдеттегідей еліміздің барлық өңірлерінен келген, экономиканың түрлі секторларында, мәдени-әлеуметтік салаларда және мемлекеттік қызметте істейтін әйел жұртының өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы оларды келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, Қазақстанның барша әйелдер қауымына бақыт, денсаулық және бақ-береке тіледі. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі әйелдердің әл-ауқатын жақсарту екенін атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында біз көп нәрсені еңсердік. Қазір елімізде береке мен тыныштық орнады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» және басқа бағдарламалар осыны көздейді. Әйелдер отбасын сақтаушы ретінде бақ-берекені ең алдымен балаларынан, дастарқанынан сезінеді, сол арқылы мемлекеттің қамқорлығын сезінеді, деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, елдегі әйелдер қауымы өкілдерінің белсенділігі артып келе жатқанына тоқталды. Бүгінде мемлекеттік қызметтегі қызметкерлердің басым бөлігін әйелдер құрайды. Денсаулық сақтау саласында олардың үлесі 75 пайызға, білім беру саласында 65 пайызға дейін жетеді. Бизнестегі басшылардың да 40 пайызы – нәзік жанды арулар, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы тәуелсіздік жылдарында тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда әйелдер қауымының үлесі зор болғанына назар аударды. Әйел – отбасының ұйытқысы, алтын бесіктің иесі. Ел болашағының барлығы әйел азаматтарының қолынан өтеді. Сондықтан, сіздер арқылы барша Қазақстанның әйелдерін шын жүрегіммен құттықтағым келеді. Еш уақытта жүздеріңізден күлкі кетпесін деді Мемлекет басшысы. Елбасы сөз арасында елімізде демографиялық өсу жалғасып келе жатқанына, тек былтырдың өзінде дүниеге 400 мың сәби келгеніне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, биыл ел тәуелсіздігіне 24 жыл толатынын еске салды. Бұл уақыт қас-қағымда өте шықты, себебі, бәріміздің назарымыз жұмыста болды. Бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз – біз құрған мемлекетті бүкіл әлем таниды, құрметтейді, деді Қазақстан Президенті. Осы ретте Мемлекет басшысы елдегі тұрақтылықтың арқасында экономикамыз қарқынды дамып келе жатқанын баса айтты. Бүгінде жер бетінде, БҰҰ мәліметі бойынша, 800 миллион адам аштықтан жапа шегуде. Жыл сайын азық тапшылығының кесірінен 6 миллион бала, 30 миллион ересек адам өледі. 400 миллион адам ауызсуға зәрулік зардабын тартады. Жыл сайын планетамызда 30 әскери қақтығыс болып, соның салдарынан сағат сайын 40 адам қаза табады. Сондықтан, елдің ішкі тұрақтылығын көздің қарашығындай қорғауға тиіспіз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы бүгінгі жастар арасындағы кейбір ахуал да өзін алаңдататынын жеткізді. Ажырасулар секілді басқа да назар аударатын мәселелер баршылық, олар бұрын да болатын. Қазір бәрі еркіндеу болып кетті. Дегенмен, қоғамдағы моральдық ахуал да, құрылым да қашанда әйелдерге тәуелді, деген Президент ұрпақ тәрбиесіндегі әйелдердің айрықша рөлін атады. Сөз арасында Мемлекет басшысы қазіргі жастар арасында маңызды мәселенің бірі баспаналы болу өз шешімін тауып келе жатқанына тоқталды. Яғни, тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы бойынша жалға берілетін баспананың жартысы жастарға тиесілі болады. Әрине, бағдарлама бойынша баспанаға ие болатын жастар жұмыс істеулері керек. Онда алғашқы бастапқы жарна деген жоқ. Кезекпен жалға баспана алады, сосын жалға алынған қаражатын төлейді. Ал бұл төлем пәтер құнына да кете береді. Онсыз да пәтер жалдап тұрып жатыр емес пе жастар? Сол секілді бұған да төлейді, ал оның төлемі пәтер құнына түседі. Біртіндеп, осылайша пәтер жастардың меншігіне өтетін болады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент мұндай бағдарламаның ешбір елде жоқ екенін, Қазақстан ғана осындай қадамға барып отырғанын жеткізді. Басқа мәселелер де осылай шешімін тауып жатыр, біртіндеп таба береді де, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы әйелдер қауымымен әңгімеде қазір қызу талқыға түскен еліміздегі сайлау науқаны туралы да сөз қозғады. Қазір сайлау науқаны басталып та кетті. Кезектен тыс президенттік сайлау туралы бастаманы да негізінен әйелдер қауымы қолдады. Мен күн сайын мыңдаған хаттар алып жатырмын. Бүгін ертеңгісін де бір құшақ хат келді. Олардың барлығы сайлауды қолдап, менен өз кандидатурамды ұсынуды сұрап жатыр, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Менің жеке жоспарым мүлдем басқа болатын, шынымды айтайын. Қазақстанды жылдар бойы басқарып келемін, тәуелсіздіктің алғашқы жылынан мемлекетті қалыптастырып, құрдық. Алайда, бүкілхалықтық тілектер, елдің ниеті, жұрттың қалауы бар, оны да ескеру қажет. Сондықтан да, сіздермен алдағы жоспарымды, қадамымды ақылдасуға да болады ғой деп ойлаймын, деді Елбасы. Кездесуге Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдері істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсова, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Аронова, Семей қаласының инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ректоры Шырын Құрманбаева, «Қазақ аруы-2014» республикалық арулар байқауының жеңімпазы Гүлназ Жоланова, әртіс Бибігүл Сүйіншәлина, «Астана Опера» МОБТ әртісі Сэрина Сунагава, теннисші Зарина Дияс, «Планета патшайымы-2014» атағының иегері Ақнұр Жұмабаева, бокстан әлем чемпионы Назым Қызайбай, «Қазақстан» РТРК балаларға арналған «Балапан» телеарнасының директоры Ләйла Сұлтанқызы, волейболшы Сәбина Алтынбекова, танымал «Татьяналар триосының» қатысушылары Татьяна Бурмистрова, Татьяна Полтавская және Татьяна Мартыненко, «Turkvizion-2014» ІІ халықаралық ән конкурсының жеңімпазы Жанар Дұғалова, көпбалалы ана Мереке Ақсиева, Қазақстан жастарының арасында «жасыл бастамаларды» ілгерілету бастамашысы Татьяна Немцан, әскери қызметші Динара Рысбекова, профессор, Қазақстан инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Құралай Аққошқарова, «Astana Solar» фотоэлектрлік модульдер құрастыру зауытының технигі Айнұр Тащанова, жеке кәсіпкер Ақтолқын Құрмашова, Қостанай облысынан аудандық аурухананың бас дәрігері Лариса Финк, Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының доценті Далида Сиваракша, «Астана Опера» МОБТ жетекші солисі Салтанат Ахметова қатысты. Кездесуге қатысушылар жеке-жеке сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына ана мен балаға қамқорлық жасауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған саясат жүргізіп отырғаны үшін алғыстарын айтты. Сонымен қатар, халықтың және әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруды әрі қарай жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен көпбалалы анамын. Жұбайымыз екеуміз Алла берген 7 баламызды тәрбиелеп отырмыз. Сіздің тапсырмаңыз бойынша қолға алынған «Балапан» бағдарламасы үшін аналар атынан зор алғысымды айтамын. Бүгінгі таңда тек осы бағдарламаның аясында 4000 балабақша ашылды. Бағдарлама «Нұрлы Жол» арқылы жалғасып, оған 20 миллиард теңге қаражат бөлінетінін қуана қарсы алдық. Әрбір ана мен баланың қамын ойлайтын Сіздей Президенті бар ел бақытты. Біздің аналар ұрпағының болашағына еш алаңдамайды.Сол үшін Сізге рахмет!» – деп көпбалалы ана Мереке Ақсиева Президентке аналар атынан алғысын айтса, басқалар өнер, спорт салаларындағы Елбасының ерен еңбегін бағалап, айрықша қамқорлығына рахметін жеткізді. Әсіресе, жастар жағы Елбасын үлгі тұтатындарын айтып, онымен бұл жүздесулерін ерекше есте сақтайтындықтарын жеткізді. «Сізбен кездесу көпшілік үшін арман. Менің арманым бүгін екінші рет орындалып отыр. Мен жақында «Turkvision-2014» халықаралық ән конкурсында жеңімпаз атандым. «Мен бұл жеңісімді Елбасыма арнаймын» деп мақтанышпен жар салдым. Осылай мәдениетімізді қолдаудағы Сіздің өлшеусіз еңбегіңізге перзенттік алғысымды білдіргім келді. Біз, Қазақстан өнерінің жас дарындары, Сіздің қамқорлығыңызбен әлі талай асқар асуларды алып, елімізді әлемге таныта береміз. Рахмет Сізге!» – деді әнші Жанар Дұғалова. Сондай-ақ, «Қазақ аруы-2014» республикалық конкурсының жеңімпазы Гүлназ Жоланова да жастар атынан сөйледі. «Мен студентпін. Өткен жылы республикалық «Қазақ аруы-2014» байқауының жеңімпазы атандым. Бұл жетістіктерім ата-анамның тәрбиесімен бірге Сіздің жас ұрпақтың жаңа келбетіне айрықша назар аударуыңыздың жемісі деп ойлаймын. Сіз «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырағы» деген едіңіз. Сіздің сөздеріңіз жастардың азаматтық тұлғасын қалыптастыратын шамшырақ іспетті. Мен еліміздің әрбір бойжеткеніне әкелік қамқорлық жасайтын Сіздей Елбасысы бар халықтың қызы екенімді мақтан тұтамын, деді қазақ аруы. Бұл тілекті нәзіктігіне қарамастан, әскер қатарында қайсарлық танытып жүрген мерген қыз Динара Рысбекова жалғастырды. «Мен Қарулы Күштер қатарында мерген қызметін атқарамын. Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ізін жалғастыру – мен үшін мақтаныш. Сіз –Жаңа жылда әрбір ардагерді алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаған бірден-бір Президентсіз. Отан қауіпсіздігінің ең басты күзетшісі – Сізсіз! Сіз әлемнің барлық елдерімен достық қатынас жасадыңыз. Сіздей басшысы бар Қазақстанға ешбір қауіп жоқ. Елімізде оқ атылмай, сарбаздардың шеберлігі тек жаттығуда шыңдалуы – Сіздің саясатыңыздың арқасы», – деді Д.Рысбекова. Әйелдер қауымы қазіргі қоғамда қай салада болмасын жемісті еңбек етіп, түрлі нәтижелерге қол жеткізуде. Соңғы кездері Елбасы ерекше назар аударып, мемлекет тарапынан қамқорлықты күшейткен кәсіпкерлік саласында да әйел-аналар аз емес. Соның бірі кәсіпкер-ана А.Құрмашева кездесуде өзінің кәсібі жайында баяндай отырып, Президенттің жастық шағын ойға оралтты. «Мен жеке кәсіпкермін. Шаруашылығымызда 29 гектар жерге апорт, семерянка, өрік, шие сияқты жеміс ағаштарын отырғызып, баптаудамыз. Маған «Балалық шағымның аспаны» атты фильм ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, сәби Сұлтан алма жегісі келгенде Әбіш ата түннің жарымына, қыстың аязына қарамай, Сізге нарттай жанған апорт тауып әкеліп беретін тұсы айрықша әсерлі. Халқыңыз қаласа, аспандағы Айды да әперуге дайын әкелік махаббат Сізге қанмен дарыған деп ой түйдім. Біз Әбіш атаның алмасындай апорттар өсіріп, бір кезде атағы жер жарған Алматының апортын халқымызға қайтару үшін еңбек етудеміз. Сіздің арқаңызда бүгінде ауыл қайта түледі. Сіз де бағбансыз. Сіздің арқаңызда Қазақстан атты алып бәйтерек ұрпақтарына мәңгі жеміс беріп тұратын мәуелі Мәңгілік Елге айналды», – деді ол. Қыздар арасында бокстан әлем чемпионы Назым Қызайбай да Президентке өзінің ақжарма ақ тілегін жеткізді. «Қазақстанның Әнұраны ойнап, Көк байрағымыз көкке көтерілгенде мен «елім үшін, Елбасым үшін» деп тұрдым. Әрбір отандық спортшының жеңісі – ел спортының дамуына барлық жағдайды жасап отырған Сіздің жеңісіңіз! Сізге шексіз алғысымды айтамын және шаршы алаңдағы әрбір жеңісімді Сізге арнаймын! Сіздің «Қазақстан әйелдері елдіктің жүгін ерлермен бірдей арқалап келеді» деген сөзіңіз маған үлкен ой салды. Бокс – қыздарға тән емес спорт деп жатады. Ел шетіне жау тигенде қолдарына найза алып, ерлермен бірге жауға шапқан қазақтың қыздары тарихтан белгілі. Біз – сол батыр аналарымыздың ізбасарларымыз. Алдағы барлық жарыстарда туған елімнің туын көкке көтеруге бар күш-жігерімді салып, еңбек етуге уәде беремін», – деген жігерлі қыздың жалынды сөздері Елбасын ерекше сүйсіндірді. Әрине, нәзікжанды, сымбатты қыздың осындай спорт түрінен чемпион атануы, әрине, әйелдің құдіреттілігіне тағы бір бас идіргендей. «Балапан» телеарнасының директоры Ләйла Сұлтанқызы да Елбасына аналар атынан алғыс айтты. «Аса мәртебелі Елбасы! Мен – Сіздің тікелей тапсырмаңызбен ашылған «Балапан» телеарнасының директорымын. Бүгінгі заман – баланың тілі үйіндегі теледидар қай тілде сөйлесе сол тілде шығатын заман. Бұл ретте «Балапан» әрбір үйдің төрінен орын алды. Әлемдегі ең ірі анимациялық компания – «MAJOR-Disneyмен» ТМД аумағында алғашқы болып ұзақ мерзімді келісімшарт жасадық. Ұрпаққа ұлттық тәрбие беретін отандық өнімдеріміз де эфирдің ауқымды бөлігін алады. Сіздің ұрпақтың тәрбиесіне, ұлттың болашағына тым тереңнен қарап, әріден саясат жүргізіп отырғаныңызды түсінеміз, қолдаймыз, сол үшін зор алғыс білдіреміз», – деді ол. Кешегі кездесуде ерекше атап өтерлігі – төрт бірдей Татьянаның қатысуы. Оның үшеуі кезінде елге «Татьяналар триосымен» ерекше танылған, қазақ әндерін жүректі шымырлата шырқаған орыс қыздары, қазіргі ардақты ана, қадірлі әжелер болса, төртіншісі – Қазақстан жастарының арасында «жасыл бастамаларды» ілгерілету бастамашысы, ұстаз, мектеп директоры Татьяна Немцан. Татьяналардың бірі Бурмистрова кездесуде қолына қазақтың қара домбырасын алып, «Халқымызға Сіздей перзент сыйлаған Әлжан анамызға арнап орындап берейін», деп ана туралы ән шырқауы да көктем шуағымен астасқан көңілді кештің көркін қыздыра түскендей болды. Ол өзінің 40 жыл бұрын «Алтыбақан» телевизиялық бағдарламасы арқылы қазақ халқына танымал болғанын айтып, қазақтың Татьянасына айналғанын мақтанышпен атап өтті. «Қазақтың тілін, салт-дәстүрін әнім мен өнерім арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне насихаттап жүрмін. Менің жолымды сіңлілерім – өзге Татьяналар жалғастырды. Бүгін үшеуміз де осында отырмыз. Сізге елімізді бірлік пен берекенің бесігіне айналдырған кемеңгер саясатыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін», – деді ол сөз кезегінде. Татьяна Мартыненко да өз лебізін таза қазақ тілінде жеткізіп, ел бірлігін ұйыстырған Елбасына ерекше ілтипатын білдірді. «Мен орыс халқының қарапайым қызы, кең-байтақ қазақ елінде туып-өстім. Қазақ халқының кең пейілі мен қонақжайлығын жастайымнан бойыма сіңіріп, қазақтың босағасына келін болып түстім. Қазіргі таңда екі ұл, бір қыз, екі немере сүйіп отырған бақытты отбасымыз. Мен құрамында 100-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті тұратын Қазақстандай елдің азаматы екенімді мақтан етемін. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясында сөз сөйлеген едім. Сіз құрған Ассамблея – бірлігіміздің бастауы болып келеді. «Бейбітшілік пен келісімнің Назарбаев моделі» бүкіл әлемге үлгі. Біз Елбасымыздың әлемдік тұлға екенін мақтан етеміз», – деді ол. Әнші Татьяналардың үшіншісі кездесуге арнайы Мәскеуден келіпті. «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен 25 жылдан бері Мәскеуде тұрамын. Кіндік қаным тамған қасиетті топыраққа келгеніме бақыттымын. Әлемге танымал тұлға – Сізбен кездескеніме шексіз қуаныштымын. Мен әр келген сайын Қазақстанның адам танымастай өзгеріп жатқанын көремін. Астана ғажайып қалаға айналыпты. Мен Қазақстанымды мақтан етемін. Тізгінін Сіз сияқты көреген басшы ұстаған Қазақстанның жарқын болашағына сенемін», – деді Ресейден арнайы келген Татьяна Полтавская. Айтпақшы, кездесуде қазақтың келіні, жапон қызы, «Астана Опера» театрының балеринасы Сэрина Сунагава да қазақ тілінде сөйлегенімен қоймай, қазақ келініне тән инабаттылықпен Елбасына иіліп сәлем салды. Сөз кезегін Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінің ректоры Шырын Құрманбаева жалғады. Ол өзінің ғалым, ректор ретінде емес, 5 немеренің әжесі ретінде сөйлегелі отырғанын айтып, ұрпақ тәрбиесіндегі әжелер рөліне тоқталды. «Қазір ел үшін әжелеріміздің парасаты аса маңызды. Бүгінде әлем мойындаған Елбасын Тетебаладай дана әже тәрбиелегенін ұмытпағанымыз жөн. Ол кісіні даналықтың академигі дей аламыз. «Әженің сүйген жері отқа күймейді, оқ та тимейді» дейді халқымыз. Ұлттың генетикалық коды да – әженің әлдиінде. Ұлт дәстүрін жаңа заманға сай жалғастыруға тиіспіз. Жаңашыл балабақшалар, Назарбаев зияткерлік мектептері, Назарбаев Университет – ұлттық тәрбие мен білімнің айрықша серпілісі. Биыл Назарбаев Университетті алғашқы түлектер бітіріп, үлкен өмірге жолдама алады. Сізді осынау айтулы оқиғамен құттықтаймын. Білім мен тәрбиедегі бұл инновациялар – Сіздің идеяларыңыздың нәтижесі! Қазақтың әжелері Сіздің барлық бастамаларыңызды қолдайды. Біз қашанда Сіздің сенімді серіктеріңізбіз», – деп түйіндеді сөзін Ш.Құрманбаева. Кездесу соңында Мемлекет басшысы көпбалалы аналар – Мереке Ақсиеваны «Алтын алқамен» және Ақнұр Жұмабаеваны «Күміс алқамен» марапаттады. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.