07 Наурыз, 2015

Дауылға сынбаған, иілмеген

219 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
20150305_133114 «Адам қартайғанда да бала болады» деген рас екен. Құжат бойынша биыл 113-ке келіп отырған Марпуға Селтеткенова әжей туған күніне шөберелері әкелген сыйлықтарды әлсін-әлсін қызықтап қояды. Қария қазір естігенін ұмытып қалғанымен, сонау алыста қалған жылдарды бүгінгідей әңгімелеп береді. Жас кезінде  өзінің жеке құжатын алғанда туған күнін  наурыз айының 3-ші жұлдызы деп жазып берген екен. – Жыл сайын наурыз айы жақындағаннан «Жібек-ау, менің туған күнім келе жатыр ма?» деп сұрап қояды. Ұмытпайды. Сосын соғыс жылдары балық аулағаны, майданға қолғап, шұлық тоқып, жылы киім дайындап жібергенін, сауыншы болғанын – бәрін-бәрін бүгінгідей айтып отырады, – дейді Марпуға әжейдің 68 жастағы кенжесі Жібек апай. Меңдіғара ауданындағы Қарақамыс деген көл бүгінге дейін бар. Аса үлкен көл емес. Қайта тың көтерілген жылдардан кейін осы көлдің басқалары секілді кеуіп, жоғалып кетпегеніне ауылдастары шүкірлік етеді. Ойпаңда болған соң шығар. Ал соғыс жылдары шеті көрінбейтін теңіз секілді көл екен. Осыдан балық ауланып, кептіріліп, қатталып, майданға жіберілген екен. – Соның барлығының басында жүрдім. Балық артелінің ста­ростасы болғанмын. Қайықпен ау тартамыз, Қарақамыста негізінен мөңке балық болушы еді. Бірақ ірі, оны тазалап, кептіріп, прес­тейміз, – дейді Марпуға әжей. – Қарақамыс ауылындағы бар жас жігіт майданға кеткен. Жұ­мыс таңдамадық. Барлық әйел солай істеді ғой. Кім қарап отыр­ды дейсің, басқа салғанды көрді бәрі де, шырағым, – деді әжей. Ға­сырдан асып кеткен қария соғыс жылдарындағы тылдағы әйелдер еңбегін осылай түйіндеген еді. Құлағы ауыр еститін қарияны әрі қарай біз де мазалай бер­медік. Қазір ілуде біреу болмаса, Марпуға әжей секілді көп жасаған аналарымыз некен-саяқ. Миллиондардың қанын жұт­қан Ұлы Отан соғысындағы Же­ңіске тылдың қосқан үлесі өз алдына бір төбе болып­ты. Көз көргендердің айтуын­ша да, мұрағат материалда­рын қара­ғанда да соғыс жылда­рын­дағы ауылдың суреті ұқсас келеді. Шаруашылықтарда броньмен қалған егде кісілер немесе жасы жетпеген, бұғанасы қатпаған балалар болмаса, еркек кіндіктінің барлығы майданға аттаныпты. Соғыстың алғашқы жылы-ақ ауылды дәрменсіз күйге ұшыратып, «қара қағаз» келе бастаған. Қостанай қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, облысқа белгілі ардагер ұстаз Беген Көпешев ауылдасы Нұрсұлу Жолдасбайқызы әжеміздің тағдырын күрсіне отырып әңгімелейді. – Соғыс басталғанда жолдасы Нұрмағамбет мектепте мұғалім екен. Майданға аттанады да, Ленинград түбінде ерлікпен қаза табады. Нұрсұлу шешеміз бес жасар, үш жасар, бір жасар үш ер баласымен, ата-енесімен қалады. «Қара қағазды» ауыл ақсақалдары алып келе жатқанда, жамандықты бірден сезіп, жас әйел жынданып кете жаздаған. Жас келіннің қолына бір үйлі жан қарап қалады. Шешеміз белді бекем буып, қысы-жазы ұжымшардың бітпейтін тірлігіне жегіледі. Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымай, түн қатып жү­ріп, Жеңісті қарсы алады. Ақыры барлығын да жеңді. Үш баласын азамат етіп өсірді, оларды оқытты. Үйлі-баранды болды. Ерінің шаңырағын құлатқан жоқ. Өзі жүзге толып, өмірден озды, – дейді Беген аға. Иә, соғыс жылдарындағы әйел­­дер тағдыры да ұқсас. Бірінің күйеуі, бірінің бауыры, баласы, енді бірінің әкесі майданға кетті. Бей­неттен иығы иіле жүріп, май­дандағы ер-азаматтың тілегін ті­­леп, «қара қағаз» алғандары­ның­ көзі жастан тыйылған жоқ. Сұрапыл жаудың бетін қайтарып отырған әскерлерді киіндірген де, азықпен, тіпті, оқ-дәрімен қамтамасыз еткен тыл әйелдердің арқасында уақыттың үдесінен шыға білді. Бұрын үйден шықпаған әйелдер соқамен жер жыртты, өгіз айдады, трактор рөліне отырды. Соғыс басталған соң көп өтпей-ақ, 1941 жылғы 7 шілдеде республика Ауыл шаруа­шылығы халық комиссариаты мен партияның орталық коми­теті «Әйелдерді трактор, ком­байн және машина жүргізу жұмыс­тарына дайындау туралы» қаулы алады. Бұлай етпеске де амал жоқ еді. Ер-азамат майданға аттанды, ал 1941-дің егінін жинау керек. Сол жылы облыста 2882 әйел техникада оқыды. Өндірістен қол үзбей жүріп 1497 адам трактормен комбайнға дайындалды. Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен 2000-шы жылдардан бас­тап, «Боздақтар» кітабының 6 томы, «Олар Жеңіспен оралды» кітабының 18 томы дайындалған болатын. Бұл кітаптың алдыңғысы майдан даласынан оралмаған боздақтарды түгендесе, 18 томға ауылға аман-есен оралған жауынгерлер тіркелген екен. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкиннің айтуынша, әлі де осы кітапқа кірмей қалған есімдер табылуда. Ал Ұлы Жеңістің 65 жыл­дығына арнап, «Майдан мен тыл бірлігі» кітабы және «Қос­танайлықтар – тыл ерлері. Жеке үлес» атты кітаптар жарық көр­ді. Соғыс жылдарындағы Қос­танай өңіріндегі әйелдер еңбегі кітаптарда көрініс табады. Әрине, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана дүние екенінде дау жоқ. 1949 жылы Қазақстан ком­партиясының ІV съезінде «Соғыс жылдары колхоздар мен совхоздар соғыстан бұрынғы бес жылға қарағанда астықты әлдеқайда көп берді. Астық 30,8 миллион пұт, картопты 14,4 миллион пұт, етті 15,8 миллион пұт, сүтті 3 миллион пұт, жүнді 176 мың пұт көп тапсырды», деп атап көрсетіледі. Мұның барлығы да нәзік жандардың сынбай, иілмей жасаған еңбегінің арқасы болатын. Майданды сырттай сүйеген тылдағы әйелдердің ешқайсысы да марапат сұраған жоқ. Жеңісті мұң мен нала, қуаныш араласқан жасы кеудесін жуып қарсы алды. Содан кейін өмір сүруге, майданға кетіп, қайтпаған солдаттың балаларын жеткізуге, шаңырағын құлатпауға тырысып, тағы да арпалысып кетті. Арпалыспен ғұмыр да өтті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.