Перзентхана – ел ертеңінің бастауы, ұлт өсімінің өрісі. Іңгалаған талай сәби жарық дүние есігін ашар табалдырығы. Бастауы бүтін, табалдырығы берік, өрісі кең елдің болашағы да баянды. Тәуелсіздік бесігі – елордада үш перинаталдық орталық бар екен. Соның бірі де бірегейі – Астана қаласының №3 перинаталдық орталығы болып табылады. Денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі республикалық орталықтың дәстүрлі рейтингі бойынша 2013-2014 жылдардың қорытындысында №3 перинаталдық орталық стационарлық перзентханалар арасында республика бойынша үздіктер қатарынан танылыпты.
«Жақсыны көрмек үшін» деген ұлағатты үкілеп, елордалық №3 перинаталдық орталықтың табалдырығын аттадық. Орталықты медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі дәрігер Зайтуна Хамидуллина басқарады екен. Жүзінен жылылық нұры ескен бас дәрігер нағыз ақ халатты абзал жандарға тән ізгілікпен баурап алды.
– Біздің перзентхана Астана қаласындағы ең салиқалы емдеу орталықтарының бірінен саналады. Оның іргетасы 1964 жылы қаланған. Содан бері күн сайын ондаған нәресте дүние есігін ашып, еліміздің еркін ұландарының қатарына қосылады. 2014 жылдан бастап біздің перзентхананың дәрежесі жоғарылатылып, перинаталдық орталық ретінде құрылды. Яғни біздің орталықта бүгінгі заманауи технологияға негізделген құрал-жабдықтармен толыққан қабылдау – диагностикалық, жаңа туған сәбилерді жетілдіру, шала туған нәрестелерді оңалту, балалар реанимациясы сияқты бөлімдер ашылды, – дейді З.Ғадилқызы.
Перинаталдық орталықта геникологиялық сырқаттарды сауықтырудың кешенді қызметі көрсетіледі. Бедеулікке қарсы, жатыр ісіктерін жою және басқа күрделі оталар жасалады. Сонымен бірге, орталық базасында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын әйелдер емханасы жұмыс істейді. Емханада жүкті әйелдерге жан-жақты ақыл-кеңес берілуімен қатар, аурудың барлық түрлері бойынша медициналық көмек көрсетіледі.
Бас дәрігер Зайтуна Хамидуллинаның айтуынша, Астана қалалық №3 перинаталдық орталығында аяғы ауыр аналардың бала көтеру кезеңдеріндегі ауытқушылық үрдістерінің барлық түрлері бойынша шипалы ем жасалынатын көрінеді. Тіпті, мұнда медициналық зерттеулер бойынша бала көтеруге болмайтын әйелдерді емдеп, ана болу бақытын көруге жағдай туғызады екен. Орталықтың ота жасайтын бөлімшесі осы санаттағы ауруханалардың ішіндегі озық жабдықталған бөлімшелердің қатарынан саналады. Орташа алғанда мұнда күніне өздігінен босана алмайтын әйелдерге 6-7 ота жасалатын көрінеді. Өткен жылы №3 перинаталдық орталықта 1200 анаға ота жасалып, осыншама сәбиге жарық дүниеге жолдама беріліпті.

Астана қалалық №3 перинаталдық орталықта заман талабына қарай ғылыми ізденістерге кең жол ашылған. Орталық базасында Астана медициналық академиясының гинекология және акушерлік кафедралары жұмыс істейді. Бұл екі кафедрада білікті ғалым, профессор Галина Ахмедиянованың жетекшілігімен жас мамандардың ғылым жолындағы ізденістері шыңдалады. Міне, осындай жан-жақты ізденістердің нәтижесінде бұл орталықта әйелдерге лапароскопиялық ота жасау әдісі кеңінен қолға алынған. Мәселен, бұрын жатыр ісігін алып тастау үшін, бүкіл қарынды тілгілеп, ішті ақтаруға тура келетін. Енді, лапароскопиялық әдіс бойынша қарынға кішкене ғана тесік жасап, лазер арқылы жатыр ісігін жойып жіберуге мүмкіндік жасалады.
Орталықта мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға барынша көңіл бөлінеді екен. Өткен жылы №3 перинаталдық орталықтың бірқатар дәрігерлері Франция, Қытай, Ресей, Балтық жағалауы елдері сияқты, шет мемлекеттерде болып, кәсіби біліктілігін шыңдаған. Жақында Балтық жағалауы елдерінен осында бір топ ғалым мамандар келіп, орталықтың акушер-гинекологтары арасында шеберлік класстарын өткізіпті.
– №3 перинаталдық орталыққа Денсаулық сақтау министрлігі мен қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан шынайы қамқорлық жасалып келеді. Өткен жылы Астана қалалық әкімдігі мен қалалық денсаулық сақтау басқармасының тікелей көмегінің арқасында жаңа туған сәбилерді жетілдіру және жаңа туған шақалақтарды адам қатарына қосуға арналған бүгінгі ғылыми технологияның жоғарғы жетістіктеріне негізделген экстрокласты медициналық жабдықтар алдық. Орталықтың медициналық құралдармен жабдықталуы талапқа сай. Маман кадрларымыздың біліктілігі де жоғары. Сондықтан, біз сырқаты асқынған әйелдерді де, соңғы кезде толғағы ауыр аналарды да қабылдап қатарға қосып келеміз. Бұл біздің еліміздегі медицинаға деген Мемлекет басшысының шынайы жанашырлығының жемісі, – дейді орталықтың білікті басшысы Зайтуна Хамидуллина.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі республикалық орталықтың рейтингі бойынша, №3 перинаталдық орталықта ана мен баланың шетінеу оқиғасы болмаған. Жаңа туған балаларды жетілдіру, аналарды сауықтыру сапасы еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш дәрежесіне жеткен.
Кадрлардың біліктілігі жоғары болса, ортақ істің жемісі де мәуелі болмақ. №3 перинаталдық орталықтағы акушер-гинекологтардың 60-70 пайызы бір орталықта ұзақ уақыт қызмет атқарып, тәжірибе жинақтаған салиқалы мамандар көрінеді. Әрине, оқу орындарында алған білімдерін тәжірибемен ұштастыруға ұмтылған жастар да баршылық. Дегенмен, орталықтағы ана мен баланың денсаулығын сақтау жолындағы жоғары сапаға қол жеткізуде өз ісіне шынайы берілген, ұзақ уақыт осы орайда ізденісті жұмыс атқарған тәжірибелі мамандардың үлесі зор екендігі даусыз. Осы ретте Айгүл Дүйсембаева, Халида Шәріпова, Елена Тихомирова, Екатерина Конькова, Қарлығаш Ағыбаева, Бақыт Анапина, Әсия Смағұлова сияқты тәжірибелі дәрігерлердің, Жанар Шындалиева, Галина Трушевна, Наталья Ахрименко сияқты орта буын акушерлердің есімін ерекше атап өткен орынды. Бүгінгі көктем мерекесі, 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында өмірге адам әкелетін бұл абзал жандардың еңбегі одан әрі жана берсін.
«№3 перинаталдық орталық орналасқан ғимараттың салынғанына елу жылға жуықтапты. Осы ретте жаңа ғимаратқа көшу ойларыңызда жоқ па?», – деген сұрағымызға да бас дәрігердің жауабы тиянақты болды.
– Медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайту дегеніміз, ескінің бәрін сырып тастау емес қой. Міне, өздеріңіз көрдіңіздер, біздің орталықтың барлық бөлімшелері кірсе шыққысыз, сыңғырлап тұр. Бөлмелер таза, жарық әрі жылы. Мұның бәрі 2013 жылы қалалық әкімдіктің көмегімен жасалған күрделі еуропалық жөндеудің нәтижесі. Бөлімдердегі инженерлік коммуналдық қызметтің жұмысы да кідіріссіз. Шаруашылық жөніндегі орынбасарым Гүлнар Белгібаеваның тынымсыз қаракетінің арқасында біз коммуналдық жүйелердің тоқырауын сезіп көргеніміз жоқ, деді бас дәрігер.
– Біздің 500-ге жуық адам еңбек ететін ұжымымыз іскерлік пен ұжымшылдықты ұштастыра отырып, соңғы жылдары медициналық қызмет көрсетудің жоғары сапалық деңгейіне шықты. Бұл, ең алдымен, ұжымға басшылыққа келген Зайтуна Хамидуллинаның тәжірибесі мен іскерлігінің арқасы, – дейді осы сәтте әңгімеге араласқан бас дәрігердің емдеу шаралары жөніндегі орынбасары Айгүл Дүйсембаева.
Астаналық аяғы ауыр аналар арасында нәрестемді №3 перинаталдық орталықта өмірге әкелсем деген астарлы арман бар екен. Бұл – осы орталықтағы ана мен бала өмірінің арашашысына айналған тәжірибелі акушер-гинекологтар еңбегіне деген баға, шын мәніндегі ақ халатты абзал жандарға деген шынайы сенім. Өткен жылы осы орталықта дүниеге келген 7 мың сәби сол ақиқаттың айнасы болса керек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерде №3 перинаталдық орталықтың бас дәрігері З.Хамидуллина және орталықтан көрініс.