21 Мамыр, 2015

Форумнан форумға дейін

369 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Осы аптаның еншісіндегі елеулі оқиғалардың бірі – елордада өтетін VIII Астана экономикалық форумы болғалы тұр. Төрткүл дүниеден делегат жинап, ғаламдық ғалымдардың басын қосатын, Нобель сыйлығы лауреаттарын шақырып, жаһандық мәселелерді бірге отырып талқылайтын үлкен шараға еліміз биыл да өз деңгейінде дайындалып отыр. Жалпы, Астана экономикалық форумының негізгі қызметі әлемдік қоғамдастықтың және Қа­зақ­станның әлеуметтік-эконо­ми­калық, құқықтық, мәдени мәсе­лелеріне тиімді жауап іздеп, Қазақ­стан Үкіметі, АЭФ-ке қатысу­шы мемлекеттер үкіметтері үшін және «Үлкен жиырмалық» мем­лекеттерінің көшбасшылары үшін ұсыныстар әзірлеу екені белгілі. Астана экономикалық форумы – экономикалық міндеттерді тал­қылап, шешім шығаратын Еура­зиядағы бірінші үнқатысу алаңы. АЭФ-тің мақсаты әлемдік сарапшылар қауымдастығын жаһандық экономиканың ең өзекті деген мәселелері бойынша нақты шешім шығаруға жұмылдыру болып табылады. Форумда ірі шарттар мен келісімдерге қол қойылады. Форум жұмысының басты қорытындысы – әлем сарапшыларына жаһандық экономиканың даму бағыттары үшін нақты кеңес беру. Жыл сайын АЭФ Қазақстанның индус­трия­лық-инновациялық жобаларына миллиардтаған теңге инвестиция тартады. Бұл әлемнің ең ірі халық­аралық форумы Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей қатысуымен өткізіледі. Жыл сайын үзбей өткізіліп отырған мұндай форумның ел үшін де, әлем үшін де қажеттілігін аңғару қиын емес. Бұрын-соңды «Алтыншы фо­румға аз уақыт қалды», «Жетінші форумға дейінгі жол» деген сияқты тақырыптармен осы форумның мән-маңызын жүйелеп жазған едік. Енді, міне, кезекті VIII фо­рум­ды да шежіреге қосқалы отыр­мыз. Ендеше, жылдағы дәстүр­мен Астана экономикалық форум­дарының өткеніне тағы бір шолу жасап шығуды жөн санадық. Иә, Астана экономикалық фору­мы алғаш рет 2008 жылы ұйым­дас­тырылған болатын. Қазақстан Президентінің бастамасын жүзеге асыру үшін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Экономикалық зерттеулер институты сол жылы «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығын құрып, соның аясында «Жаһандану жағдайындағы экономикалық дамудың заманауи аспектілері» тақырыбында I Астана экономикалық форумын өткізген болатын. Бұл форумға саясаткерлер, экономистер, кәсіпкерлер және ғалымдар, әлемнің 40 елінен 400-дей адам, сонымен қатар, 100-ге тар­та БАҚ өкілдері қатысты. Ал 2009 жылы «Еуразияның жаһан­дық қатерлер жүйесіндегі эконо­микалық қауіпсіздігі» атты II Астана экономикалық форумында елордаға 59 елдің өкілдері келді. Форумға Қазақстаннан 900-дей, әлемнің 59 елінен 250-ден астам шетелдік қонақтар, Қазақстандағы шетел елшіліктерінен 74 өкіл жә­не халықаралық ұйымдардан 69 адам қатысты. 2010 жылы III Аста­на экономикалық форумы «Дағда­рыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты экономиканы құруды қамтамасыз ету» тақырыбында өтті. Бұл жолы форумға әлемнің 50-ден астам елінен 2000-нан астам саяси және іскер топ өкілдері жиналды. Сонымен қатар, жаһандық экономиканың дамуына байланысты өзекті мәселелерді талқылау үшін әлемнің жетекші ғалымдары, қоғам және БАҚ өкілдері қатысқан еді. 2011 жылы IV форум «Жаңа онжылдық: сын-қатерлер мен перспективалар» тақырыбын қамтыды. Форумға әлемнің 80-нен астам елінен 5000-нан аса қатысушылар келді. Бұл жолы барлығы 18 отырыс пен панелдік сессиялар өткізілді. Форум нәтижесі бойынша меморандумдарға және ынтымақтастық келісімшарттарына қол қойылды, сонымен қатар, G-20 мемлекеттері көшбасшылары үшін әлем экономикасын дамыту мен сауықтыруға байланысты ұсы­ныстар әзірленді. 2012 жылы «Жа­һандық экономикалық өзгеру­лер: сын-қатерлер және даму перспективалары» атты V Аста­на экономикалық форумы өткізіл­ді. Форумға әлемнің 93 елінен 8000-нан астам қатысушы келді. Форум барысында әртүрлі пішінде пленарлық және панелдік сессиялар, конференциялар мен конгрестер, жалпы, 55 іс-шара өткізілді. Нәтижесінде, 50-ден астам ын­ты­мақтастық келісімі мен мемо­ран­думдарға қол қойылды. Сонымен қатар, G-20 көшбасшыларына ұсыныстар әзірленді. Бұдан басқа, форумға республиканың 2000-нан астам студенті қатысып, Нобель сыйлығы лауреаттарының дәрістерін тыңдады. Ал VI Астана экономикалық форумы «G-Global форматында теңдестірілген эко­номикалық дамуды қамтамасыз ету» тақырыбын әлем назарына ұсынды. Осы форум мен тұңғыш Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференциясына «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы 136 мемлекеттен 12 мыңнан аса қатысушыны жинады. Форумға 35 қазіргі және бұрынғы министрлер, 40-тан астам халықаралық ұйым­дар­дың, корпорация мен кәсіп­орын­дардың жетекшілері, 10 Нобель сыйлығының лауреаты қатыс­ты. Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция кезінде жалпы 73 шара, соның ішінде, «G-Global форматында тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету» «Көшбасшылар диалогы» өтті. Тұңғыш Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция нәтижесі бойынша «Астана декларациясы» қабылданды. VI АЭФ-тың бизнес-форумдарының қорытындысы бойынша 2,7 млрд. АҚШ дол­лары сомасында әрі қарайғы ынты­мақ­тастық жайлы шамамен 80 келісім мен меморандумдарға қол қойылыпты. Ал өткен жылы жетінші рет өткізілген Астана экономикалық форумына әлемнің 139 мем­ле­кеттерінен беделді сарапшылар, белгілі саясаткерлер, экономика ғылымының көшбасшылары қа­тысты. Оның басты ерекшелігі, G-Global ақпараттық коммуни­кативтік алаңы негізінде белгіленген Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы қабылданды. Биылғы жылы форумда ең жо­ғары тиімділік пен мазмұнға баса назар аударылып отыр. Ұйым­дастырушылар талқыланатын мәселелер санын қысқартып, негізгі тақырыптарға басымдық берген. Небәрі екі күн ішінде 30 маңызды сессия өткізілмек. Бұл сессиялардың барлығы дерлік негізгі тақырып – экономиканың басым бағыты ретіндегі инфрақұрылымды дамы­ту мәселесіне арналады. Биыл­ғы Астана экономикалық фору­мының негізгі тақырыбы «Инфра­құрылым – экономиканың тұрақ­ты дамуының драйвері» деп аталды. Бұл форум – елімізге жаңа көлемді инвестициялар тартудың негізгі көзі. Қазақстан тікелей ше­тел инвестицияларын елдің индус­триялық-инновациялық дамуы­на тартып, кейбір арнайы эконо­микалық аймақтарды шетелдік серіктестердің басқаруына беруге ниетті. Ал жыл сайын АЭФ-те ең ірі деген шарттар мен келісімдерге қол қойылатындығын ескерсек, биыл да форумнан күтеріміз көп. Себебі, бұл форумға да инвесторларды тарту жөніндегі шаралар кешені мен ұсыныстар даярланды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».