Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Литва Республикасының Премьер-министрі Альгирдас Буткявичюспен кездесті. Екі жақ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.
Елорда әкімі екі елді байланыстыратын және қарқынды дамып жатқан түрлі салалардағы өзара ынтымақтастыққа тоқталып өтті. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымы 37%-ға артып, 436,5 миллион АҚШ долларын құраған. – Посткеңестік кеңістіктегі ағымдағы саяси жағдайға байланысты Қазақстан Литва өнімін Еуразиялық экономикалық одаққа өткізудің маңызды арнасы бола алар еді. Бұл тұрғыдан алғанда, біз ортақ кәсіпорындар ашуға мүдделіміз, ол үшін қалада «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы секілді тиімді алаң құрылған. Оған қатысушылар айтарлықтай кедендік және салықтық жеңілдіктерге ие болады, – деді қала басшысы. Атап өту керек, бір апта бұрын мемлекеттердің келісімдік-құқықтық қарым-қатынасына 15 жыл толды. Осы орайда, Литваның үкімет басшысы Астана мен Вильнюс арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, өзара ынтымақтастықтың одан әрі дамуына үміт білдірді. – Вильнюспен ынтымақтастық және жалпы литвалық кәсіпкерлермен байланыс орнату біздің тараптан үлкен қызығушылық тудырады. Әсіресе, қала шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы «ақылды» технологиялар сынды бағыттар бойынша қызығушылық бар. Бұл сапарыңыз Қазақстан-Литва қарым-қатынасына, соның ішінде өңіраралық деңгейде қосымша серпін беретініне сенімдімін, – деп қорытты сөзін қала басшысы.
«Егемен-ақпарат».