...облыс прокуроры журналистермен кездесті
Өткізілген баспасөз мәслихатында облыс прокуроры, әділет генерал-майоры Әбдіқадыр Кәрім үстіміздегі жылдың алты айында атқарылған қадағалау жұмыстарына тоқталып өтті. 2010 жылдың жарты жылында 1294 тексеру жүргізіліп, 12,5 мыңнан аса заң бұзушылық анықталды. Екі мыңдай адам түрлі жауапкершілікке тартылып, 16 қылмыстық іс қозғалса, 26 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етілді.
Прокурорлар шаруашылық пен әлеуметтік салаларға жасаған тексерулерінде көптеген қателіктерді анықтады. Әсіресе, өңір экологиясына зиян келтіргендер қадағалаудан тыс қалмады. Облыс прокуратурасының ұсынысымен қоршаған ортаға мөлшерден тыс эмиссия тастаған “Қостанай минералы” АҚ-тан мемлекетке 93 млн-нан астам теңге өндірілді.
Прокурорлар облыстағы қылмыстық ахуал және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес төңірегінде журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап қайтарды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
...“Заң және кәсіпкер” акциясы аяқталды
Қарағанды қалалық прокуратурасы, “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалы және кәсіпкерлер қауымдастығы бірлесіп өткізген бұл шара бизнестік құрылымдардың өз іс-қызметін жүргізудегі заңнамалық ережелер мен талаптарды сақтауы жайын анықтауға арналды.
Мұның алдында олардың тарапынан мемлекеттік органдардың белсенді қимыл әрекеттеріне әлі де бөгесін жасайтындығы тексерулердің азаймағандығы, тиісті құжаттар толтыруға көп уақыт кететіндігі туралы түскен арыз-шағымдар жан-жақты талданды. Акция қорытындысы кәсіпкерлерге баян етілді. Орын алған олқылықтарды жою жөнінде шаралар қарастырылды.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.
...АҚШ-тан алтын медальмен оралды
Өткен аптада АҚШ-тың Оклахама штатында волейболды отырып ойнаушылар, яғни, мүгедектер арасында әлем чемпионаты аяқталды. Осынау дүбірлі додаға Қазақстан командасы да қатысып, өз дивизионында жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Қазақстандық команда құрамында 8 атыраулық және 2 қызылордалық ойыншы сайысқа түскен еді.
Команда капитаны Бауыржан Тахауовтың айтуынша, қазақстандық волейболшылар чемпионатта алғашқы қатысушылар дивизионында сайысқа түсіпті. Өз тобында жеңіске жеткен қазақстандықтар ақтық сында Англия, Венгрия және Марокко командаларын 3:1 есебімен ұтып, әлем чемпионы атанды. Кеше қазақстандық команда құрамындағы атыраулық спортшылар алтын медальмен оралып, өңір жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді. Бұл команданың еншісіне былтыр жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесі тиген болатын.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.