23 Шілде, 2010

Көптен күткен оқулық

466 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанына 20 жылға жуық уақыт өтті. Тарих үшін қас қағым сәт. Осынау уақыт аясында Қазақ елі бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген толағай табыстарға жеткенін бүгінде әлем мойындады. Әрине, іркілістер де болмай қалған жоқ. Тәуелсіздік тарихын ғылыми ой-санамен қорыту қажеттігін қалың жұртшылық көптен бері айтып жүрген еді. Құрылғанына көп бола қоймаған Мемлекет тарихы инсти­ту­ты­ның ғалымдары Б.Аяған, Х.Әбжанов, Д.Махат даярлаған “Қазіргі Қазақстан та­рихы” оқулығы жақында жарық көріп, көп­тің күткен үдесінен шықты. Оқулықты қолға ала отырып, ондағы бірнеше ұтымды тұс­тарды байқадық. Біріншіден, Қазақстан тарихының бар­лық дәуірлерінің қамтылғаны. Алғашқы адам баласының қазақ жерінде пайда бол­ға­нынан тәуелсіз еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына кіріскенге дейінгі ара­лығындағы іргелі оқиғалар мен үдерістер, кү­рес пен жеңіс, тапқанымыз бен жоғалт­қа­нымыз мол деректік негізде баяндалыпты. Екіншіден, оқулық мазмұнының және көлемінің негізгі денін азаттық тарихы алып жатыр. Азаттықтың бастау бұлағы тереңде жатқанын жақсы ұғынған автор­лар горбачевтік “қайта құру” науқанына айрықша мән беріпті. Шынтуайтына келгенде, халық­тың азаттықты аңсаған әлденеше ға­сырлық арманы мен арпа­лысының діттеген мақсатқа жетер шағы қайта құруға дөп келгені рас. Демек, қайта құру жылдарын тәуелсіздіктің қарсаңы ретінде айшықтау қай тұрғыдан қарасақ та күрмеуі күрделі мәселенің болмыс-бітімін дәл көрсетеді. Азаттық тұсына арналған әр тараудың негізгі ой-түйіндеріне тоқталсақ, олар мынадай: саяси-мемлекеттік даму­дың басты қорытындысы қазақстандық мем­лекеттіліктің қалыптасуымен көмкері­луін­де; нарықтық қатынастарға көшудің бас­ты тағылымы-экономиканың қазақ­стандық үлгісінің дүниеге келуінде; әлеуметтік-мәдени үдерістердің түпкі көздегені – адамдардың әл-ауқатын көтеру мен жасампаздық қа­білетін ашуға септес­ке­нін­де; сыртқы саясат пен саяси бастамалардың мақ­сат-мүддесі ұлттық қауіп­сіз­дік пен елдің тұтастығын қам­тамасыз етуге қызмет етіп тұр. Қазақстан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тарихи миссиясын дәйектеуге ар­нал­ған тараудың арқалап тұрған жүгі ерекше. Тәуелсіз Қазақ еліндегі іргелі өзгерістердің қайсы­сында болмасын Президенттің қайталанбас қолтаңбасы бар. Оқулық авторлары осылардың ішінен жаңа елорда – Астананы қалыптастырудағы, мемлекеттік-стра­те­гия­лық басымдықтарды айқындаудағы Н.Ә. Назарбаевтың көрегендігін, кемеңгерлігін, мақсатқа жету жолындағы табандылығын үлкен жауапкершілікпен әрі біліктілікпен ашқан екен. Тарих – табиғи-ырғақты жүріп жатқан үдеріс ғана емес. Ол нақты уақыт пен кеңіс­тіктегі нақты адамдар мен тұлғалардың іс-әрекеті, ұмтылысы, қуанышы мен күйініші. Сөз қылып отырған оқулықта тәуелсіздік тағдыры мен тағылымындағы адам фак­торына методологиялық мән берілгенін атап өткен жөн. Конституция қабылдау және конституциялық реформалар, жоспарлы экономикадан нарыққа көшу, мәдени-рухани жаңғыру, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатта лайықты орын табу – бәрі адам қызметі арқылы баяндалған. Бұл – жаңа буын оқулықтың, біздің ойымызша, ең бір ұтымды ерекшелігі. Оқулық жоғары оқу орындарының та­рихшы емес мамандықтарында (бакала­вриат) оқитын студенттеріне арналған. Қо­сым­шасы ретінде “Хрестоматия”, типтік оқу бағдарламасы даярланды. Ендеше, тәуелсіз Қазақстан тарихын жоғары оқу орын­да­рын­да дербес пән ретінде оқытуға негіз қаланды де­ген сөз. Білім және ғылым министрлігі осы мәселені шеше алса, нұр үстіне нұр болар еді. Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,  тарих ғылымдарының докторы, профессор.