Мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағымен сабақтас жатқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының ел тарихында алар орны ерекше екені ақиқат. Қазақтың ұлт болып қалыптасуында ерекше мән-маңызға ие сол тарихи кезеңдерді жаңғырту арқылы елдің рухын көтеріп, санасы жаңаратыны тағы анық.
Кеше Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарымен танысты. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев дүбірлі тойға дайындық жұмыстарды рет-ретімен талдап айтып берді. Жалпы, бұл бағыттағы іс-шаралар мерейтой тұжырымдамасына сәйкес жүруде. Жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін облыста 275-ке жуық іс-шара өткізіліп, оған 82 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл мерейтой өте қарапайымдылығымен, өнегесімен елдің есінде қалатын болады. Қыркүйектің 17-18 жұлдызында Тараз қаласының төрінде тойланғалы отырған дүбірлі мерекеде «Қазақ хандығы» мемориалды монументі салтанатты түрде ашылмақ. «Тараз-Арена» спорт кешені ғимараты белдеуінде Тәуке хан көшесінің бойына орналасқан бұл кешеннің аумағы 3,5 гектарды құрайды. Сондай-ақ, мереке «Көне Тараз» археологиялық саябағы мен «Ежелгі Тараз» мұражайының салтанатты ашылуымен жалғасуы тиіс.
Әйтсе де, елдігімізге сын болатын осы мерейтойға дайындық барысы алаңдатарлық екенін ашық айтуға тура келеді. Облыстық әкімдік әлі күнге бұл жобалардың бір де бірінің қаржыландырылуына толық қол жеткізе алмаған. Бүгінгі күні «Қазақ хандығы» мемориалды монументіне бюджеттен қаржы бөлінбегеніне байланысты конкурс өткізілмеген. Сондай-ақ, құрылыс-монтаж жұмыстары мен мүсінді сатып алуға да қаражат көздері анықталмаған.
Ал этномәдени орталық құрылысына – 1 млрд. 259 млн. теңге, «Ежелгі Тараз» мұражайына – 932 млн. 307 мың теңге қажет болса, республикалық бюджеттен әлі күнге қаржы бөлінбепті. Бұл, әрине, қомақты қаржылар. Облыс бюджетінің шамасы жетпейтіні анық. Бірақ, мерейтойға байланысты майда ірілі-ұсақты өзге шаралардың да бірде-бірінің қаржысының әлі күнге шешілмей, тұйыққа тіреліп тұрғаны тіптен ойға қалдырады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы шығарылған кітаптардың тұсаукесеріне (10 млн. теңге), республикалық ақындар айтысын өткізуге (31 млн. теңге), «Текті сөздің төресі – терме» республикалық терме конкурсын өткізуге (20 млн. теңге), облыстық өлкетану мұражайының көрме залын реэкспозициялауға (20 млн. теңге) және басқа да бірқатар қаржылардың тағдыры әлі күнге белгісіз. Облыс басшыларының бұл бағытта іскерлік таныта алмай, тек жоғарыдан келетін қаржыға ғана қарап отырғаны байқалады. Қаладағы ірі әлеуметтік маңызды мәдени орындар мен орталық стадионның айналасын жөндеу бойынша ұлттық компаниялар мен министрліктерге қаржылай қолдау көрсету туралы ресми хаттар жолданып, «Мәңгілік Ел» корпоративтік қоры ашылыпты. Бірақ, бүгінгі күнге дейін қорға небәрі 19,2 млн. теңге ғана түскен. Мерейтойдың мерзімі тіптен қысып келеді, небәрі үш айдан сәл-ақ асатын уақыт қалды. Енді жоспарланған жобалар іске аса ма, жоқ па? Әзірге бұл сұраққа жауап беру қиын.
Сонымен, әл-әзірге болашағы күмәнді болып тұрған этномәдени орталық пен «Ежелгі Тараз» мұражайының құрылысына облыстық бюджеттен 60 млн. теңге бөлініп, алғашқы жұмыстар басталып та кетті. Мерейтой күні Тұңғыш Президент саябағында этноқалашық жасалып, Қытайдың Сиань қаласынан өткен жылдың қыркүйегінде шыққан «Ұлы Жібек жолындағы мәдениет» атты керуен Тараз қақпасынан кіреді деп жоспарлануда. Керуен құрамында 136 түйе, 10 ат арба, 25 автокөлік және 100-ден аса керуенші бар.
Биылғы жылдың қаңтар айында осынау мерекелік іс-шараларға басқа да аймақтардың атсалысуы мәселесі бойынша барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары мен бас сәулетшілері Тараз қаласында бас қосқан болатын. Қазақ хандығының 550 жылдығы бір тараздықтарға ғана емес, бүкіл елімізге ортақ той емес пе? Сондықтан, еліміздің 14 облысы көмекке келіп, көне қаланың той өтетін жерлерін абаттандыру, жаңарту, көркейту жұмыстарын жүргізуді міндеттеріне алды. Бүгінде 7 облыс, нақтырақ айтсақ, Атырау, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстары жұмыстарын бастап та кетті. Бұл облыстардан келген кәсіпкерлер Тараз қаласындағы саябақтарды қайтадан жаңғыртып, көше-даңғыл бойларын абаттандырып, бірнеше жерден жаңа скверлер салып, ескерткіш орнатады. Бұл жұмыстарға олардың алды 102 млн., соңы 32 млн. теңгеге дейін қаржы жұмсауды жоспарлап отыр. Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев сапар барысында Қостанай және Қызылорда облыстары қолға алған Қарахан кесенесі маңындағы аллея құрылысымен танысты.
Әрине, Жамбыл жұрты да дайындық жұмыстарына бір кісідей жұмылып кірісіп кетті. Жамбыл облысындағы 17 басқарма мен 10 аудан әкімдеріне Тараз қаласының 26 орталық және магистральды көшелері бекітіліп берілді. Бүгінде бұл көшелерді абаттандыру, гүлзарлар егу, жаяу жүргіншілер жолдарын қалпына келтіру, жарық шамдарын орнату және жеке сектордағы үйлердің қоршауларын жөндеу сынды жұмыстар басталып кетті. Сондай-ақ, жоспар бойынша осы көшелерде орналасқан 305 көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін сырлау жұмыстарына 200 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылды.
«Жыл сайын көне тарихымызды түгендеуге, зерделеуге жан-жақты мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіп келеді. Елбасы Н.Назарбаев: «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» деп баса көрсетуі өткенімізге ізет, бүгінгі ұрпаққа зор мақтаныш екені анық. Елбасымыз жақында ғана халықтың ақшасын аста-төк мерейтойларға жұмсамау керектігін жақсы айтты. Шынында, шамадан тыс ақша шашу арқылы тойды адамдардың санасында қалдыра алмайсың. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау арқылы біз елдігімізді, бірлігімізді, жетістігімізді көрсетуіміз қажет. Той – бір күндік. Әп-сәтте өтеді де кетеді. Тойға жасалған дүниелер ертеңгі күні елдің қажетіне жарауы тиіс. Сондықтан, бәрін ақылмен шешіп, өте ұтымды ойластыруымыз қажет», дейді Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев.
Бұл күні Премьер-Министрдің орынбасары, сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасы мен Тараз химия-техникалық колледжінің жұмысымен танысып, дәрігерлер және ұстаздармен әңгімелесті. Бұл балалар ауруханасы ғимаратының пайдалануға берілгеніне екі жылдың жүзі болды. Жаңа ғимарат, жаңадан жабдықталған бөлмелер, жап-жаңа медициналық құрал-жабдықтар ақ халатты жандардың жұмысына тың серпін бергені анық. Ал Тараз химия-техникалық колледжі өңірдегі химиялық өндірістерге мамандарды қайта даярлау мен біліктілігін көтеру мақсатында ашылып, өткен жылы пайдалануға берілген болатын. Нысанның жалпы аумағы 4 гектарды құрайды. Дәл қазір бұл білім ошағында 438 оқушы 12 мамандық бойынша білім алуда. Орталық заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталып, оқу орнында 81 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Колледж өңірдегі 12 ірі кәсіпорынмен келісімшарт жасап, дуалды жүйемен білім беруде.
Сапар соңында қорытынды жиын өтіп, онда облыстағы білім саласын қаржыландыру, еңбекақыны қысқартпау және уақтылы төлеуге байланысты түрлі кәсіпорындармен жасалған меморандумдар мәселесі және Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындық жұмыстары кеңінен әңгіме болды. Тағы да айтамыз: ел тарихындағы ерекше оқиғаға дайындық жағдайы алаңдатпай қоймайды. Бұл жағынан қарағанда Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың облысқа сапары кезінде осы мәселеге баса назар аударғаны, орын алған олқылықтарды қалған уақытта жою керектігін қатаң талап еткендігі көңілге үміт ұялатады.
Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.
Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.